Өткен аптада Өскеменге Қазақстан шайбалы хоккейінің мақтанышы, әлем, Азия ойындарының чемпионы Виталий Колесник Гагарин кубогын алып келді. Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) осыдан 3 жыл бұрын Гагарин кубогын ең үздік деген командаға тапсыру жөнінде шешім шығарған. Мәртебелі кубокты қатарынан екі жыл Татарстанның «Ақ Барс» командасы иеленсе, өткен жылы башқұрт ағайындардың «Салават Юлаев» командасы жеңіп алды. Ал бұл командада В.Колесниктің өнер көрсетіп жүргені белгілі.
Гагарин кубогы күмістен жасалып, алтын жалатылған, салмағы 19 кило. Кубокты Өскеменге әкелгендегі мақсат – жастар бойында патриоттық сезімді қалыптастыру. Өскемен бір мақтанса, өзінің хоккейімен мақтана алады. Қазір Қазақстанның жүзге тарта хоккейшілері шет елдер мен көрші Ресейдің жоғары лигасы және ҚХЛ-да өнер көрсетуде.
Кубок өткен бейсенбі күні Қазақстан-Америка университетіне әкелінді. Одан кейін Император сауда үйінде көрермендер назарына ұсынылды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Восток» стадионында Виталий Колесникке құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Ол мыңдаған жастар алдында сөз алып, еліміздің даңқын шығарып жүрген хоккейшіден үлгі-өнеге алу керек екендігіне назар аударды. Сол күні стадионда әннен шашу шашылды.
В.Колесник өз сөзінде Қазақстан хоккейінің келешекте әлем чемпионатында жүлде алуына мүмкіндігі бар екеніне тоқтала кетті. Азия ойындары кезінде Астана мен Алматыда жабық стадиондар салынып, онда болашақ чемпиондардың жаттығып жатқандарын тілге тиек етті.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен. Суретті түсірген автор.
Демеушілік дем берген жарыс
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр жариялаған «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «30 пайызға дейінгі қазақстандықтар бұқаралық спортқа тартылу керек» деп міндет қойғаны белгілі. Мемлекет басшысының бұл ойын іске асыруда осы күндері еліміздің түкпір-түкпірінде спорттың бұқаралығын арттыруға баса назар аударылуда.
Қазіргі кезде барлық аудандарда спорттың көптеген түрлері бойынша жарыстар жиі ұйымдастырылып тұрады. Кейде аудандық, кейде облыстық бәсекелер өтсе, кей кездері республикалық турнирлердің тұсауы кесіледі. Сондай аудандардың бірі – Алматы облысының Алакөл ауданынан көптеген белді спортшылардың шыққанын жақсы білеміз. Дзюдодан Олимпия ойындарының жүлдегері Айдын Смағұлов, еркін күрестен Афина мен Бейжің Олимпиадасына қатысушы, Азия кубогының иегері Бауыржан Оразғалиев, тай-бокстан әлем чемпионатының екі мәрте жүлдегері Алмас Сақаев, самбодан әлем чемпионатының жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы Ерлан Тәжіков, бокстан КСРО кубогының иегері Рашид Валиев, танымал желаяқ Бекен Күреңкеев сынды саңлақтардың барлығы да осы өңірдің түлектері.
Жуырда аудан орталығы – Үшарал қаласында «Алакөлдің ала добы» атты дәстүрлі жарыстың жалауы желбіреді. Оны Бақыт Кәрімов басқаратын «Evgei LTD» компаниясы ұйымдастырды. Жалпы, бұл азаматтың мәрттігі жайында ел арасында әңгіме көп. Ол бизнестен түскен қаражатының едәуір бөлігін қайырымдылық шараларына жұмсайды. Спорттық жарыстар ұйымдастырып, дарынды жастарға қамқор қолын созады. Аудандағы әр бапкер, әр спортшы Бәкеңе деген ризашылығын білдіруден жалықпайды. Кәрімов тек спортқа ғана емес, басқа да салаларды назарынан тыс қалдырмайды. Мәселен, Талдықорған қаласындағы «Айналайын» балалар үйін өз қамқорлығына алып, қажетті құрал-жабдықтар, киім-кешек, жиһаз және де басқа да заттар сатып алып берген. Былтыр бір топ мүмкіндігі шектеулі балаларды көлдің жағасы мен тау бөктеріне апарып, 10 күн бойы тегін демалтты. Міне, биыл біз сол абзал азаматтың мұрындық болуымен өткен жарыстың куәсі болдық.
Бұған дейін «Алакөлдің» ала добы бәсекесі үш мәрте ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткен болатын. Оған аудан аумағында орналасқан кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, әскери гарнизондар мен ауыл тұрғындары қатысып жүр. Бір айта кетерлігі, жарыстың жүлделік қоры да адам қызығарлықтай. Мәселен, биылғы додада бас жүлдені олжалаған команда 15 плазмалық теледидарға ие болса, екінші және үшінші тұғырға табан тірегендерге 15 шаңсорғыш мен 15 DVD берілді. Сондай-ақ, жекелеген қаптал бойынша үздік деп танылған ойыншылар, спорт ардагерлері, спорт жанашылары, осы істің басы-қасында жүрген басқа да азаматтардың еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Олардың барлығына 30-ға тарта ұялы телефон табыс етілді.
Бәске осындай бағалы сыйлықтар тігіліп жатса, футбол сүйер қауым аянып қалсын ба. Биыл жарыс жолына 22 команда шықты. Барлығы да жасыл алаңда жақсы ойын өрнегін көрсетуге тырысты. Екі күнге созылған жарыс барысында топтық бәсеке аяқталып, үшінші күні жүлделі орындар үшін өткен бәсекеде бірінші орынды «Evgei LTD», екінші орынды Жайпақ ауылы командасы, ал үшінші орынды Бескөл ауылының командасы иеленді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
Халықаралық теңбіл доп турнирі
Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің құрылғанына 10 жыл толуына орай 6-10 маусым аралығында әлем жастарының алты құрама командасының (U-19) қатысуымен кеше футболдан халықаралық жасөспірімдер турнирі басталды.
Іс-шара өткен жылғы 10 қарашадағы «Қазақстан Республикасының ШЫҰ-ға төрағалық етуінің іс-әрекеттері бағдарламасына» сәйкес өткізілуде. Турнирге Қытай, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстанның екі құрама командасының жас футболшылары қатысып жатыр.