Жаңа негізі қаланған мемлекеттердің қай-қайсының да алғашқы маңызды ресми қадамдарының бірі – елдің мемлекеттік рәміздерін, яғни туын, елтаңбасын және әнұранын белгілеу. Өйткені, бұл рәміздер саяси тәуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері болып саналады.
– Мемлекеттік рәміздер – қандай да бір елдің өмір салтын, бүкіл болмысын, ерекшелігін, айрықша арман-аңсарын, басқалармен байланыс мұратын білдіретін белгі.
Жаңа тарихымыздағы ерекше оң таңбалы оқиғалардың бірі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнінің белгіленуі. Елбасы Жарлығымен 4 маусым күні мемлекеттік маңызы бар айтулы мерекелі күндер қатарына қосылды. Бұл – мемлекеттік рәміздерге деген шынайы құрметтің белгісі, олардың қоғам өмірінде алатын айрықша орнына орай көрсетілген мемлекеттік қолдау ғана емес, сонымен бірге, тарихи санамызда тәуелсіздік идеясын орнықтыру және жастарды биік отаншылдық сезімге баулу мұраттарын жан-жақты ескере отырып, жасалған ерекше елжандылық қадам.
Ел тірегі – елжанды ұрпақ. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – отаншылдық сезімнің аса бір жарқын көріністерінің бірі. Ал ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне 19 жыл толу қарсаңында оларды еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің маңызды бөлігіне айналды деп сеніммен айта аламыз.
Манарбек СӘДУОВ, Астана қаласы Есіл ауданының прокуроры.