24 Мамыр, 2011

Қазақ күресі – әр құрлықта

469 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Осы күндері Литваның Паланга мен Шауляй қалаларында күрес түрлеріне арналған симпозиум мен ІІ Еуропа ойындары өтуде. Оған Қазақстаннан Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығының президенті Серік Төкеев бастаған бапкерлер мен мамандар қатысуда. Палангада өтетін жиында  Серік Адамұлы қазақ күресінің тарихы, оны дамыту жолдарына арналған бір сағаттық баяндама жасайтын болса, Шауляйда өтіп жатқан ІІ Еуропа ойындарында қауымдастық өкілдері жарысты өткізуге көмектесіп, қазақ күресін еуропалықтарға насихаттау жұмыстарын жүргізетін болады. Осы екі үлкен шараға барар алдында Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығының президенті, еңбек сіңірген жаттықтырушы, профессор, Білім беру ісінің үздігі, Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернаттың директоры Серік ТӨКЕЕВПЕН кездесіп, Литваға сапарының мақсаты, онда көтерілетін мәселелер туралы әңгімелескен едік. – Алдымен былтыр Астанада өткен әлем чем­пио­натынан кейін қазақ күресін дамытуда қандай жұмыстар істелгенін айтып берсеңіз. – Көп жұмыс істелді. Соның ішінде ең бастысы деп  әлем чем­пионатынан кейін күресі­міздің FILA-ның мүшелігіне кір­генін айтар едім. Осы ұйымның президенті Рафаэль Мартинетти өзі басы-қасында болып, әлем чемпионатына жоғары баға беріп кетті. Қазақ күресінің жақсы күрес екенін, оның ережелеріне жылы сөздерін айтты. Бірақ өзінің ұсыныс-тілегін де жасыр­мады. Мысалы, ол қазақ күре­сін жылдамдату керектігін, дзюдода балуандар 5 секөнт қана ұстап тұра алатынын, әйтпесе шидо берілетінін ескертті. Рас, бізге ауыр салмақтағы балуандар күресіне жылдамдық керек деп ойлаймын. – Литваның Паланга мен Шауляй қалаларында күрес түрлеріне арналған шараларда қандай мәселелер көте­ріледі? – Паланга қаласында өтетін симпозиумда қазақ күресінің тарихы оның даму жолдары туралы бір сағаттық баяндама жасаймыз. Істелген жұмыстар мен жоспарларымызды айтатын боламыз. Симпозиумда негізінен қазақ күресін насихаттау, оны дамыту үшін Азия, Еуропа, Америка елдерінде федерация ашу мәселесін көтереміз. Қазір осы құрлықтардың біраз елдерінде федерацияларымыз бар. Онда командалар құрылған. Ал Америкада Алмас Мұсабеков деген жігіт қазақ күресінен ко­ман­­да дайындап жатыр. Шяуляй қаласында ІІ Еуропа ойындары өтеді. Оған 30 команда, 240 балуан қатысқалы жатыр. Біз оған осы ойындарды өткізуге көмектесу үшін барамыз. Бұл жарысқа тек Еуропа елдері ғана қатысады. – Биыл бұдан басқа қандай жарыстар өтеді? Жаңа командалар мен жаңа елдерді көре аламыз ба? – Осы жылы Дүниежүзілік студенттер жарысы өтетінін білесіздер. Біз соған қазақ күресінің ауыр салмақтағы балуандарын қос­қалы отырмыз. Содан кейін төрт жылда бір рет келетін Тафийлік ойындар өтеді. Соған да­йындаламыз. Спорт – аккорд деген ойын да бар. Оны биыл Қы­тай­да өткізу жоспарлануда. Оған таэквандо, дзюдомен қа­тар, қазақ күресін де қатыстыруды жоспарлауда. Енді өздеріңіз білесіздер, біз жыл сайын Азия чем­пио­натын өткізіп келеміз. Оны биыл Қытайда немесе Иранда өткізу ой­да бар. Содан кейін күзде Түр­кия­ның Анталья қаласында Әлем кубо­гын өткіземіз. Оған 9 команда қатысуға өтініш білдіріп отыр. Екі команда Еуропадан, екеуі Африкадан, үшеуі Азиядан, тағы Океаниядан командалар болады. – Африкада қазақ күресінен чемпионат өткізу деген жақсы жаңалық екен. Ол қай жерде, қай кезде өтеді? – Бұл чемпионатты біз Әлем ку­богы алдында, соған екі команданы іріктеп апару үшін өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол Тогода өтеді. Сол жерде африкалықтарға қазақ күре­сін үйретіп, оларды дайындап, Антальяға апаратын боламыз. – Литвада қазақ күресі ту­ралы кеңірек мәлімет береді екен­сіз. Енді төл күресіміздің та­ри­хына қысқаша тоқталып өтсеңіз. – Қазақ күресінің тарихы ұлты­мыздың өмір тарихымен тығыз байланысты. Балуандардың күш сынасуы ат жарысы, ақындар ай­тысы сияқты қазақ халқы өнерінің ажырамас бір бөлігі болып сана­лады. Қазақтар күш иесін «алып», «толағай», «балуан» деп атап оны ерекше қасиет қонған адам ретінде таныған. Уақыт өте келе күрес өнері халықтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі ретінде дами отырып, кейіннен жеке спорт түрі­не айналды, үлкен-үлкен жарыс­тар ұйымдас­тырылатын болды. – Қазақ күресінің қандай тәрбиелік маңызы бар? Оның ерекшеліктері қандай? – Оның тәрбиелік маңызы зор. Қазақ күресі ұлттық на­мыс­ты тула­тып, көрерменге ас­қан шабыт сый­лайтын құдыреті биік күрес екенін білеміз. Қазақ күре­сінің тари­хына үңілсек, оның сан қилы қы­зықтарын кездестіруге бола­ды. Ертеде қазақтар той-то­ма­лақ думанда немесе халық жи­налған жиындарда ұйымдас­ты­рылған жек­­­­пе-жектерде балуан­дар­дың сал­­­мағын өлшеп жат­па­ған. Қар­сы­ласыңа қарсы тұрар­лық күш-қуатың бар болса болғаны, кілемге білек сыбанып шыға берер еді. Өткен ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бірінші жар­тысында сайын дала төсінде сайран салып, салтанат құрған ба­ба­ларымыз Иманжүсіп, Балуан Шо­лақ, Қажымұқандар күш-қуа­тымен бірге, ақыл-парасаты­мен, ақындық-әншілігімен де ерек­ше­леніп, нағыз ұлт мақта­нышына айнала білді. Қажы­мұқан баба­мыз төрткүл дүние­нің ең мықты деген балуан­дарын тізе бүктіріп, өз зама­нын­дағы кәсіби балуан­дық­тың биік шыңына көте­рі­луімен қа­тар, «Мұсылман әлемі­нің бас балуаны» деген атаққа ие бол­ды. Ал Балуан Шолақ Бай­мырзаұлының 51 пұт кір тасын (816 кило) көтеріп, бір қора қойдың қотанындай жерді айна­лып келуі еріксіз таңқалдырады. Әңгімелескен  Дастан КЕНЖАЛИН.