Оңтүстікте ел құлағын елеңдеткен орны ерекше дүбірлі той өтті. Олай дейтін себебіміз, биыл қазақтың даңқты ұлы, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының дүниеге келгеніне – 140, Ел Тәуелсіздігіне 20 жыл толады. Қос бірдей мерекені өз деңгейінде атап өтуді жөн көрген мәрт азаматтарымыз қазақ күресінен халықаралық жарыс ұйымдастырды. Жүлдеге 10 темір тұлпар тігіп, ұлттық спорттың мәртебесін бір көтеріп тастады. Дүбірлі доданың ашылу салтанатында облыс әкімі Асқар Мырзахметов: «Қазақтың даңқын әлемге танытқан Қажымұқан атамыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайтыны анық. Бүкіл ел болып «дала батырының» аламан күрестердегі жетістіктерін дәріптеп, елім деген есіл ердің тау тұлғалы бейнесін қалыптастыру мақсатында ірі жарыс ұйымдастырып отырмыз. Сіздерге батыр бабамыздың жеңісті жолы жұғысты болсын», – деп балуандарға сәттілік тіледі. Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығының президенті Серік Төкеев байрақты бәсекені ұйымдастыруға қолдау білдірген облыс әкіміне «Қазақ күресіне қосқан үлесі үшін» медалін тапсырды.
Халықаралық жарыста Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан елдерімен қатар, еліміздің 14 облысынан және Астана, Алматы қалаларынан келген 215 балуан бақтарын сынады. Күш атасы Қажымұқанның турнирінде топ жару әрбір білекті жігіттің арманы екені даусыз. Оның үстіне қазақ күресіне әр салмақта күнде көлік тігіліп жатқан жоқ. Боз кілем маңында бой қыздырып жүрген әлем чемпионы Мәди Құрымбаевпен тілдескенімізде: «Жыл сайын өтетін жарыстың биылғы деңгейі өте мықты. Жүлделері тым қомақты. Балуандар әлем біріншілігіне қатысатындай болып дайындалып келіпті. Тіпті, күресті қойып кеткен кейбір жігіттердің өзі жаттығуға кірісіп, «нартәуекел» деп осы жарысқа қатысуға ниет білдірді», – деді.
Шынында да бұл жарыста соңғы кездері боз кілемде көрінбей жүрген шеберлер төбе көрсетіп, жүлделерді сарапқа салды. Екі күнге созылған тартысты белдесулердің нәтижесінде Р.Үсенбеков (ОҚО), А.Құлжанов (Жамбыл), А.Қайырбаев (ШҚО), М.Құрымбаев (ОҚО), М.Тұрсынов (ШҚО), Н.Бегасылов (ОҚО), Д.Алтангерел (Моңғолия) сынды спортшылар топ жарып, бір-бір «темір тұлпардан» мініп қайтты.
Қазақ күресінің ең қызығы һәм төресі «түйе балуандар» белдесуінде. Жамбыл облысының атақты балуаны Бейбіт Ыстыбаевтың бағы жанды. Алдымен өзбек Ш.Арсылановты жеңген Бейбіт жартылай финалда моңғол алыбы Д.Алтангерелмен белдесті. Жанкүйер көңілі алаңдаулы. Қос балуан да сыр берер емес. Тіресіп, оңтайлы сәтті аңдып жүр. Дегенмен, ел қолдауынан қуат алған Бейбіт Қажымұқан жарысында қазақ жігіттерін алып та, шалып та жығып келе жатқан моңғолды белбеуінен ұстап жоғары көтеріп, боз кілемге гүрс еткізді. Қапыда қалған Давануан қазақтың мықтылығын мойындады. Нұрзат Бегасылов та жарады. Ол еш үзіліссіз үш белдесу өткізіп, қарағандылық, түркістандық қарсыластарын таза жеңіп, жартылай финалда алматылық шебер Алкей Асылбекпен жолы түйісті. Өзінен 50 кило ауыр тартатын Бақыт Көлбайдан басым түскен Алкей осал емес-тін. Арыстанша алысқан қос мықтының белдесуінде Нұрзаттың бағы жанып, финалға жолдама алды.
Қызықтың көкесі финалда болды. Бастапқыда күресуге құлық танытпаған Нұрзат көпшіліктің қызу қолдауымен өзінен 35 килодай ауыр қарсыласы Бейбітті 5 рет «бүк» әдісіне түсіріп, жұртшылықты дүр сілкіндірді. Дегенмен, оңтайлы сәтте ептілік танытып, қарсыласынан сәл-пәл басым болған Бейбіт Ыстыбаев Қажымұқан турнирінің «түйе балуаны» атанып, облыс әкімі Асқар Мырзахметов тіккен су жаңа «Нива» автокөлігінің иегері атанды.
Осылайша қазақ даласын дүбірге бөлеген балуандар белдесулері де өз мәресіне жетті. Жарыстың жабылу салтанатында қазақ күресінің еңбек сіңірген бапкерлері мен облыстық мәслихаттың депутаттары және кәсіпкерлер оза шапқан саңлақтарға жүлде тапсырды. Бұл ретте Қажымұқандай алыптың әруағы үшін өз аттарынан автокөлік тігіп, қаржылай көмек көрсеткен Н.Құрманбеков, Н.Әбіш, Ж.Ағабеков, Қ.Бекбосынова, С.Сейтжанов, А.Сопбеков, Е.Тәңірберген, А.Бердаш, Б.Нақыпбеков сынды кәсіпкерлер мен Ордабасы ауданының әкімі Ш.Кенжеевтің, облыстық қазақ күресі және самбо күресі федерациясының ерен еңбектерін үлкен құрметпен айтуға тиіспіз. Әр салмақта жеңімпаз атанған спортшылар өздеріне тиесілі «темір тұлпарларын» тақымға басса, жеңімпаздардың бапкерлеріне де ақшалай сыйлық берілді. Күміс жүлдегерлер – 500, ал қола жүлдегерлер 250 АҚШ долларына ие болды.
Сондай-ақ бұл күні оңтүстіктің мәрт жігіттері жарыстың бас төрешісі, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші, профессор Ерғали Мұхитдинов пен Темірландағы «Қажымұқан» мұражайына бір-бір автокөлік сыйлап, құрмет көрсетті. Жарысқа келген қонақтар мен спортшылардың бәрі жаны жайсаң оңтүстік жұртшылығының қошеметі мен қонақжайлығына үлкен ризашылықтарын білдірді. Ал осы сайысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға үлес қосқан облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы П.Қырықбаев Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығының «Қазақ күресіне қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Ғабит САПАРБЕКОВ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.