04 Маусым, 2011

Бомбалау тыйылар емес

412 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Жұма күні НАТО күштері Ливия басшысы Муамар Каддафидің ел астанасы Триполи мен оның маңа­йын­дағы әскери нысандарына ондаған соққы жасады, деп хабарлады Ассошиэйтед Пресс агенттігі. Агенттіктің атап көрсеткеніндей, авиасоққылар осы апта ішіндегі ең қуатты соққылардың бірі болған. Осы жөнінде мәлімет берген үкімет өкілінің айтуынша, шабуыл таңертең­гі­сін ерте жасалған. Әзірге қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы мәліметтер келіп түспеген көрі­неді. Бір белгілісі, альянс әскерлері қалада Каддафи ғана емес, бейбіт тұрғын­дардың да бар екендігін ескермей отыр. Есірткіні насихаттады деп айыптады Ресейдің есірткіге бақылау жасау жөніндегі қызмет басшысы Виктор Иванов БҰҰ-ның Есірткіге қарсы саясат жөніндегі жаһандық комиссиясын есірткіні насихаттап отыр деп айыптады. РИА Новости агенттігінің хабар­лауын­ша, Иванов мұндай мәлімдемені аталған комиссия мүшелерінің есірткі заттарының бір бөлігін ашық айналымға шығару туралы үндеуіне түсінік бере отырып жа­са­ған. Есірткінің бір бөлігін ашық айналымға шығару туралы баяндама 19 маманның, қоғам қайраткерлері мен сая­саткерлердің қатысуымен әзірленген болатын. Олар ұзақ жылдар бойы есірткіге қарсы жүргізілген күрестің миллион­даған адамдардың ажалына себепкер болғанын, ақшаның шығындалғанын айтып, есірткімен күресушілердің жеңіліс тапқанын мәлімдеген. Сапасыз вискиден уланған Түркияның ауыл шаруашылығы министрлігі ресейлік туристердің теңіз саяхаты кезінде улануына сапасыз вискидің себепкер болғанын растады. Аталған ведомство ресейліктердің круиз барысында пайда­лан­ған алкогольді ішімдіктеріне мұқият талдау жасай келіп, оның құрамында метил спиртінің нормадан үш есе көп екенін анық­таған. Қолдан жасалған виски Түркияға Солтүстік Кипр­ден жеткізіліп, «Бирлык Гыда» компаниясы оны Анкара, Анталия, Мугле және Мерисне қалаларында саудаға шыға­рыпты. Түркияда 12 мыңға жуық шөлмек сатылып та кеткен көрінеді. Вискиді сатумен жасырын фирманың айналысқаны да белгілі болып отыр. Сириядағы дағдарыс шиеленісіп тұр Өткен бейсенбі күні Растан қала­сын­да үкімет әскерлері қарсылық ак­циясына шыққандарды тыныштан­дырмақ болған уақытта кем дегенде он бестей адам қаза тапқан. Бұл жөнінде сириялық азаматтық белсенділер мәлімдеп отыр. Қалада интернет, ұя­­лы бай­ла­ныс өшіріліп, су құбырлары қаңтарылып, электр қуатын беру тоқ­татылған. Солдаттардың айтарлықтай қатаң әрекеттерге бар­ға­ны­на қарамастан, әзірге шерулер басылмай отыр. Құқық қорғау­шы­лардың мәліметтерінше, соңғы үш күнде ғана 60 бейбіт тұрғын­ орын алған оқиғалардың құрбаны болған. Қарсылық білдірушілер бұрынғысынша ел президенті Башар Асадтың отставкаға кетуін талап етуде. Арсеналда болған жарылыс Удмуртиядағы қару-жарақ арсеналында орын алған жарылыстан екі адам қаза тапқан. РИА Новости агенттігінің хабарынша, бұл туралы республи­ка­ның денсаулық сақтау министрі Владимир Музлов хабарлаған көрінеді. Оның айтуынша, адамдардың қайтыс болуына жары­лыс әсерінен туындаған стрессті жағдай себепкер болыпты. Әлі де жарылыс жалғасып жатқан арсенал Удмуртияның Малопургин ауданындағы Пугачев селосында орналасқан. Қазіргі уақытта 45 адамның зардап шегіп, 18 адамның ауруханаға түскені белгілі болып отыр. Бір адам із-түзсіз жоғалып кеткен көрінеді. Торнадо тегеуріні Американың Массачусетс штатының үстінен жүріп өткен торнадо салдарынан кем дегенде төрт адам қаза тауып, 200 адам дене жарақаттарын алған. Алапат дауылдың жүріп өткен жолында 18 қала мен деревнялар қатты бүліншілікке ұшыраған көрінеді. Бостон қаласынан батысқа қарай 150 шақырым жердегі 140 мыңдай тұрғыны бар Спрингфилд қаласы қатты зардап шеккен. Торнадо ағаштарды түбірімен жұлып алып, кейбір үйлердің іргетасы мен қабырғаларын да ұшырып әкеткен. Қазіргі кезде әскерилер мен полицейлер құтқару жұмыстарын жүргізуде. Уланған судан қауіп бар «Фукусима-1» апатты АЭС-те 100 мың тоннадан астам уланған судан тұратын көл жинақталып қалған көрінеді. Оның құрамындағы радиоактивті зат­тар 720 мың терабеккерель деп ба­ғаланып отыр. Екі апта ішінде осынау уланған су­лар­дың жерге сіңіп кетуі мүмкін. Ма­мандарға радиоактивті судың ағынын тоқ­татудың сәті түспей тұр­ған көрінеді. «Фукуси­маның» төменгі мекен-жайлары мен техни­ка­лық құдық­тарында барлығы 105 мың тоннадан астам радиоактивті сулар жи­нақталып қалған. Егер жаңбыр жауа берсе 15 мау­сым­ның өзінде-ақ радиоактивті тасқынның сыртқа бұзып шығу қаупі де жоқ емес. Зейнеткер президент болып сайланды Елдегі ең бай зейнеткер Андрис Берзиньш Латвия президенті болып сайланды. Екінші турда оған 53 депутат өз дауыстарын берген көрінеді. Осылайша елдегі саяси дағдарысқа нүкте қойылады деген үміт бар. Осыдан бір апта бұрын өзінің жеңілетінін білген Затлерс сеймді таратып жібермек болған еді. Бірақ президенттің демократияға қайшы деп саналған әрекеті Латвияда ғана емес, сонымен бірге одан тыс жерлерде де сынға ұшырады. Ақырында оның өз жоспарынан бас тартып, парламенттің қазіргі құрамында президент сайлауын өткізуге келісім беруіне тура келген. Енді Затлерс депутаттарды таратып жібермегеніне өкініш білдіретін сыңайлы. Интернет материалдары негізінде әзірленді.