Брюссельде құрамында сенатор Р.Ахметов, Мәжіліс депутаты С.Тоқпақбаев және З.Алшымбаев, Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Е.Өтембаев бар қазақстандық делегация Еуропа Парламентінің вице-президенті Либор Ручекпен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Еуропарламент арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағы талқыланып, кейбір аймақтық мәселелер мен халықаралық жағдай қарастырылды.
Қазақстан тарапынан жасалып отырған әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды жоғары бағалай отырып, Л.Ручек Еуропарламенттің Қазақстанмен байланысын әрі қарай нығайтуға мүдделілігін танытты. Оның пікірінше, 15-16 маусым күндері Брюссельде өтетін ҚР-ЕО парламенттік ынтымақтастық комитетінің 10-шы отырысы ҚР мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың жан-жақты дамуына айтарлықтай үлес қосатын болады.
Мұнай өндіру көлемінің ұлғаюына байланысты тараптар теңіздегі мұнай барлау мен бұрғылау жұмыстары барысында ортақ экологиялық стандарттар қабылдау мен теңіз экологиялық тұтастығын сақтау жөнінде тұрақты түрде тәжірибе алмасу туралы ортақ пікірге келді. Сонымен қатар, заңнамалық норма мен ортақ өндірістік стандарттарды жетілдіру бойынша тәжірибе алмасу өзекті болып табылады.
Әңгімелесуші тараптар Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қолдау мәселесін де қозғады. Еуропа Парламенті вице-президенті Ауғанстан мен аймақтың және әлемнің басқа да елдеріне қажеттілік туындаған жағдайда келісілген әскери емес көмек көрсету маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Егемен-ақпарат».