Жақында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ.Сарыбайдың басшылығымен Қазақстан делегациясы Сыртқы істер министрлерінің 16-шы конференциясының жұмысына және Қосылмау қозғалысының 50 жылдығына арналған мерейтойлық кездесуіне қатысты (Бали, Индонезия), деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Конференцияға Қосылмау қозғалысына мүше 95 мемлекеттің, 14 бақылаушы елдің өкілдері, қатарында БҰҰ, ИКҰ, Араб мемлекеттері Лигасы секілді 30-ға жуық халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар делегациялар қатысты.
Конференцияны Индонезия президенті Сусило Бамбанг Юдойоно сәлемдеме сөзімен ашып, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның делегаттарға арналған жазбаша үндеуін оқып берді. Форумда сөз сөйлеген делегация басшылары қарусыздану мен халықаралық қауіпсіздік, бітімгершілік, адам құқықтары мен демократия салаларындағы прогрестің өзектілігін қуаттай отырып, өркениеттер мен діндер арасындағы үнқатысуларды ілгері жылжытуға шақырды. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі мен көші-қон үдерістері салаларындағы жағдайларға қатысты алаңдаушылық танытылып, Қосылмау қозғалысына мүше елдердің тұрақты экономикалық даму проблемаларына айтарлықтай көңіл бөлінді.
Қазақстан делегациясының басшысы өз сөзінде Қазақстан Қосылмау қозғалысының қағидаттары мен мақсаттарына ортақтасатынын және біздің еліміздің тату көршілес және өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген бейбіт сыртқы саясаты Қосылмау қозғалысына мүше мемлекеттер тарапынан Қазақстанға деген сенімнің артуына ықпал жасайтынын атап өтті. Қ.Сарыбай қатысушы тараптарды Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Ядролық қарусыз әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдау туралы бастамасымен таныстырды. Аталған декларацияға сәйкес, барлық елдердің ядролық қарусыз әлемге біртіндеп жақындауға деген ерік-жігері айқын көрінер еді.
Қазақстанның аймақтық ұйымдарға қатысуға үлкен көңіл бөлетіні және ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК мен ИКҰ шеңберінде тиімді әрі жемісті ынтымақтастық орнатып отырғаны атап көрсетілді. Осы орайда қазақстандық дипломат 2011 жылғы 28-30 маусым күндері Астанада Ислам Конференциясы Ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің 38-ші кеңесі өтетінін хабарлай келіп, Қазақстан өз төрағалығы кезінде ИКҰ мен Қосылмау қозғалысы арасындағы ынтымақтастықты бірізділікке түсіруге ықпал жасайтындығын көлденең тартты.
Конференция өз жұмысының нәтижесі бойынша халықаралық ахуал мен халықаралық құқық мәселелеріне жан-жақты шолу жасалған Қорытынды құжат қабылдады. Онда Қосылмау қозғалысының рөлі мен жұмыс әдістері көрініс тапты. БҰҰ жүйесінің институттық реформасы мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Конференция аясында еліміз Сыртқы істер министрінің орынбасары Қ.Сарыбай бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулер кезінде, Индонезия Сыртқы істер министрі Марти Наталегава, Әзірбайжан Сыртқы істер министрі Э.Мамедьяров, Бруней-Даруссалам Сыртқы істер министрі ханзада Мохаммед Болкиах, Ирак Сыртқы істер министрі Хошиар Махмуд Зебари, Иран Сыртқы істер министрі А.Салехи Астанада өтетін форумға қатысуға ниет танытып отырғандарын растап, ИКҰ СІМ Кеңесі жемісті өтетініне сенім білдірді.
Гвинея Сыртқы істер министрі Бисау Аделино Мано Квета мен Шри-Ланка Сыртқы істер министрі Г.Л. Пейрис, Вьетнам, Колумбия, Сирия, Марокко сыртқы саясат ведомстволары басшыларының орынбасарлары өз елдерінің Қазақстанмен саяси байланысты нығайтып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендіктерін танытты.