ПАРЛАМЕНТ «Егемен Қазақстанның» арнаулы беті
Бүгінгі таңда біздің қоғамды өз-өзіне қол жұмсайтын жастардың көбейіп бара жатқаны толғандырып отыр. Бұл тақырып – адамзат баласы үшін өте өзекті. Біз үшін әрбір адамның тағдыры қымбат. Кейде біздің суицидке қатысты көзқарасымыз да дұрыс емес сияқты көрінеді. Айталық, бір адам өзіне өзі қол жұмсаса, оған аяушылық білдіріп жатамыз. Ал Англияда мүлдем басқаша. Олар өзіне өзі қол жұмсаған адамды аямайды. Ұлыбританияның заңы бойынша, бір бала сондай қадамға барса, қылмысқа барды, әке-шешесіне ұят келтірді деп есептейді. Яғни, өзін өзі өлтіру – қылмыс. Бірақ кейбір балалар өзіне қол жұмсауы арқылы ата-анамды жазаладым деген қате түсінікте болады. Сондықтан Англияда баланы кішкентай кезінен ондай қылмысқа бармау үшін тәрбиелейді. Әңгімелесіп отырып түсіндіреді. Соның оң нәтижесі де бар. Англияда өзіне өзі қол жұмсайтын адамдардың саны өте аз. Кейде мұндай қадам жасағандарды айтқанда ауа райына, табиғатқа байланысты болады деп жатады. Айталық, Англияның ауа райы үнемі түнеріп тұрады емес пе? Бұл мәселенің мәні өте тереңде жатыр. Біз балаларды тыңдап тұрсақ та, кейде олардың дауысын естімей қаламыз. Сондықтан әр баламен пікірлесіп, оны не мазалап жүргенін білуіміз керек. Әлеуметтік саланың қызметкерлері балалармен жүйелі жұмыс жасағандары дұрыс. Психологтар қандай деңгейде жұмыс істейді, әдіс-тәсілдері бар ма? Мектептердегі тәрбие ісі жөніндегі меңгерушілер қандай қызмет атқаруда? Бүгінгі таңда мектеп инспекторлары қалай жұмыс істеуде? Олардың барлығы жалпылама тәрбие беруге баса көңіл бөледі де, ал өзіне өзі қол жұмсау мәселесіне жеткілікті деңгейде назар аударып жүрмеген сияқты. Өздері жасаған жұмыстарына есеп берулері керек. Өмірден түңіліп жүрген балаларды ерте анықтау қажет. Көптеген зерттеулерге қарасақ, өз-өзіне қол жұмсаған балалар тірі кезінде «Өмір сүргім келмейді» деген сияқты әйтеуір бір адамға өзінің жағдайын айтады екен. Оған көп жағдайда дер кезінде мән берілмей қалатыны анық. Қай уақытта да әрбір қатерлі жағдайдың алдын алу керек деп жатамыз. Өз-өзіне қол жұмсаудың да алдын алуымыз қажет. Егер бір бала немесе ересек адам қабағы түсіп, көңілі құлазып жүрсе, оған қолұшын беруге, жанын емдеуге ұмтылғанымыз абзал. Әр адам дәрігер секілді ауруды емдей алмаса да, жақсы сөзімен, ақыл-кеңесімен адам жанын емдей алады. Біз осыған терең мән бермей жүрміз. Көп мәселе тәрбиеге байланысты. Біздер – ересек адамдар осыған аса жауапкершілікпен қарағанымыз жөн. Ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүріміз, діни ұстанымдарымыз арқылы балалардың санасына кішкентай кезінен бастап өз-өзіне қол жұмсаудың қылмыс екенін, өз ғұмырын ғана қиып қоймай, ата-анасын орны толмас өкінішке қалдыратынын айтып түсіндіруіміз қажет. Сонымен бірге, бүкіл әулетіне қара дақ келтіретінін жеткізуіміз керек. Әдетте жергілікті жерде жұмыс орындарын ашуымыз керек деп жатамыз. Бүгінгі таңда әлеуметтік саланың мамандары жетіспейтін тұстары бар. Айталық, ауылдық жерлерде де, қалаларда да баламен отырған аналар жеткілікті. Соларды күніне екі-үш сағаттық әлеуметтік жұмыстарға тартса, орынды болар еді. Мәселен, түстен кейін мектепке барып, балалармен айналысуға болады. Бірқатар шет елдерде сондай тәжірибе оң нәтижесін беріп келеді. Кейбіреулер ерікті түрде жұмыс істейді. Бұған үкіметтік емес ұйымдар қатысса да артық емес. Бізге кәсіби әлеуметтанушы қажет. Ол, біріншіден, балалар психологы болуы тиіс. Балалар үйде қалай өмір сүріп жатқанын, жағдайы қалай екенін білуі керек. Бұл тәсіл тек суицид мәселесіне қатысты ғана емес, есірткіге қарсы күресте де өз нәтижесін бермек. Кейбір балалар үйінен қашып кетеді. Оның себебі не? Әр отбасының тағдыры алуан түрлі ғой. Мүмкін оның өгей шешесі, немесе өгей әкесі бар шығар. Парламент депутаттарына әр түрлі тағдырларды баяндайтын хаттар келіп жатады. Соның бірінде өгей шешесі оқтаумен соғып, бір баланың аяғын сындырғаны жазылған еді. Кейін ол бала емделді, аяғы жазылды, қазір мектебіне барып жүр. Балалардың өз үйінен кетіп қалуының алдын алмағандықтан, көп проблемалар туындап жүр. Бізде ондай жасөспірім бұзақыларға қосылып, екі-үш айдан соң, немесе бір жылдан кейін қандай да бір қылмысқа байланысты полицияға ұсталған кезде барып ол баланы анықтап жатамыз. Ол кезде бәрі кеш болады. Ал ертерек білгенде, бала ондай жолға түспес еді. Әлеуметтанушылар мектеппен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Мектепте ата-аналар кеңесі бар емес пе? Соның құрамында балалармен жұмыс істейтін адамның болғаны жөн. Және де ол ана болғаны дұрыс. Мұсылман діні де, христиан діні де өз-өзіне қол жұмсаған адамды жақтамайды. Бұл дінге де қайшы келеді. Біздің діни ұйымдардың жетекшілері, имамдар, олардың шәкірттері діннің қағидаларын түсіндіргенде осы мәселеге де баса назар аударып, адам баласының өзіне өзі қол жұмсауын Алланың өзі қош көрмейтінін үнемі айтып жүруі тиіс деп ойлаймын. Кейде «Осыншама мешіттер салынып жатыр» деп қуана хабарлаймыз. Ол – өте жағымды жаңалық. Мешіттерде отырған имамдар уағыз айтады. Әсіресе, ораза айында тарауық намазының алдында уағыз айтылады. Олар да балалардың өзіне өзі қол жұмсауына ислам дінінің қарсы екенін түсіндіріп, осы мәселеге терең мән берсе, сауапты іс болар еді. Бұған өзге діни ұйымдар да атсалысқаны жөн. Өздеріңізге белгілі, бұрын өз-өзіне қол жұмсаған адамды үлкен қорымнан бөлек, айдалаға, жеке жерлеген. Бұрын қазақтың да, балқардың да отбасында асырап алған балалар көп болғаны мәлім. Көптеген діндер, соның ішінде ислам да ересек адамдарды балаларға қамқорлық жасауға міндеттейді. Ол өзіңнен туған болса да, өзгенікі болса да, барлық балаларға сүйіспеншілікпен қарауымыз керек. Көшеде балалар төбелесіп жатса, біреулер «Оның ішінде менің балам жоқ», деп кетіп қалуы мүмкін. Ондай өзімшілдік көзқарастан арылатын кез келді. Өйткені, біз оған бөтен адам емеспіз. Басқа балалар да бізге жат емес. Елімізде өсіп келе жатқан әрбір жас – мемлекетіміздің болашағы. Осы тұрғыда қарауымыз керек. Балалардың өмірлік тәжірибесі аз екені белгілі. Олар кейбір күрделі мәселелерді өздері шеше алмай, тығырыққа тіреліп жатады. Сондықтан олардың өз сырларын айтатын, оның құпия түрде сақтайтынына сене алатын адамы болуы керек. Германияға барған сапарымызда «бізде балаларға арналған мынадай мультфильмдер бар» деп көрсетті. Онда балаларға не істеуге болады, не істеуге болмайтыны түсіндірілген. Мен алып келдім. Сондай мультфильмдер қазақ, орыс тілдеріне аударылып, біздің балаларға да көрсетілсе, жақсы болар еді. Кеңестік кезеңде де тәрбиелік мәні зор мультфильмдер көп еді ғой. Ата-ана да, қоғамдық ортадағы қызметкерлер де «Менің айтқаным орындалуы тиіс!» деген ұғымнан арылуы керек. Әр баланың абыройын сақтай отырып, оның бойындағы дарынын аша білуіміз қажет! Әр баланың ішінде әйтеуір бір дарын бұғып жатады. Біз бұйрық берумен тәрбиелеуді жөн көретін сияқтымыз. Жоқ, балаларға дос ретінде қараған ұтымды болмақ. Балалардың өз-өзіне баға беруін көтеруіміз керек. Көптеген ата-аналар балаларына: «Сен тентексің, сабағыңды оқымайсың! Басқаларды қарашы, әне!» деп ұрысады. Ал жапон секілді халықтар балаларына олай ұрыспайды екен. «Сен ең ақылдысың, өскенде ел сыйлайтын азамат боласың!» деп тәрбиелейтін көрінеді. Осы жағын барлық ата-ана ұғынғаны абзал. Тәрбие бергенде тым босаңсытып жібермей, әр қимылына рет-ретімен қарап, баланың мінез-құлқын оң бағалап, үнемі түзу жолға ақылмен салып отырған жөн. Бала ата-анасымен сөзге келіп қалғанда, немесе мұғалімнен сөгіс естісе, кездейсоқ қылмыстық іс жасап алса, өмірлік тәжірибесі болмағандықтан, бұл дүниеден түңіліп, өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылады. Сондай-ақ мен ұлтына қарамай, барша өскелең ұрпақ өкіліне «Қол жұмсама өзіңе, айналайын!» деп айтар едім. Менің осы сөзім естір құлақтың бәріне жетсе екен деп тілеймін. Людмила ХОЧИЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше