Әлдиле, әсем музыка!
Иә, кешеден бері ел тарихында және күллі Орталық Азия аймағында тұңғыш рет «Классик» жаңа радиостансасы іске қосылды. Бекзат музыкаға негізделген жаңа радио – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен «Хабар» агенттігінің бірлескен медиа-жобасы болып табылады.
Осы айтулы оқиғаға байланысты сенбі күні Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда баспасөз мәслихаты өтіп, жаңа радио толқынның жай-жапсары айтылып, тұсаукесер рәсімі өткен-ді.
Мұндай радиостансаны дүниеге әкелудегі мақсат – академиялық музыкалық мәдениетті отандық тыңдармандар үшін қолжетімді ету.
– Әдетте, шет елдерге барғанда классикалық радионы жиі тыңдайтын едім. Сол кезде осындай кәсіби радио біздің елде де болса ғой деп ылғи да армандап жүретінмін. Ақыры «Хабар» агенттігінің мұрындық болуымен жоба іске асты, – дейді осы идеяның авторы Жәния Әубәкірова.
Қазірге аталмыш радио Алматы қаласындағы 102,8 FM жиілігінде хабар таратады. Эфирді жоспарлау, бағдарламаларды жасау ісімен кәсіби музыка иелері айналысатын болады.
Осылайша «Classic» радиосының хабар тарату жүйесі әр кезеңдегі, түрлі стильдегі, сан алуан бағыттағы классикалық музыкаларға негізделген. Сондай-ақ, эфирде Қазақстан мен әлем мәдениетінің тыныс-тіршілігін үнемі бақылап отырар төл бағдарламаларға да орын берілген. Музыкалық арнада атақты композиторлар, орындаушылар мен әлем өнерінің алтын қорына енген туындылар жайлы радиохабарлар да таратылмақ. Оған қоса Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Органды залында өтетін концерттерден тікелей трансляциялар ұйымдастыру да жоспарлануда.
Бастапқы кезеңде бұл радионы Алматы қаласында ғана тыңдауға мүмкіндік бар екенін жоғарыда атағанбыз. Дегенмен, уақыт өте келе «Classic» радиосын Қазақстанның барлық өңірінің музыкасүйер қауымы тыңдайтын болады. Сондай-ақ хабар таратыла бастаған алғашқы күннен бастап классикалық музыканы ұлықтайтын радиотолқын сандық форматта ұсынылатын болады. Күніне бірнеше рет эфирге қазақстандық және әлемдік музыка мәдениеті туралы жан-жақты мағлұматтар мен ақпараттық бағдарламалар шығару жоспарланып отырған болса, қыркүйектен бастап түрлі авторлық радиобағдарламалар, сұхбаттар, атақты музыканттардың өмірінен сыр шертетін хабарлар, жаңалықтар берілмек.
– Біздің мақсатымыз – классикалық музыка мәдениетін барша қазақстандық тыңдаушыларға жеткізіп, әлемнің әсемдігіне лайықты үлес қосу. Мәдениет – қоғамымыздың ажырамас бөлшегі. Рухани құндылықтарды қалыптастыратын мәдениет. Классикалық радионың кірпішін қалай отырып, біз сол рухани құндылықтың қоғамда іргесі қалануына, зайырлы, өркениетті, демократиялық бағыттағы ел атануымызға үлес қосамыз деп сеніммен айта аламыз, – дейді «Хабар» агенттігі» АҚ төрағасының орынбасары Қанат Сахариянов.
«Хабар» агенттігінің креативті директоры Ержан Сүлейменовтің айтуынша, классикалық музыка радиотолқынын құру талғамы жоғары тыңдармандар легінің көңілінен шығу болып табылады.
Қазіргі таңда «Классическое утро», «Дыхание гармонии», «Афиша», «Концертный зал» атты тақырыптық бағдарламаларды Еркеғали Рахмадиев, Төлеген Мұхамеджанов, Ақтоты Райымқұлова, Бәкір Баяхунов, Владимир Гросс, Бахтияр Аманжол сынды белгілі қазақстандық музыканттар әзірлеу үстінде.
Ал Торонтодан эксклюзивті хабарларды «Classic» радиосы үшін танымал музыкатанушы Евгений Бычков әзірлеп тұратын болса, джазға арналған арнайы бағдарламаларды музыканттар –Владимир Осипов, Михаил Балабичев, Фархад Ибрагимов, Ирэн Аравиналар дайындайтын болып отыр.
Радионың форматы аудиториямен тікелей әңгіме-дүкен құру мүмкіндігін де қарастырады. «Музыка салоны» бағдарламасында тыңдармандар өздерінің музыка әлемі мен орындаушыларға қатысты көзқарастарын білдіріп, сүйікті шығармаларын әуе толқынына шығаруды сұрайтын болады.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.
Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.