Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында бүгін, яғни 7 маусым күні ашылатын 7-ші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы (ДИЭФ) туралы баспасөз конференциясы болып өтті. Оған ДИЭФ-тің қор төрағасы Тун Муса Хитам, Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитет төрағасы Асылхан Серіков, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Қазақстанның ислам қаржысын дамыту ассоциациясының төрағасы Ерлан Байдәулет қатысты. Бұл форум ТМД және Орталық Азия аумағында тұңғыш рет өткелі отыр.
7-ші ДИЭФ «Ғаламдық экономикалық даму: қарым-қатынас, бәсекелестік, ынтымақтастық» тақырыбында өтеді. Форум аясында ислам банкингі, қаржылық инфрақұрылымды дамыту, ШОБ дамыту, энергияның балама көздерін, халал индустриясы және тағы да басқа мәселелерді талқылау жоспарланған бірнеше сессия ұйымдастырылмақ.
ДИЭФ аясында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылады деп күтілуде. Атап айтқанда, Қазақстан Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігі Үкіметі арасындағы конвенция, сондай-ақ Ислам даму банкі арасында өзара түсіністік меморандумы секілді бірнеше құжат бар, деп атап өтті Инвестициялар жөніндегі комитет басшысы Асылхан Серіков. Бұл меморандумда Ислам даму банкінің еліміздегі қызметінің келешегі көрініс таппақ. Меморандум шеңберінде ИДБ денсаулық сақтау, энергетика, өндіріс салаларында маңызды жобаларды қаржыландырып, Қазақстандағы исламдық банкинг дамуына қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, біз БАӘ-мен қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияға қол қоямыз, деді ол.
Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумының қор төрағасы Тун Муса Хитам форумды Қазақстанда өткізу туралы ұсынысты ұйымдастыру комитеті бірауыздан қолдағандығын айтты. Мен 7-ші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумының Қазақстанда өткелі отырғанына қуаныштымын. Біздің негізгі мақсатымыз – форум арқылы тек ислам елдері арасында ғана емес, жалпы барлық мемлекеттермен ынтымақтастық байланыстарды нығайтып, осы қарым-қатынасты ұлттық деңгейден әлемдік дәрежеге дейін көтеру, деді Тун Муса Хитам.
7-ші ДИЭФ аясында инвестициялық жобалардың көрмесі ұйымдастырылады. Оған түрлі салалар бойынша 120 жоба қатыспақ. ДИЭФ-тің іскер әйелдер және жас көшбасшылар форумын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ашса, 7-ші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумының салтанатты ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтілуде. Жалпы, шараға шет елден 2000-нан астам бизнес өкілдері, әлемдік деңгейдегі экономистер мен қаржыгерлер қатыспақ.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.