Сарытоғай ауылында тату-тәтті тұратын он бір ұлттың өкілі осы қағиданы берік ұстанады
Махамбет ауданында Сарытоғай деген ауыл бар. Жанында сылаң қағып Жайық өзені ағып жатыр. Осы ауылдың тұсынан екі ғасырдан астам бұрын Исатай-Махамбет батырлар бастаған сарбаздар қыста Жайық өзенінің мұзына киіз төсеп өткен. Ұрпақтан-ұрпаққа көнекөз қариялардың аңызға бергісіз әңгімелерімен жеткен сол жерге белгі орнатылыпты. Тарихи орын екені осылай ғасырдан-ғасырға жалғаса береді. Батыр бабалардың мұздан өткен жеріне ауыл адамдары балаларын ертіп жиі келеді. Тек қазақтар емес, өзге ұлт өкілдері де жер тарихына қанығудан бас тартпайды.
Өзге ұлт демекші, Сарытоғайда бір емес, он бір ұлттың өкілі тұрады. Орыс пен кәріс те, неміс пен грек те, башқұрт пен болгар да, татар мен венгр де, кабардин-балкар да қазақ халқымен біте қайнасып, аралас-құралас тұрып жатыр. Орыс отбасыларына жиен болып келетін бір-бірден кішкентай итальян және түрік балалары да Сарытоғайдың топырағында балалық балдәуренін алаңсыз өткізуде. Жылдар жылжыған сайын ауыл тұрғындарының бір-бірімен әзілі жарасып, төс түйістірген құдандалы болуы жиілей түсуде. Мәселен, кәріс, неміс, татар ұлтының өкілдері қазақтан қыз алып отыр. Ал ұлты неміс Валерий Розиновтің үш қызы да қазақтың ер мінезді жігіттерімен көңіл жарастырыпты. Венгр ұлтының өкілі Александр Лозахтың қызы қазақтың жігітіне тұрмысқа шықса, Сергей Бобровпен отау құрған Роза есімді татар қызының келіндері де қазақтың арулары. Қазаққа қыз беріп, қыз алысқан өзге ұлттың өкілі көп мұнда. Бірақ, ынтымағы жарасқан ауылда бір-бірін ұлтқа бөліп жүрген ешқайсысы да жоқ.
Қай ұлт өкілімен тілдессеңіз де қазақ халқының тіліне шорқақтық танытпайды. Керісінше, мақалдап, астарлап сөйлегенде қала қазақтарын далада қалдырады. Қазақша ән айтып, тілді құрметтеу бағытында өтетін конкурстық шараларға осы ауылдан қатысып жүрген отандастарымыз көп. Соның бірі болгар қызы Кикаева Лилия бұдан бірнеше жыл бұрын қазақ тілінен облыстық олимпиадаға қатысып, бірінші жүлдені иеленген. Тіпті, Астанада өткен республикалық олимпиадада жүлделі орынға ие болған Марина Исаулова деген орыс қызының да қазақ тілінде сөйлегенде шаң қаптырардай шамасы бар.
Мереке күндері жақындағанда ауылдың әр тұрғыны жанып түседі. Бір-бірімен өнер сайысына түсіп, ән айтады, би билейді. Ауылдың үлкендері достық пен ынтымақты, береке мен бірлікті әңгіме өзегіне айналдырады. Әр тілде ән шырқалады. Бұл ауылдың тұрғындары шетінен өнерлі десе болғандай. Мәселен, Людмила Боброва үш тілде – қазақша, орысша, ағылшынша мүдірмей сөйлейді. Қазақша ән шырқағанын көрсең Людмиланың. “Саржайлаудан” бастап, қазақтың басқа да әндерін нақышына келтіре орындағанда тілінің жатықтығына куә болғанбыз бір жылдары. Болгар ұлтының өкілі Дора Мұхамеджанованың әншілігіне де ешкімнің таласы жоқ. Ол ән айтқанда тыңдаушысын саз ырғағымен елітіп, бірде шырқау шыңға шығарады, бірде су төгілмес жорғаға мінгендей күйге түсіреді. Осы ауылда тұратын бірден-бір соғыс ардагері Ризуан Сейтжанов деген қарияның биі өзгелерден алабөтен. Жасы сексеннен асқанына қарамастан, аяғы аяғына жұқпай, шыр көбелек айналып билегенде, талай жанның делебесін қоздырып, таңдайын қақтырады. Өзі билеп қана қоймай, ауылдың баршасын “дөңгелетеді”. Осындай өнерлі жандардан үлгі алған жастар да ән айтуды, би билеуді үйренуге бейім. Ауыл балалары білім алуға құштар. Былтыр мектеп бітірген түлектер арасынан 12 оқушы білім гранттарына ие болып, Атырау, Орал қалаларындағы жоғары оқу орындарына түсіпті.
Осы аптада Сарытоғай ауылының тұрғындары “Менің Отаным – Қазақстан!” деп аталатын дөңгелек үстел басындағы шарада басқосты. Бұл Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналғандықтан, оған ауылдағы барша ұлттың өкілі атсалысты. «Бұл – бейбіт өмір мен ынтымақты ту еткен қазақстандықтар үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі. Біз үшін бірлік пен береке, достық пен татулық қасиетті ұғымдар. Бүгінде елімізде әр ұлттың салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілін жетілдіруіне қолдау жасалуда. Біз мұның бәріне Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі татулықты нығайту, сөйтіп ішкі тұрақтылықты орнықтырудағы стратегияны дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің нәтижесінде қол жеткіздік. Көпұлтты Қазақстандағы татулықтың мысалын Сарытоғай ауылдық округінен көруге болады», дейді округ әкімі Орынша Хайрекешова. Басқосуда Қазақстандағы халықтар татулығы хақында әңгіме өрбіп, достық туралы, Отан туралы әндер шырқалды. Ақындар өлеңі оқылып, әр халықтың ұлттық биі биленді. Кейінгі ұрпаққа еліміздегі ішкі тұрақтылықтың мән-маңызы кеңінен түсіндірілді. Әр ұлттың өкілі сөз алды. Соның бірі Вера Ротнова былай деді:
– Қазақстан – менің Отаным! Өйткені, Махамбетте кіндік қаным тамды, мектепті де содан бітірдім. Ал Сарытоғайда 1948 жылдан бері тұрамын. 1950 жылы осындағы балабақшаға жұмысқа орналасқан едім. Тәрбиеші де, меңгеруші де болдым. Сол кездің өзінде Сарытоғай балаларының барлығы дерлік балабақшаның тәрбиесін көрді. Ұлтқа бөлінбеуші едік. Жергілікті халықпен де, өзге жерден көшіп келген ұлыстар өкілдерімен де тату болдық. Міне, біздің Сарытоғай ауылындағы сол татулық, ұлттар арасындағы достық 60 жылдан бері жалғасын тауып келеді. Себебі, мұндағы отбасылар арасында бірнеше ұлттан құралғандары көп. Соның бірі – біздің отбасымыз қазақ, кәріс, дағыстан, орыс ұлтының өкілдерінен құралғанмен татумыз. Көрші-көлеммен де достығымыз, ынтымағымыз берік. Балаларымыз да біздің татулығымыздан үлгі алады. Қазақстанның дамуына, өркендеуіне еңбек етсек дейді. Бір немерем Елбасының «Болашақ» бағдарламасымен Лондонда білім алды. Енді таңдаған мамандығымен жұмысқа орналасты.
Вераның ағынан жарыла айтқанына құптайтындардың қатарында «Алтын алқалы» ана, башқұрт қызы Закира Қапанова да бар. Оның жасы қазір 84 жасқа келіпті. Осы ауылда тұрғалы 63 жылдың жүзі ауыпты. «Қазақстанда тұрмыс құрдым. Балаларымызды өсірдік. Еңбек еттік. Енді зейнетін көріп отырмыз. Рас, кезінде қиындық көрдік. Өз тілімізді, салт-дәстүрімізді жаңғырта алмап едік. Қазір, әсіресе, Отанымызға айналған Қазақстанда бәрі басқаша. Әр ұлттың, әр ұлыстың тарихын тануына, тілін дамытуға, салт-дәстүрін кейінгі ұрпағына аманаттауына еш кедергі жоқ. Себебі, біздің Қазақстан – әлемдегі конфессияаралық, ұлтаралық келісім мен татулығын, адамзаттың бейбіт өмірін көздейтін Нұрсұлтан Назарбаевтай прогресшіл Көшбасшысы бар бірден-бір ел. Біздің, қазақстандықтардың басты байлығымыз – татулық пен достық! Біз бүгінгі жасампаз істерімізді бірліктің арқасында одан әрі жалғастыра аламыз» дейді мерзімінен бұрын өткен президент сайлауында отбасындағы 8 адаммен бірге сайлау учаскесіне өзі барып дауыс берген 84 жастағы З. Қапанова.
Ал болгар ұлтының өкілі Феодора Мұхамеджанова Қазақстанға 1944 жылы жер аударылғанда 13 жаста екен. Балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келіп, еңбекке ерте араласқан. Қаршадай қыздың ауыр еңбекке араласқанына жаны ашыған басшылар оған сыйақы тағайындапты. «Осы ауылда еңбекке араластым. Черноусов деген басшымыз «он үш жастамын» дегеніме сенбеді. Балалығымды ескерген шығар, осы кісі маған сыйақы бергізіп еді. Құспан Қисықбасов, Қартжан Қуанов, Мәжит Құспанов басшылық еткенде де ешкімді алалау болған емес. Әсіресе, Қуановтың тұсында жұмысымыз өрге басты. Еңбекке құлшынып тұрушы едім. Жұмыс жоспарымды артық орындағандықтан ба, әрдайым басшылар тарапынан сыйақы алып жүрдім. Осы ауылда татар жігіті Вакас Мұхамеджанов екеуміз үш ұл, төрт қыз өсірдік. Бір қызым орыс жігітімен жұптасса, екі ұлым қазақ қыздарына үйленді. Біз, сарытоғайлықтар өте татумыз. Қуанышта да, қиындықта да бірге боламыз, бір-бірімізді демейміз» дейді ол.
Сарытоғайлықтар Райса Есаулованы «кіндік шеше» дейді. Әке-шешесі осы аудандағы №11 ауылға келгеннен кейін, 1935 жылы Райса өмірге келіпті. Орта мектепті қазақша бітірген Райса медбикелік орта білім алыпты. Содан бері Сарытоғайдағы акушерлік пунктте 25 жылдай меңгеруші болып еңбек еткен. Сол жылдары Сарытоғайдағы отбасыларда іңгәлаған бөбектердің кіндігін кесіпті. «Содан мені бәрі «кіндік шеше» атады ғой», дейді өткен күндерін ой елегінен өткізген ол. «Кіндік балаларымның бәрі жоғары білім алды. Әр саланың маманы, араларында дәрігер де, инженер де, мұғалім де бар. Әлі күнге құрметтейді. Әсіресе, жастары 60-қа таялса да Мұрат Қоржынбаев, Айгүл Мақсотова, Руслан Әжіғалиев, Нұрлыбай Әжіғалиевтердің сыйластығы тіптен бөлек» дегенді және қосып қойды аналық мейірімін төге сөйлеген Р.Есаулова. Қазір оның ұлы қолында, ал қызы Ресейде тұрады.
Мұндағы тұрғындардың тағдыры әр- қилы. Мәселен, Владимир Горбузов 6 жасында сонау Қырымнан осында келген. Содан бері табан аударған жоқ. Ольга Сертаева қазақтың шаңырағына жүрек жылуын төгіп отыр. Көршілес Топайлы ауылында өмірге келген татар қызы Елена Салимова бұл күндері украин ұлтының отбасына қыз беріпті. «Құдам – украин, құдағайым – кәріс ұлтынан. Бірақ біздің арамызда ешқашан кикілжің болған емес. Алда да болмағанын қалаймын. Бұл – біздің ең басты тілегіміз» дейді қазақ жерінен бақытын тапқан жандардың бірі Е. Салимова.
Үлкендер арасындағы татулықтың кейінгі ұрпаққа жалғасуының дәнекеріндей болып жүрген ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәли Рақымжанов «Сарытоғайым –мақтанышым. Біз қайда барсақ та ұлтқа бөлінуді білмейміз. Біз – сарытоғайлықтармыз. Бір-бірімізге сыйластығымыз берік орныққан. Мәселен, екі жыл бұрын болгар қызы Феодора Мұхамеджанованың жолдасы бақилық болды. Күйеуі татар ұлтынан еді. Ол әйеліне мұсылманша жерлеуді аманат еткен екен. Феодора сол аманатын орындады. Еске алу кәделерін өткізді, Құран шығарды. Бұл – бір шаңырақтың астындағы адамдардың бір-біріне сыйластығы, аманатына қиянат жасаған жоқ. Бұл – көпке өнеге боларлық сыйластықтың белгісі» дейді.
Бұл әрине, ауылдағы өзара түсіністіктің берік орнығуынан болса керек. Ауылдағы түсінік жұмыстарын жүргізуде ақпараттық-насихаттық орталықтың орны айрықша екенін айтқан жөн. Орталық 2003 жылы ауданда алғашқы болып, осы ауылда құрылған. Оған алғашқыда мектеп директоры Серік Қапашев жетекшілік етіпті. Қазір оны Орын Тасимова басқарады. Орталықтың 4 топқа біріктірілген 20 мүшесі бар. Мақсат – Мемлекет басшысының саясатын, елдегі реформалар барысын әр тұрғынға мейлінше ұғынықты етіп түсіндіру, семинарлар өткізіп, халықтың мемлекеттің келешегіне сенімін арттыру.
Елбасының биылғы халыққа Жолдауында айтылған мәселелердің әрқайсысын ауыл жұртшылығына насихаттап отырған осы орталықтың мүшелері. Ақпараттық-насихаттық орталыққа ауылдағы 1802 тұрғынның ауызбірлігіне қылау түсірмей, өзара татулығын, ынтымағын бекемдеуге жұмыстанып жүрген округ әкімі Орынша Хайрекешованың тарапынан зор қолдау жасалып отыр. Әкімнің өзіндік іс-тәжірибесі де бар. Сол себептен болар, бұл ауыл атына сын айтылып көрген емес. Керісінше, ауылдағы оннан астам ұлттың ынтымағы, игі бастамалары газет тілшісіне де жетіп жатады. Сондай бастаманың бастауында ауылда 14 шағын ауданның құрылуын айтуға болады. Округ әкімі Орынша Хайрекешованың айтуынша, әр шағын ауданның атаулары сан алуан: Абай, Жайық, Балабақша, Бақ, Мектеп, Емхана болып жалғаса береді. Әр шағын ауданға 20-30 үйден бөлінген, әрқайсысының қоғамдық негіздегі басқарушыларын таңдауға тұрғындар белсене атсалысқан. Тұрғындар қолдайтын, айтқанын тыңдайтын басқарушылар әр шағын аудан халқының жағдайын терең зерттеп, кімге қандай көмек қажеттігін анықтап отырады. Көше, аула тазалығын қадағалап, үлкендерді жастарға өнеге көрсетерлік істерге жұмылдырады. Әрине, мұнымен округ әкіміне атқарар шаруа жоқ екен ғой деген пікір туындамауы керек. Бар міндетті шағын аудан басқарушыларына жүктеп, қол қусырып отырған әкім жоқ. Халықтың қуанышына бірге қуанып, мұңайса бірге мұңаяды. Бұл ауылда мұңнан гөрі қуанышты сәттер көп. Өйткені, мұндағы он бір ұлттың бір-бірімен жарасымды әзілі бар. Татулығына сына бойламайды. Демек, ынтымағы жарасқан ауылдың келешегі кемел, түтіні түзу ұшарына кепілміз.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы, Махамбет ауданы.