ІV республикалық патриоттар форумы Қостанайда осындай ұранмен өтеді
Қостанайда «Күшіміз – бірлікте!» деген ұранмен «Менің Қазақстаным!» атты ІV республикалық патриоттар форумы болады. Оған еліміздің барлық өңірлерінен екі жүзден аса қонақтар келеді. Форумға Мемлекеттік гербтің авторлары Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов, Парламент депутаттары, Үкіметтік емес ұйымдар мүшелері және жастардың арман бейнесі Бекзат Саттархановтың ата-анасы Сейілхан Саттарханұлы мен Сырлыкүл Шойбекова сияқты басқа да мәртебелі, құрметті қонақтар қатысады деп күтілуде.
Екі күнге созылатын жиынның бағдарламасы да бай. Форум басталмай тұрып Қостанайға Қазақстанның өзге облыстарынан жеткен делегациялар мүшелері екі күн бойы қаланың көрікті жерлері мен музейлерін аралайды. Жас ұрпаққа патриоттық, отансүйгіштік тәрбие беруде басты кепілдің де, құралдың да бірі еліміздің, халқымыздың тамыры тереңде жатқан тарихын білу екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Қостанай өңірі еліміз тарихының үлкен бөлігін құрайтын өлке. Арыдан қозғасақ, Қостанай-Торғай аймағы халқымызға әрі батыр, әрі мәмілегер Шақшақ Жәнібектен бастап, әлемдік ғылымда орны бар ғалым Шоқан Уәлихановты, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринді, Алаш арыстары Ахмет Байтұрсыновты, Міржақып Дулатовты, Елдос Омаровты, қоғам қайраткері Ілияс Омаровты, Серке, Елубай, Қапан сияқты қазақ театр өнерінің алыптарын, тағы басқа ақын-жазушыларды, күміс көмей әншілерді берген құнарлы топырақ. Қостанай қонақтары облыстық тарихи-өлкетану және Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейлерінен, көркемсурет галереясынан, қаладағы орыс-қазақ театрларынан өңірдің тарихы мен бүгінгі мәдениетіне қанығады.
Қостанай – өндірісті және астықты өңір. Оның сапалы астығының даңқы бұл күнде Қазақстанмен қатар одан да сырт жерлерге белгілі. Республика бойынша сыртқа шығаратын астық пен ұнның басым бөлігін Қостанай береді. Өткен жылы үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде облыста он жоба іске қосылды. Экономика дамығанда әлеуметтік салаға мол мүмкіндіктер ашылатыны анық.
Патриоттар форумы ұлт ұстазы, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың ескерткішіне, Жеңіс паркіндегі мәңгілік отқа, 30-шы жылдарғы саяси қуғын-сүргін құрбандарына, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар
және ядролық сынақтан зардап шеккендерге арнап қойылған обелискілерге гүл шоқтарын қоюмен басталады. «Қостанай облыстық жастары Алтын кітабының» тұсаукесері де көпшілікке осы форумда ұсынылады. Айта кету керек, оқу мен еңбекте, ғылымда, өнерде үздік табыстарымен көрінген жастардың есімін алтын әріптермен тіркеп отыратын мұндай жоба тек Қостанай облысында ғана бастау алған.
Жастардың Рудный қаласына сапары да көңілдердегі отансүйгіштік сезімді байыта түсері хақ. Кен алыбы карьерінің өзі адам қолымен жасалған керемет болып табылады. Қонақтар кеншілер қаласындағы балалар үйінде, түзету мектебіндегі шараларға қатысады, «Менің балалық шағымның аспаны» фильмін тамашалайды. Форум шаралары эстрада жұлдыздарының концертімен айшықтала түсетін болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.