07 Маусым, 2011

Ливия үшін жауапқа шақырды

399 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Америка Конгресінің Өкілдер палатасы АҚШ президенті Барак Обамаға Ливиядағы әскери операциялар барысы туралы есеп беру талабымен шықты. Енді президент Ливияға операциялар не үшін қажет болғанын нақпа-нақ негіздеп беруі тиіс. Өкілдер палатасы сондай-ақ АҚШ-тың қатысуымен жүрген Ирактағы және Ауғанстандағы екі соғысқа жұм­салған шығын көлемін де білгілері келетінін мәлімдеді. Конгресс қабылдаған қарарда Ливияға Американың құрғақтағы әскерлерін пайдалануға жол берілмеуі қажеттігі де атап көрсетіледі. Б.Обама 14 күн ішінде өз жауабын дайындап есеп беруі тиіс. 14 араб азаматын атып өлтірді Израиль мен Сирия шекара­сын­дағы Голан биіктігінде 14 араб аза­маты атып өлтірілді. Израиль солдат­тары­ның оғынан, сонымен қатар, та­ғы 220 араб жараланды. Оққа ұш­қан­дар мен жараланғандар палестиналық босқындар делініп отыр. Оқ жаудырылғандар екі мемлекет шекарасындағы тікенек сымдардан асып өтпекші болған. Дауыс күшейткіш арқылы ескертулерге қарамастан, босқындар шекара аспақ болған. Өйткені, 5 маусымда олар Голан биіктігінде Накса деп аталатын күнді атап өтеді. 1967 жылы осы күні арабтар Израильден жеңілуге мәжбүр болған алты күндік соғыс басталған еді. Нато тікұшағы апатқа ұшырады Ауғанстанның шығысында НАТО тікұшағы апатқа ұшырады. Оқи­ға салдарынан қай елдің аза­мат­тары екені айтылмай отырған екі әскери қаза болды. Ауғанстанның шығы­сында негізінен америкалықтар қыз­мет ететіндіктен, көз жұмғандар америкалық солдаттар деуге негіз бар. НАТО-да тікұшақтың не себепті құлағаны туралы нақты ақпарат жоқ, деп мәлімдеді альянс өкілі Тим Джеймс. Соған қарамастан, «Талибан» өкілі Забихулла Муджахид телефон арқылы «Рейтер» агенттігіне тікұшақты Сабари уезінде талибтер атып түсіргенін мәлімдеген. Аталған агенттіктің деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері Ауғанстанда 230 шетел солдаты қаза тауыпты. ГФР 2022 жылы АЭС-тен бас тартады Германия үкіметі шұғыл өткізілген өзінің мәжі­лісінде 2022 жылға қарай атом энергетикасынан толық бас тарту туралы ұсынысты мақұлдады. Елдегі аса ескірген жеті АЭС «Фукусима-1» АЭС-інде болған апаттан кейін қолданыстан уақытша шығарылған еді. Енді мүлдем тоқтатылатын болды. 17 АЭС-тің қалған 9-ы 2022 жылға дейін біртіндеп пайдаланудан шығарыла беретін болады. Неміс үкіметі қабылдаған атом энергетикасы туралы заңға өзгерістерді енді ел парламенті – Бундестаг, сондай-ақ 16 неміс жері федералды өкілдігі – бундесрат мақұлдауы тиіс. Ал 2010 жылғы АЭС-терді 2036 жылға дейін пайдалану туралы кабинет қабылдаған заң Фукусимадағы апаттан кейін кері қайтарып алынған болатын. Билеуші партия жеңіліс тапты Өткен жексенбі күні болған сайлауда Португалияның билеуші Социалистік партиясы көш басында Педру Пассуш-Коэлью тұрған оппозициялық Социал-демократиялық партияға жол берді. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, бюл­летеньдердің 80 пайызы сұрыптаудан өт­кен­нен кейін социал-демократтардың үлесінде сайлаушылар дауыстарының 40 пайызы бар болса, социалистерде шамамен 28,5 пайыз ғана дауыс бар көрінеді. Португалия премьер-министрі Жозе Сократеш қазірдің өзінде жеңілгенін мойындап отыр және социалистер көшбасшылығынан кететінін мәлімдеген. Тайпааралық қақтығыста көз жұмды Тунистің Метлави қаласында түрлі тайпалар өкіл­дері арасында болған қарулы қақтығыс салдарынан 11 адам қаза тапса, 100-ден астамы жараланған. Қақтығысқа тайпалар арасында өндіруші кәсіп­орындарға жұмысқа тек кейбір тайпалар өкілдері ғана алынады екен деген қауесет себеп болған. Қарсыласушы жақтар қақтығыста қолдан жасалған бом­ба­­лар­ды, винтовкалар мен темір таяқшаларды пайда­ланған. Қала­дағы дүкендер толықтай тоналып, өртеп жіберілген. Полиция тәр­тіпсіздіктерге қатысқан 60 адамды тұтқын­дапты. Метлавиде коменданттық сағат енгізіліп, қосымша қауіпсіздік күштері тар­тыл­ған. Елді 20 жыл басқарған Зин әл-Абидин Бен Али қуылға­ны­мен, әзірше белгілі бір оң нәтижеге қол жеткізіле қойған жоқ.

Қысқа қайырып айтқанда:

• Пәкстанның солтүстік-батысындағы Ноушер қаласында жан­кешті жасаған лаңкестіктен 18 адам қаза тауып, 40-ы жара­ланған. Өлгендер арасында кем дегенде екі әскери бар көрінеді. • Иракта 6 маусым күні алты АҚШ әскери қызметкері өлтірілген. Пентагонның мәлімдемесінде әскерилердің қандай жағдайда қаза тапқаны айтылмайды. Жалпы, Ирак науқаны басталғалы бері 4459 АҚШ әскериі көз жұмыпты. • Бұрынғы әскери Ольянта Умала Перу президентін сайлауда өзінің жеңіске жеткенін жария етті. Жауапқа тартылған экс-президент Альберто Фухиморидің қызы Кейко одан 1 пайыз дауыс аз жинап, жеңіліске ұшыраған. • Кишинев мэрін сайлауда, алдын ала дерек бойынша, коммунистер партиясынан кандидат Игорь Додон 52 пайыз дауыспен жеңіске жеткен. Оның қарсыласы – Либералды партия өкілі Дорина Киртоакэ 43 пайыз дауыс жинаған. • Бұған дейін Удмуртия кентіндегі арсеналда өрт болғанын хабарлаған едік. Одан келген шығын 1 миллиард рубльді құрап отыр. Әскери қару-жарақ қоймасы маңындағы 32 елді мекендегі 2862 үйге зақым келген.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.