04 Маусым, 2011

Мемлекеттік белгілерге құрмет қалыптастыру ауқымды жұмыстар жүргізуді талап етеді

398 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Қазақстан Республикасы­ның Мемлекеттік рәміздері ту­ра­лы» Конституциялық заңын, 2007 жылғы 2 қазандағы «Қа­зақ­стан Республикасының Мемлекеттік Туын, Елтаңбасын, Ән­ұра­нын орналастыру ережелерін бекіту туралы» Үкімет қаулысын жүзеге асыру мақсатында ауданда мемлекеттік рәміздерді насихаттау жұмыстары жүйелі жүр­гізілуде. Халық арасында мемлекеттік рәміздерді насихаттау бой­ынша іс-шаралар аудан әкім­дігі, білім беру мекемелері, құқық қорғау органдары, шекара әс­кер­лері бөлімдері және барлық мемлекеттік мекемелер мен кәсіп­орындар арқылы жүзеге асады. Аудан әкімдігі жанынан «Мемлекеттік рәміздер жөніндегі аудандық комиссия» құрылып, аудандық ішкі саясат бөлімі ресми ғимараттарда, мекемелер мен ұйымдарда мемлекеттік ту мен елтаңбаның уақтылы жаңар­ты­лып, талапқа сай мазмұнда бо­луын ұдайы қадағалап отырады. Аудан көлемінде мемлекеттік рәміздерді уақытында ауысты­ру­ға байланысты бірнеше мәрте қа­тынас хаттар жіберіліп, түсі­нік­теме жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік рәміздер дайын­дай­тын лицензиялы кәсіпорын­дар туралы бағасы көрсетілген ма­ғлұматтар қосымша тара­тылды. Бүгінгі таңда ауданда мемлекеттік рәміздер орналасуы тиіс 107 мекеме бар болса, оның 27-сі ауылдық әкімдіктер, 59-ы білім ордалары, қалғандарын мемлекеттік мекемелер құрайды. Мемлекеттік рәміздерімізге әр білім мекемесінің дәлізінен, та­рих, алғашқы әскери дайын­дық, пән кабинеттері мен кітапханалардан орын берілген. Жас ұрпақты патриотизмге баулу жо­лында Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің мағы­на­сын, маңыздылығын оқушы бойына сіңіру тәрбие бастауы болып табылады. Мектептерде (59 мектеп бар) әр аптаның дүй­сенбісі күндері таңертең оқушы­лар линейкаға тұрғызылып, мемлекеттік әнұран орындалып, со­ңы­нан саяси хабарламалар өтіп тұрады. Өткен оқу жылында аудан мектептерінде мемлекеттік рәміздерге байланысты 120 та­қы­рыптық тәрбие сағаттары өт­кізілсе, 30-дан аса дөңгелек үс­телдер ұйымдастырылған. Мектепішілік маңызды іс-шаралар міндетті түрде әнұранның орын­далуымен ашылады. Мемлекеттік рәміздердің заңға сәйкес ор­наласып, тұрғындар арасында құр­мет қалыптастыру мақс­а­тын­да аудандық ішкі саясат бөлі­мі­нің мамандары мен аудан әкімі жанындағы Мемлекеттік рәміз­дер жөніндегі комиссия мүше­лерінен құрылған топ аудандағы барлық мемлекеттік мекемелерге, бюджеттік ұйымдарға және ауылдық әкімдіктерге мемлекеттік рәміздердің Қазақстан Рес­пуб­ликасының Заңына сәйкес­тігін тексеру үшін бірнеше рет рейдтер жүргізіп шықты. Аудан көлемінде атқарылып отырған іс-шаралардың басты мақсаты – аудан тұрғындары, әсі­ресе, өскелең ұрпақ бойында Отанға, туған елге, өскен жерге деген сүйіспеншілікті нығайту. Осы мақсатта ең бірінші кезектегі жұмыстар тәуелсіз еліміздің басты белгілері – мемлекеттік рәміздеріміз – мемлекеттік Ту, Әнұран, Елтаңбамызды құрмет­теу­ге, қадірлеуге, қастерлеуге ба­ғытталған. «Бұл – біздің Ән­ұран!», «Бұл – біздің Туымыз!», «Бұл – біздің Елтаңбамыз!», «Біздің Отанымыз – Қазақстан!» және «Айбынды, айдынды, ай­шық­ты Ата Заң» атты жастар акциясын өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналған. Сонымен қатар, жуырда жас­тарды саламатты өмір салтына тәрбиелеу мақсатында әрі мемлекеттік рәміздерді тереңірек тү­сіндіру үшін Таскескен ауы­лын­да байқау өткізілді. Оған қатыс­қан мектептердің ішінен бірінші орынды Ақтамберді атындағы, екінші орынды Тұрсабеков атын­дағы орта мектептер жеңіп ал­са, үшінші орынды №18 кә­сіптік мектеп оқушылары иеленді. Міне, осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК. Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы.