Парламент Мәжілісінде «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес төрайымы, Мәжіліс депутаты Айткүл Самақова 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Астанадағы Балалар үйінің бір топ оқушыларын Ақмол ауылында орналасқан «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне тағзым етуге алып барды.
Олар алдымен Кеңес Одағындағы мыңдаған жеке адамдар ғана емес, түгелдей халықтар тағдырын қиған тоталитарлық тәртіп құрбандарын бір минут үнсіз еске алып, 7000 адамның аты-жөні жазылған еске алу қабырғасына гүл шоқтарын қойды.
Содан кейін балалар «Қақаған суық «АЛЖИР» деректі фильмін көріп, «Құпия сандық сыр шертеді», «ГУЛАГ балалары» деп аталған көрмелерді қарады. Көрме негізі мұражай қызметкерлерінің ғылыми экспедициялары кезінде Орынбор, Мәскеу, Омбы, Алматы, Ташкент, Қызылорда қалаларынан жиналған. «АЛЖИР» лагері тұтқындарының тағдыры тақырыбын ашатын фотоқұжаттар, хаттар және олардың жеке заттары қойылған. КСРО-да талайдың өмірін тозаққа айналдырған 953 лагерь болса, соның үшеуі еліміз аумағында құрылды. Осындағы атынан адам шошырлық «АЛЖИР» лагері КСРО-дағы әйелдер қамалған жалғыз азаптау орны болды.
– Мемлекет тарихтың ақтаңдақ беттері халық санасынан ұмытылып кетпеуі үшін, жастардың бойында Отанға, ұлтқа деген ұлан-ғайыр сүйіспеншілік сезімі қалыптасуы үшін бәрін жасап жатыр. Бүгінгі сендермен бірге тоталитарлық тәртіп құрбандарын еске алып жатқанымыз соның бір көрінісі, – деді балалармен болған әңгімеде Айткүл Самақова.
Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист
Суреттерді түсірген Сайлыбай МАЙЛЫБАЕВ.