Менің атам Дәлелхан Сүгірбайұлы Шығыс Түркістан қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысын басқарушылардың бірі ретінде тарихта қалған тұлға. Атам 1949 жылы Бүкілқытайлық бірінші құрылтайға бара жатқанда қасындағы серіктері –автономияның басшылары Ахметжан Қасыми, Ысқақбек Мүминов, Әбдікәрім Аббаспен бірге ұшақ апатынан қайтыс болған еді. Оның артында Пәтіхан, Бөкейхан, Шыңғысхан, Білікхан, Табысхан атты ұлдары қалды. Мен Бөкейханның қызымын.
Кішкентайымыздан Қытай жерінде ата-анамыздың атажұртқа деген ынтызарлығын, олардың жүрек түбінде шымырлап жатқан сағынышын аңғарып өскендіктен, біздің де есіл дертіміз үнемі Қазақстан болатын. Ал жалпы атамекенге деген сүйіспеншілік сезімі ешқандай да ауыздықтауға көнбейтін іңкәрліктен – бір көрсем, топырағын бассам, ауасын жұтсам, суын ішсем, дәмін татсам деген толып жатқан армандардан тұрады. Сол арман жетелеп, мен де 1998 жылы отаныма келдім.
Қытайда Пекин ұлттық консерваториясын тәмамдасам, елге келгесін Роза Жаманова апамыздың аялы алақанының жылуын сезіндім. Аспирантурада оқып, білімімді толықтырдым. Секен Тұрысбеков аға өзі құрған «Ақ жауын» ансамбліне әншілікке шақырды. Осы ансамбльмен Астанаға гастрөлге келіп, одан Астанада қалуға Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың көмегі тиіп, елге өнерімді көрсетуге мүмкіндік туды. Осының барлығы тауқыметті жылдарда жер бетіне бытырап кеткен бауырларын жинай білген Елбасымыздың арқасы. Шет жерде жүрген қаншама қазақ атажұртына оралды, қал-қадерінше еліне еңбек етіп, тәуелсіз Отанымыздың бір кәдесіне жарасақ, соған жаным садаға дейді. Ел болу үшін осыдан артық не керек.
Былтырғы жылы еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы болғаны өзімізге белгілі. Сонда Вена қаласында төрағалықты қорытындылау жиналысының аясында өткен Қазақстан өнер шеберлерінің концертіне қатысуға барғанбыз. Осы сапарда жүргенде маған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілгенін естідім. Қалай қуанбассың. Қай адам да төккен тері бағаланып жатса марқаяды емес пе, ал өнер адамы үшін оның орны тіптен бөлек. Шабытың шалқып, шығармашылығымды одан әрі дамытсам, халқыма өнерімді көрсетсем, шыңдала түссем дейсің.
Мен үшін ең бір мәртебелі нәрсенің бірі – шет мемлекеттерге Қазақстан атынан барып ән айтуым. Өнердің арқасында алыс-жақын шетелдердің біразын араладым. Айтайын дегенім, өзге елдің адамдары қазақ өнерін тамашалап, біздің керемет ұлттық киімдерімізге таңғалып, қазақ музыкасына қол соғады, жаным сонда қуанышқа бөленеді. Шынында біздің ұлттық киімдеріміздегі, әуен-сазымыздағы бояуларымыз ешбір классикалық туындыдан кем еместігін өзіміз де білеміз ғой, ал соны өзгелер мойындап, қолдарын соғып, концерттен кейін пікірлерін айтып жатқанда, туған халқың үшін марқайып тұрасың.
Шүкір, біз атажұртын аңсап, сағынышын жүрегінің түбіне түйген аталарымыздың арманын жүзеге асырып, бабаларымыздан мирасқа қалған қасиетті жерге табаны тиген, осында келіп, тәуелсіз елім бар деп марқайған ұрпақпыз. Қытайда жүргенде арманымның ең биік асқары – елге келіп, қазақ жұртын әніммен сусындату болатын. Арманым орындалды, еліме жеттім, биік-биік сахналардан ән салып жүрмін. Мен үшін әнімді сүйіп тыңдап, қолдау көрсеткен туған еліме өнеріммен қызмет етуден артық бақыт жоқ.
Гүлзира БӨКЕЙХАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.