Шығыс Қазақстан облысындағы Бородулиха ауданындағы «Ауыл» бақылау бекетінен 1410 тасбақаны контрабандалық жолмен Ресейге алып өтпек болған Д. Ермеков деген біреу ұсталды.
Ішкі істер департаменті қызметкерлерінің тексеруі кезінде бейкүнә жәндіктердің ит арқасы қиянға Жамбыл облысынан жеткізілгені анықталып, Шығыс Қазақстан облысының «Жас Отан» жастар қанатының белсенді өкілдері тасбақаларды туған жері – Жамбыл өңіріне жеткізуді ұйғарады. Өйткені жылы жақта өмір сүруге дағдыланған жәндіктер шығыстың қатал табиғаты жағдайында мезгілсіз көз жұмулары мүмкін еді. Қауіп еткендей, 430 тасбақа жайсыз ауа райына шыдамапты, ал қалған 988 тасбақа жақында Жамбыл облысына аман-есен жеткізілді. Сөйтіп ұзақ жолдың азабын тартқан тасбақалар Көделі жайылымына жіберілді.
– Біз өзімізге тапсырылған міндетті орындап, тасбақаларды жол-жөнекей жас нәрестедей күттік, – деген Шығыс Қазақстан облыстық жастар және балалар ұйымдары қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Ольга Бобрышеа.
Тасбақалар арқылы пайда тапқысы келген Д. Ермековтің мекен-жайы туралы әзірге нақты дерек жоқ. Шығыс Қазақстан облыстық ІІД мәліметі бойынша оның жасы кәмелетке толмапты. Бүгінде табиғат қаскөйін анықтау бойынша қосымша тергеу-тексеру жұмыстары жалғасуда.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
Жамбыл облысы.