Елімізде Тәуелсіздіктің ақ таңы атуымен қатарласа Маңғыстауда «Халық бірлігі» қоғамдық бірлестігі өмірге келген-ді. Аймақ адамдарын достық пен бірлікке, бауырластыққа баулып отырған орталықтың өкілдері бірлестіктің үйінде сол жылдары Елбасының өзі болып ақ жол тілеп, қолдау көрсеткенін де мақтан етеді. Сол бірлестіктің бүгінгі таңдағы тынысы жайлы оның төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Юсуп ШАХШАЕВТАН сұраған болатынбыз.
Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіз Қазақстан – біздің ең қымбат, ең асыл құндылығымыз» деп жиі айтады. Бұл құндылық – кең-байтақ елімізді мекендейтін ұлттар мен ұлыстардың бірлігі нәтижесінде берекелі бейбіт мемлекет болуымыздың, Қазақстан халқының топтасқандығының, терең тамырлы достығының, патриотизмнің арқасында қол жетіп отырған құндылық екені даусыз. Және де осы бір асыл құндылығымызды көздің қарашығындай сақтап, қадір-қасиетін терең түсіну баршамыздың азаматтық парызымыз екендігін зерделей түсудің маңызы зор. Оның осы деңгейде зерделеніп келе жатқаны да рас. Түсіністіктің еліміздегі билік пен Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласында қалыптасуы қазіргі әлемдік өркениет тарихында да ерекше маңызға ие. Олай дейтініміз – Қазақстан халқы Ассамблеясы толеранттылықты, азаматтық қоғамды нығайтып жетілдірудегі мемлекеттік саясат пен қоғамдық бірлестіктер қызметін ел мүддесі үшін толыстырып, тоғыстырып отыр. Және де еліміздің татулық пен тұрақтылықтың мекеніне айналуына үлкен үлес қосып келеді. Мұны біз Маңғыстау облысында Тәуелсіздіктің ақ таңымен қатар елімізде алғаш құрылып, оған Елбасының өзі сәт сапар тілеген «Халық бірлігі» қоғамдық бірлестігіне қарасты 20 этно-мәдени бірлестіктердің күнделікті жұмысынан анық байқаймыз.
Аталған бірлестіктің жұмысы бірден ойдағыдай жүріп кетті деу артық болар. Дегенмен, басшы азаматтардың көмегі, жалпы аймақ халқының қонақжайлығы, кеңпейілдігі, береке-бірлікке деген талпынысы жұмысқа серпін, алдағы күнге деген сенім бергені шындық. Осы ретте біраз жылдар бірлестік басшысы болған, аймақтың абыройлы ақсақалы, Ақтау қаласының құрметті азаматы Жаздырхан Сейдалиев бастаған ардагерлеріміздің еңбектері атап айтуға тұрарлықтай. Облыс әкімінің қолдауымен әкімдіктің ғимараты ішінен әрбір этно-мәдени бірлестікке бар жағдайы жасалған жеке-жеке бөлмелер берілді. Басқа да қажетті көмектерден кенде емес. Осы орайда халық сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Минзиля Байбулатова басқаратын «Салават» татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігі мен Фатима Биркле жетекшілік ететін «Алан» осетин этно-мәдени бірлестігінің, Раиса Маденова басқаратын республикалық «Қазақстан корейлері ассоциациясы» облыстық филиалының, Құрбанали Ғазизбеков басқаратын қырғыздардың «Ала-тоо», Эргаш Сұлтанов жетекшілік ететін өзбектердің «Пахтакор» этно-мәдени бірлестіктерінің жұмысын ерекше атап айтар едім.
Аталған бірлестіктердің бәрі де Ақтауда өтетін қоғамдық-мәдени іс-шаралардың ешқайсысынан шет қалмайды. Халықтар достығының қасиетін дәріптей отырып, өз ұлттарының салт-дәстүрін, тілін жас ұрпаққа үлгі етіп ұсынады. Ортақ үйімізде болашағымыз үшін күш-жігермен жұмыс істейтін білімді, белсенді патриоттар тәрбиелеуге үлес қосуды ойлайды. Жалпы, ұлттық бірлігімізді одан әрі нығайтуға жұмыстанады.
Ендігі бір маңызды мәселе – осыған дейін де айтылып келе жатқан баршамыз үшін қастерлі, көкейкесті мемлекеттік тіл мәселесі. Ол – барлық қазақстандықтарды жақындастыра түсетін, адамдар арасындағы сенімді нығайтатын қазақ тілі. Бұл ретте Ақтауда жыл сайын өтетін тіл байқауына, конкурстарға этно-мәдени бірлестіктер мен облыстағы ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің белсене қатысып, мемлекеттік тілге деген құрметтерін көрсетулері көңіл қуантады.
Осы жылы еліміздегі саяси науқан – президенттік сайлау тұсында этно-мәдени бірлестіктер мүшелері Елбасы кандидатурасын қызу қолдады. Ал күні кеше Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІІ сессиясында Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтар санын 80 пайызға, ал 2020 жылға қарай одан да көп пайызға жеткізуді мақсат етіп отырмыз» деген сөзін қуана құптаймыз. Бұл дегеніміз – жай ғана қазақ тілін меңгеру емес. Мұны өзіміз өмір сүріп отырған елдің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін терең біле түсудің жолы деп түсінеміз.
Аталған сессияда Ұлт көшбасшысы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі биылғы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында атап өтілетін үлкен мейрамдардың бірі екендігін атады. Сондай-ақ бұл мереке біздің еліміздің барлық этностарын бұрынғыдан да жақындастыра түсуге тиіс екенін көлденең тартты. Соған орай біздегі мерекелік шаралар 23 сәуірден бастау алды. Бұл жолы біздер облыс орталығында ғана емес, аудан, қалаларға арнайы дайындалған концерттік бағдарлама, ұлттық салт-дәстүрлерді, достықты насихаттайтын көрмелер мен стендтер жасақтадық. Ақтаулық студент-жастардың қатысуымен «Бір шаңырақтың астында» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылса, 20 этномәдени бірлестік киіз үй тігіп әзірлеген әр ұлттың қол өнері, ұлттық тағамдары байқауы ойдағыдай өтті.
Аты айтып тұрғандай, «Халық келісімі» бірлестігі үшін де ұлтаралық достық, татулық, түсіністік аса қажет. Өйткені, сонда ғана халқымыз аман, еліміз тыныш болатынын біз жақсы білеміз. Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы ұлтына, нәсіліне, ұстанатын дініне қарамай, «Менің Отаным – Қазақстан» деп өмір сүрсе, ертеңіміздің нұрлы болатыны күмәнсіз.
Жазып алған Жоламан БОШАЛАҚ.
Ақтау.