08 Маусым, 2011

Екінші мерзімге қайта сайланбақ

318 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун өзінің екінші мерзімге сайлану үшін кан­дидатурасын ұсынуға ниетті екенін мәлімдеді. Пан Ги Мунның өкілеттігі 2011 жылы аяқталуы тиіс. Оңтүстіккореялық Пан Ги Мун БҰҰ-ның Бас хатшысы болып 2007 жылы Кофи Аннан отставкаға кеткеннен кейін сайланған еді. Жаңа бас хатшы халықаралық беделді ұйым – БҰҰ-ны әлемдегі өзекті мәселелер мен халықаралық жағ­дайларға бұра білді. Сондай-ақ, ол ықпалды мемлекет­тер­дің ығына жығыла бермеу тұрғысынан да кеңінен танылды. ҚАЗА БОЛҒАНДАР САНЫ 120-дан АСТЫ Рейтер агенттігінің таратқан ақ­па­раттары бойынша Сирияның сол­түс­тік-батысындағы Джисер әл-Шухур қаласында қарулы топтың шабуыл жасауы салдарынан 120-дан астам адам мерт болған. Қаза тапқандардың басым көпшілігі полицейлер көрінеді. Ресми мәліметтерге қарағанда, полицейлер мініп келе жатқан көліктер белгісіз қарулы топтардың қоршауында қалған. Жергілікті телеарна 40-қа жуық полицей қаза тапты деп хабарлаған еді. Соңғы деректер мерт болған поли­цей­лердің қатары 100-ден асты дейді. Сирияда көтеріліс 2011 жылдың наурызында басталған еді. Көтерілісшілердің негізгі талабы – халықтың тұрмысын жақсарту және елдегі саяси жүйені демократияландыру. Әлі күнге дейін тоқта­маған көтеріліс салдары 1 мыңнан астам адамның өмірін жалмады. ДЕНЕСІНІҢ 40 ПАЙЫЗЫН КҮЙІК ШАЛҒАН Президент сарайына жасалған шабуыл кезінде шыққан өрттен Йеменнің президенті Али Абдулла Салехтың денесінің 40 пайызын күйік шалған. Сондай-ақ, оның өкпесі де едәуір зақымданғаны анықталған. Бұл туралы кеше CNN хабарлады. АҚШ әкімшілігі өкілінің пікіріне қарағанда, ол алған жарақатының ауырлығына байланысты жақын арада қыз­мет­ке оралмайды. Енді президент емделу үшін Сауд Арабиясына барады. Дипломатиялық дерек көздерінің мәліметтері бойын­ша, Салех қазіргі кезде Эр-Рияд қаласындағы бір ауруханада жатыр. Ал кейбір мәліметтер ел басшысының екі аптадан соң президенттік лауазымына кірісетінін айтады. Президент резиденциядағы бомба жарылысынан жарақаттанған. ЖАРЫЛЫС СЕБЕБІ АНЫҚТАЛУ ҮСТІНДЕ Молдова астанасы – Кишинев қаласының орталығында «Лада» жеңіл көлігіне қойылған жарылғыш зат жарылған. ИТАР-ТАСС ақпарат агенттігінің таратқан мәліметтері бойынша, жеңіл көліктің мемлекеттік нөмірі Ресейдікі көрінеді. Молдова ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Кирилл Моцпанның сөзіне қарағанда, жарылыс кезінде көліктің жүргізушісі зардап шеккен. Жарылғыш зат оның екі аяғын да жұлып әкеткен көрінеді. Министрлік баспасөз қызметі жетекшісінің айтуынша, жарылыс себебі анықталу үстінде. Ал жарылыс Сергей Лазо көшесіндегі офис маңа­йын­да болған. Бұл президент резиденциясы мен үкімет ғима­раты орналасқан жерден қашық емес. Ресейлік БАҚ-тар жа­рылыс кезінде үш адам құрбан болды деген ақпарат таратты. РЕЗИДЕНЦИЯСЫ ТАҒЫ ДА АТҚЫЛАНДЫ Франс-пресс агенттігінің таратқан ақпараттары бойынша, кеше ертеңгісін НАТО-ның авиациясы Ливия астанасы – Триполиді тағы да бомбалаған. Бұл – Ливия көсемі Муаммар Каддафидің резиден­ция­сы мен Парламент үйі орналасқан аудан. Қалада алғашқы бомба жергілікті уақыт бойынша сағат 10.45 минөтте жарылған көрінеді. Бірқатар ақпарат агент­тіктерінің мәлімдеуінше, ел басшысының резиденциясы орналасқан жерде бұдан кейін тағы үш бомба жарылған. Резиденция мен парламент үйінің біраз бөлігі үйіндіге айналған сыңайлы. НАТО-ның авиациясы осы күні қуаттылығы бір-бірінен асып түсетін 11 жарылыс жасаған. Баса-көктеп кіріп, егемен елді осылайша жермен жексен етуге кім құқық берді екен деген де сауал туындайтындай. ҮШ ЖЫЛҒА ШАРТТЫ МЕРЗІМГЕ СОТТАЛДЫ Мәскеудің Пресненский аудандық соты бизнесмен Виктор Батуринді алаяқтық жасады деген айыппен үш жылға шартты мерзімге соттады. Сондай-ақ оған 300 мың рубль айып салынды. Батурин мұны саяси тап­сы­рыс бойынша жасалған әрекет дейді. Интерфакс агенттігіне берген сұх­батын­да Батурин өзінің Мәскеудің бұрынғы басшысы Луж­ковтың жақын маңайында жүргендіктен, осындай жағдайға тап болғанын айтқан. Виктор Батурин Юрий Лужковтың зайыбы Елена Батуринаның туған інісі екендігі белгілі. Соттың анықтауы бойынша, ол өзіне тиесілі тұрғын үйді өзге біреулерге екі мәрте сатқан. Алғашында өзінің жа­қыны Игорь Вашкуринге 24 миллион рубльге, ал кейін Дмитрий Журавлев дегенге сатқан көрінеді. Сот бары­сында Журавлев бизнесменге қатысты өз талабынан бас тартып, істі жабу жөнінде өтініш білдіріпті. ҚЫЗЫЛ ЖАЛЫНДЫ ӘРЕҢ АУЫЗДЫҚТАДЫ Мәскеу қаласының орталығындағы көшелердің бірінде орналасқан тұрғын үй өртке оранған. Қызыл жалын үйдің екінші, үшінші және төртінші қабаттарына түгел жайылған. Өрттің күштілігі соншалық, ол көршілес орналасқан үйге де ауыз салған. Бұл туралы Интерфакс агенттігі хабарлады. Жергілікті ақпарат көздерінің мәліметтері бойынша, өрт сөндіру мәшинелері өз уақытында жеткен. Бұл тұрғын үй 1908 жылы архитектор Э.Р.Нирнзеенің жобасымен салын­ған екен. Қазіргі кезде онда біраз отбасы тұрып жатқанға ұқсайды. Бұған дейін бұл үй бірнеше рет өртенген көрінеді. Қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Интернет материалдары негізінде әзірленді.