«Арсенал» кинотеатрында Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы мен қалалық №25 орта мектебінің ұйымдастыруымен тұңғыш педагог-ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 170 жылдығына орай әдеби шығармашылық кеш өтті.
Кештің мақсаты – Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығын, оқу-білім, тәрбие саласындағы қызметі мен халқына жасаған өшпес еңбегін оқушылар мен халық арасында насихаттау десек, шараға Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы, «Ыбырай Алтынсарин» қоғамдық қорының төрайымы Тана Әуелбекқызы, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, Ыбырай Алтынсарин көшесінің тұрғындары және мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты.
Ыбырай Алтынсарин – қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы. Балаларға ана тілін үйрету арқылы халықтың бай тілі мен өнерін меңгеріп, өнер-білімге баулыған ұстаз. Әдеби шығармашылық кеш ағартушы ғалым жайлы мағлұматтарды кең ауқымда қамтыған екен. Соған орай жұртшылыққа өмірі мен шығармашылығы кеңінен таныстырылды. Мектеп оқушылары қойған «Дала шамшырағы» атты қойылым Ыбырай Алтынсарин өмірінен сыр шертіп, алғашқы ашқан мектебін бейнеледі. Сол кезеңдегі Кеңес өкіметінен көрген қысымды да дәл жеткізе білді.
Әдеби шығармашылық кеш барысында сөз алған Несіпбек Айтұлы: «Ыбырай атамыз – алғаш қазақ тілінде оқулық жазған ұстаз. Сондай-ақ, ол балалар әдебиетінің негізін қалаушы. Жаңа үлгідегі мектептер ашу ісімен шұғылданған ғалым қазақ қыздарын оқыту ісіне ерекше көңіл бөлгені тағы бар. 1888 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастыруы – ұлы ағартушының бұл тұрғыда жасаған үлкен еңбегі болып табылады», – деп, ағартушы жайлы ақпарларды одан әрі толықтыра түсті.
Кеш соңында тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызы Ыбырай Алтынсарин көшесінде көп жылдардан бері тұрып жатқан тұрғындар мен көп балалы аналарға құрмет білдіріп, сый-сияпат жасады.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.