Кез келген мемлекеттің көркейіп гүлденуі сол мемлекеттің төл рәміздеріне құрмет сезімінен өрбитіні белгілі. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің бір сөзінде: «Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттың салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер», – деген еді.
Олай болса, мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің бет-бейнесі ғана емес, оның тарихы және әрбір адамның өз еліне деген сүйіспеншілігінің белгісі. Сондықтан біздің мемлекеттік рәміздеріміз тарихтың тылсым тереңінен сыр тартып, бүгінгі азат елдің асқақ келбетін айшықтайды. Бір жағынан тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері жалпыұлттық сипатты иеленгені де еш жасырын емес. Неге десеңіз, мұндай нышандар эстетикалық талаптарға жауап беріп қана қоймайды, елдің тарихы, саяси, экономикалық арналарынан бастау алады. Осы арқылы жас елдің өз тәуелсіздігін нығайтудағы болашаққа басқан нық қадамын да көрсетеді.
Біздің елімізде жыл сайын 4 маусым мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіледі. Сонау 1992 жылдың 4 маусымында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік рәміздер туралы» Заңға қол қойған еді. Ал, 2007 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасындағы кәсіби және өзге де мерекелер туралы Жарлыққа өзгерістер енгізіліп, бұл күн мемлекеттік мереке ретінде атала бастады.
Меніңше, мемлекеттік рәміздер өзінің көркемдік кейпімен ғана айшықталмай, ел тәуелсіздігінің идеялық қырларын да аша түседі. Бұл осы елді мекен етіп отырған барша халықтың бейбітшілікке деген ынта-ықыласын ғана білдіріп қоймай, отансүйгіштікке тәрбиелейтін құндылықтардың бірі ретінде де бағаланады.
Қарап отырсақ, біздің ашық көк түсті туымыз адамдардың бір-біріне деген сенімі мен құрметін де көрсетеді. Таза бояумен безендірілген рәміз ел мен халықтың бірлігінің де нышаны. Ең бастысы – кешегі көшпелі бабаларымыздың бүгінгі азаттыққа дейінгі ұрпақ жалғастығының арасындағы байланысы да айшықталып беріледі. Тудағы қыранның бейнесі еркіндікті, тәуелсіздікті және биікке қол созған елдікті аңғартады.
Ал Елтаңбадағы шаңырақ ортақ үйіміз – Қазақстанның ынтымақ пен бірліктің ошағы екендігін бейнелейді. Өйткені, тілегі бір, ниеті ортақ қазақстандықтар қашанда өздерінің ортақ мүддеге құлшыныстарымен танылып келеді. Шаңырақ берік болса, елдің іргесі де нық болатыны анық.
Біздің мемлекеттік рәміздеріміз тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде Қазақ елін әлемдік қоғамдастыққа лайықты ұсынып қана қоймай, ондағы абырой тұғырына төрлете білді. Бұл – баршамыздың еңсемізді биіктеткен қуаныш. Сондықтан да Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев елдік істердің ең басты қырлары отансүйгіштік құндылықтар екенін баса атап көрсетуде. Өйткені, біз қашанда бейбітсүйгіш ел ретінде әлемге танылып келеміз. Көпұлтты елімізде бірлік пен ынтымақ жарасым тауып, саяси тұрақтылықтың да сақталып отырғандығы жақсылықтың нышаны деуіміз керек. Осы себепті де біздің отандастарымыз мұндай құндылықтарды ең асыл дүниесі ретінде әспеттеп, теңдессіз құрметпен бағалайды. Неге десеңіз, мемлекеттік рәміздер арқылы біз жас ұрпақты патриоттық сезімде тәрбиелей аламыз. Өз елін шынайы сүйген адам Отан үшін отқа да, суға да түсетіні, оның тыныштығын қорғайтыны, ұстанған саясаты мен ізгі істерін жалғастыратыны даусыз.
Мен осы арада Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тағы бір даналық сөзіне жүгінгім келіп отыр. Онда: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы», – деген еді.
Демек, әлемдік қоғамдастықта өзінің жаңа бет-бейнесімен көрініп, жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде танылған Қазақстан өзінің ең алғашқы қадамын көк Туын, алтын пырақты Елтаңбасын және елдікке үндеген Әнұранын қабылдап алудан бастауы біздің еліміздің болашаққа шынайы қадам жасауы арқылы көрінуімен ерекшеленді. Өйткені, туған елінің рәміздеріне құрметпен қарау – елдіктің, отансүйгіштіктің, тұтастай алғанда, патриотизмнің шынайы бір белгісі. Олай болса, әрбір мемлекеттік мекеме ел рәміздерін орналастырудың заңды талаптарын қатаң сақтауы қажет. Өйткені, кейбір мекемелерде мемлекеттік талаптарға сай келмейтін елтаңбалардың ілінетінін де көріп жүрміз. Бұл – өз еліне деген немқұрайлы көзқарастың белгісі. Біздің егемендігіміз де елдің мемлекеттік рәміздерінен бастау алмаушы ма еді. Сондықтан, мемлекеттік мекеме басшылары мұндай елдік рәміздерді арнайы лицензиясы бар кәсіпорындарға жасатып алуы – бүгінгі күннің басты бір талабы.
Облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия биылғы жылдың алғашқы тоқсанында бұл бағытта мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстарын жалғастырды. Бұл ретте, басты назар Мемлекет басшысының биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауын түсіндіру мен насихаттау мәселесіне де аударылды.
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар, – делінеді біздің Әнұранымызда.
Бұл – елдік пен ерліктің жыры. Бірлікке бастаған мәңгілік жарасымдылықтың нышаны. Қазақ елін мекен еткен әрбір ұлт осы сөздерден нәр алып, елін сүюдің шынайы сезіміне бөленсе дейміз. Өйткені, біздің ортақ Отанымыз – Қазақстан жүздеген этнос өкілдері мен ұлыстардың ынтымағы жарасқан ошағы болып отыр. Ал, мемлекеттік рәміздер сол елдіктің ырысы мен ынтымағын жарастырады деп сенеміз.
Гүлжанар ШӨКЕЕВА, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы.
Ақмола облысы.