07 Маусым, 2011

Мұнан асқан қорлау бола ма?!.

405 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Өткен аптада Ақмола облысында қазақтың төменшіктеуі артта қалды ма деген тілі, енді ешкімге таба болмаспыз деген ар-намысы үлкен соққыға душар болды. Ол соққыны бізге бі­рінен соң бірі араға бірер күн салып осы өңірдегі жергілікті басылымдар жасады. Бұқаралық ақпарат құралдарында мұн­дай масқаралықты, тұтас бір ұлтты қорлаудың ең сорақы кө­рінісін кешегі аюдай ақырған кеңес заманында да көрмеп едік. Әркімге бір иіліп төсек, жай­ылып жастық болған өзіміз  нашармыз ба, жоқ әлде, біз қан­ша бауырымызға тартқанмен, пиғыл сондай ма, түсіне алмай отырмыз. Айталық, кешегі Көк­шетау облысынан қалған ескі көз ғой деп өзіміз ана тіліндегі «Көкшетау» газетінен кем көр­­мей­тін қалалық «Степной маяк» газетіне 2011 жылдың 26 мамырындағы №21 санында «Жилье бомжа-казаха» деген крос­свордты жариялап, сонша не көрінді?!. (Олар ресейлік журналдан еш өзгеріссіз көшіріп ал­ған екен). БОМЖ сөзінің төркіні түсі­нік­ті. Белгілі бір тұрағы жоқ қаң­ғыбас. Осы ел мен жердің иесі қазақты БОМЖ-ға, ал бүкіл ата-бабамыз, соның ішінде әлемді ау­зына қаратқан талай ғұлама­ла­ры­мыз дүниеге келген қасиетті киіз үйімізді сол БОМЖ-дың тұ­ра­­ғы­на теңеп, қаныңды басыңа тепкізетін бұл басылымды осы­дан кейін сотқа берсе де обал жоқ. Шіркіндердің ақыры көші­ріп басып отырғасын БОМЖ сөзін, тым құрыса, көшпенділер сөзі­мен  алмастыруға өрелері жетпегені ме?!. Елбасының саяса­тын жүргізеді деген, бюджеттен қаржы алатын мемлекеттік ба­сы­лымның өзі осыны істеп отырса, басқаларына не жо­рық?!. Бұл  екі ортада облыста шы­ғатын жергілікті басылымдарда жарияланған 30 мамыр - 5 мау­сым аралығындағы теледидар бағ­дарламасында да өңің түгіл түсіңе кіріп шықпайтын сұмдық жағдайлар орын алып: «Кім-көрінгенге қолжаулық болған осы біз кімбіз?» деген төте сұрақ екі-үш күннен бері миымызды кеміруде. Айталық, Көкшетау қалалық тәуелсіз «Курс», Бурабай аудан­дық «Бурабай», «Луч», Еңбек­шіл­дер аудандық «Жаңа дәуір», «Сель­­ская новь» сияқты газет­тердің беттеріндегі «Хабар» телеарнасының сейсенбі, 31 мамыр күнгі бағдарла­ма­сын­дағы «Мағжан Жұмабаев» деректі фильмі «Мағ­жан Пятницабаев», ал, жексенбі, 5 мау­сым күнгі бағдарламасындағы «Ба­қыт­жан Жұмаділовті еске алу кеші» «Бақытжан Пятницаділовті еске алу кеші» болып жар­тылай қазақша, жартылай орыс­ша ша­тылып-бұтылып, мы­на құбы­жық­қа нанар-нанба­сы­мыз­ды білмей, дал болып отыр­ған  жайымыз бар. «Тіл туралы» алғашқы Заң­ның қабылданғанына биыл аттай 22 жыл. Алдағы желтоқсан­да тәуел­сіздігіміздің жариялан­ға­нына 20 жыл толмақшы. Сонда жеткен жеріміз осы ма? Біз «жә» деп баяғы үйреншікті сы­ңай танытқаны­мызбен, сол нәу­бетте жазықсыз­дан жазық­сыз атылып кеткен Мағ­­жан ақын аруағы жай күнге де емес, дәл 31 мамыр – Саяси қу­ғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне дөп келген бұл сай­қы­ма­зақ­тықты қа­лай кешеді?!.  Сон­дық­тан, егер тәуелсіз ел екеніміз рас болса, бұдан былай тұ­тас бір ұлт­тың намысын қорлай­тын мұн­­дай ар­сыздықтарға үзілді-кесілді ты­йым салатын уақыт жетті. Ал, енді  «жұманың» ор­ны­на адам­ның ойына кіріп шық­пас қайдағы жоқ «пятницалар» осы газеттердің (мүмкін, жал­ғыз бұл басылымдардың емес, респуб­ли­­ка­мызда шығатын бас­қа га­зет­тер­дің де)  беттерінде қалай өріп кеткен? Ол кімнің, қай аран­да­тушы­ның ісі?!. Жөпел­де­меде мұның анық-қанығына жете алмай отыр­мыз. Бірақ, қайт­кен күнде де жетіп, бір шара қолдан­ба­сақ, елдігімізге сын. Қа­зақ тіліне қарсы талай құқай­ды көр­генімізбен, тап мы­надай шектен шығушылық есте жоқ. Мұндайда адал пейілді орыс­тілді басылымдарға қыр­а­ғы­лық танытпаса болмайды. «Күл бол­ма­саң, бүл бол» деу жөнсіз. Абы­рой болғанда, об­лыс­тық «Арқа ажары», тағы басқа газеттерде бұл қателерге жол берілмей, бетке салынған жерінен түзетілген.  Ал, жоға­ры­дан тү­сетін теледидар бағ­дар­ла­ма­лары оқылмай, дайын­ға сеніп, сол күйі шығып жата­тын өзге  ба­сылымдарда осы  ос­па­дар қал­пын­да  кетіп қал­ған. Сонда қап­таған кезекші редактор, корректор, бас редактор ай бағып отырған ба?! Әлде бұл қасақана жіберілген қате ме?.. Қайырбай ТӨРЕҒОЖА, журналист. Көкшетау.