Өркенділік өрісі
Соңғы екі-үш жылдан бері «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының бастамасымен еліміздің бірқатар облыс орталықтарында iD Ceпter брендімен көрсетілім залдары ашылған болатын. Облыс орталығы Өскеменде ол өткен жылы ашылған еді.
Жуырда 300 мыңнан астам халқы бар Семей қаласында да осындай мүмкіндік туды. Өткізілген тұсаукесер рәсіміне «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Қуанышбек Есекеев мырза арнайы келіп қатысты. Тұсаукесер лентасын қию басқарма төрағасы мен қала әкімі Айбек Кәрімовке құрметпен ұсынылды.
Тұсаукесер рәсімінің таныстырылымында басқарма төрағасы Қуанышбек Бақытбекұлы жобаның басты мақсаты «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы тарапынан көрсетілетін жаңа технологиялар, қызметтер мен сервистер туралы тұрғындардың хабардар болу деңгейін арттыру болып табылады деп атап көрсетті.
«Қазақтелеком» акционерлік қоғамы Семей қалалық филиалы сатып алу бөлімінің бастығы Мұратқазы Мәліковтің айтуынша, бұл бірегей жоба қазақстандықтардың күнделікті өміріне заманауи ақпараттық технологияларды енгізу мақсатында жүзеге асырылып отыр. Бұл қазіргі заманғы инфокоммуникациялық технологиялардың орталығында әрбір сұраныс иесіне жаңа телекоммуникация қызметтерін пайдалануға, толық ақпарат пен мамандардың кеңесі берілетін болады.
Көрсетілім залының қызметкері Арай Жұмаханова да бізге өз қызметтерінің мән-мағынасын тәппіштеп түсіндіріп баққан. Оның туған тілге жүйріктігіне де сүйсініп қалғанбыз. Осы орайда, жалпы акционерлік қоғам бойынша мемлекеттік тілге ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын айта кетсек артық болмас. Соның бір айғағындай, көрсетілім залындағы барлық буклеттер екі тілде шығарылғанын байқап тұрмыз.
Көрсетілім залының қызметі төрт түрге бөлінген дейді Арай қарындасымыз. Олар – үй, кеңсе, интернет-кафе және медиа-қабырға деп аталады. «Үй» аймағы келушілерді «Triple plaу» концепциясындағы қызметтермен таныстырады. Бұл – тұтынушыларға бір ғана телефон желі жолының негізінде телефония, интернетке кең жолақты қатынау және iD TV цифрлы теледидар қызметтерін ұсыну деген сөз. Сол қызметтің бәрі бір уақытта, бірдей және біріне бірі бөгет жасамай атқарыла береді.
«Кеңсе» аймағының қызметі ең алдымен коммуникациялар, яғни интернет, электрондық пошта, телефония, виртуалды мәжілістер. «Кеңсе» - компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беріп, бизнеске арналған инфокоммуникациялық технологиялар мен жаңашыл шешімдер.
«Интернет-кафеге» келетін болсақ, басқаша айтқанда конференц-аймақта Wi-Fi технологиясы негізіндегі интернетке сымсыз қатынау қызметтерімен танысып, оларды тегін пайдалануға болады. Залда отырғанда ноутбуктерді, қалта компьютерлерін, смарт-фондарды пайдаланушылар интернетке сымсыз қатынау қызметтерін пайдалана алады.
«Медиа-қабырға» – бұл iD TV интерактивті телевизиясының бірегей қызметтерін жария ету. Оның сапасы арнайы сөз етуге әбден лайық.
Бүгінгі күні «Қазақтелеком» бекітілген телефонияның 3,8 миллион абонентіне қызмет көрсетеді. Интернет желісіне қатынау қызметін пайдаланушылар саны 2,5 миллион адамға тақап қалды. Оның ішінде 2 миллионға жуығы интернетке кең жолақты қатынау мүмкіндігін пайдаланады.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.