Ысқақ пірәдардың жамбасы жерге тиген күні жаз бойы тамбаған жауын нөсерлетіп құйып кеп беріпті. Бұл жайға шағын ауылда таңданбаған жан қалмаған. Сол күн сегізден енді асқан Асқарәлі мен төрттен беске аяқ басқан Асанәлінің де есінде мәңгіге қалыпты. Шұбырған қалың жұртпен ілесіп, ауылдың батысындағы боз төбеге екеуі де барған. Шаршылай тереңдетіп, бүйірлей қазылған лақатқа бір сәт таңдана қарағандары да естерінде. Әлденеше жерден буылған ақ киіздің орауы ашылып, ішінен бөз матаға оралған аталарының жансыз денесі түсі суық қараңғы көрге түсірілгенде, бойларына аз-кем үрей сезімі ұялаған-ды. Есейіп қалған Асқарәлінің бетін жас жуып кеткен. Ал Асанәлі болса, болған жайдың ауыр екенін енді ғана ұғынып тұрғандай еді. Қатарында тұрған қаба сақал қарияның бірі: “Әй, Асқарәлі, Асанәлі, аталарыңа топырақ салыңдар”, – дегенде екеуі де еңкейіп, қолдан-қолға жағалап келе жатқан жалпақ күрекке бір-бір уыс топырақ салғандары да ұмытылған жоқ.
Міне, сол сәттен бастап-ақ ауыл аймаққа мүлтіксіз тазалығымен, тақуа-пірәдарлығымен аты шыққан абзал қария Ысқақтың орны үңірейіп-ақ қалды. Ағайын-жұртқа ақылшы болып, дін жолын мүлтіксіз ұстанған, дүние тартыстан, қырбай тірліктен бой тартқан дегдарлығы аяқжетер аймаққа оны ерекше танымал еткен-ді. Ол байларды бордай тоздырып, молдаларды қамшымен айдайтын шолақ белсенділердің әпербақан айқайынан еш қаймықпастан бес уақыт намазын да үзбей оқыған екен. Солар өзгелерге өкіректегенмен де, Ысқақ пірәдарға келгенде қоқан-лоққы жасауға олардың жүректері дауаламаған. Бірақ солай болса да, дүрбелеңді заманның шырғалаңды шиырларының Ысқақ пірәдар жанына салған жарасы аз болған жоқ.
Сонау XVIII ғасырдың аяғында Сырым Датов бастаған көтеріліс жеңіліске ұшырағаннан соң Кіші жүздің Шеркеш, Жағалбайлы, Тама, Телеу, т.б. тайпаларының үлкен тобы үркіншілікке ұшырап, Ойыл, Елек, Жем бойынан Арқа, Сарысу өңіріне еріксіз қоныс аударған. Осы аймаққа бауыр басып, оны 130-140 жылдай мекен еткен қалың ел жаңа өкіметтің солақай, содырлы саясатынан жан сауғалап, Оңтүстікке, Қаратау алабына үдере көшті. Сол көшкен жұрттың қалың ортасында Ысқақ пірәдар әулеті де болды.
Шеркештің Қосым әулетінің Шорасынан тарайтын Қолдасбайдың перзенттері Ысқақ пен Смайыл ұрпақтары сол нәубетте жол азабын тартып, Өзбекстен жеріне өтіп кетеді. Ысқақ ата мен Малайқызы Айбикенің кіндігінен тараған Мәдікен, Қойшыбай, Әлжан, Әшім, Қасым, Мәрия, Зейнеп, Гүлсін Әндіжан өңірінде тер төгіп, егін екті, керуенге жалданды, кіре тартты, тағдырдың бұйыртқан дәнін теріп жеп, жан сақтады.
Сол отыз төртінші жылдың ортасынан ауа, ел есін жиып, етегін жинай бастағанда жақын тумасы, “Интернационал” колхозының төрағасы Нұрлан Қозыбағаров оларды Өзбекстанға іздеп барып, елге алып қайтты. Қайтар жолда Ысқақтың бір туған бауыры Смайыл өз ұрпақтарымен Оңтүстік аймақта қоныстанып қалады да, Ысқақ пірәдар Қаратау теріскейіндегі Жайылма алабына, қалың ағайындардың ортасына оралады. Еңбекпен ерте есейіп, ат жалын тартып мінген балалары келген бетте ауыл тірлігіне белсене араласады. Осы жолы Смайылдың ұлы Серікті, оның анасы Ажаркүлді Ысқақ ата өзімен бірге алып кетіп, елге келген соң інісін үйлендіріп, өз алдына отау тігіп береді. Өкінішке орай, Серік те соғыста опат болып, соңында қалған жалғыз перзенті Амантай Әлжан мен Ұлбөбектің қолында тәрбиеленді.
Пірәдардың үлкен ұлы Мәдікен колхоз бастығының орынбасары болды. Қалған балалары колхозда жұмыс істеп, бидай екті, орақ орып, астық бастырды. Кісінің ала жібін аттамау, өзгеге зорлық қылмау, өзгенің несібесіне озбырлықпен ортақ болмау, кісі ақысын жемеу секілді бар ізгі қасиеттерді ұрпақтарының бойына сіңірген Ысқақ балаларының әр оң қадамына қуана қарап, марқайып жүргенде, отыз жетінің зобалаңы құт ұялай бастаған шаңырақты аямастан шайқалтып кетті.
Қырық жастың қырқасына енді ілігіп, белсене еңбек етіп жүрген Мәдікен жалған жаламен НКВД-ның құрығына ілініп, түрмеге жабылды. Оған Кеңес өкіметіне қарсы ұйымға қосылды деген айып тағылып, РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 7-тармағы бойынша жазаланды да, 25 жылға сотталып кете барды. Бұл жайлардың барлығы Ысқақ пірәдарға оңай соққан жоқ.
Ол бүк түсіп жатып қалады...
Әкесі дүние салғаннан кейін, Мәдікен бір жылдан соң түрмеде қайтыс болады. Кенже ұлы Қасым әскерде болатын. Ол 1939 жылғы фин соғысының жалынына оранып, небір қиын күндерді бастан кешті. Артынша майданның отты ошағынан бір-ақ шықты. Қойшыбай мен Әшім екеуі соғысқа кетті.Ауылда жалғыз Әлжан ғана қалған-ды.
Ысқақ пірәдардың қазасы туралы оның немересі, ақиық актер Асанәлі Әшімов былай деп жазады.
“Ысқақ атамыздың қаза болуының өзінде мән бар секілді. 1942 жылы ауылда шошқа фермасы ашылған. Сол қорсылдаған шошқаның бірі бас сауғалап қашып жүріп, атамыздың қорасына кіріп кеткен. Мұндай сұмдықты көрген пірәдардің қолынан құманы түсіп кетіпті. Шамасы, өмір бойы мұндай сорақылықты көрмеген ақсақал Аллатағаладан өзін бақи дүниеге қабыл алуын тілесе керек, ешқандай сырқатсыз-ақ жарықтық атамыз бірер күн төсек тартып, көз жұмды”.
Әрине, бұл оқиға пірәдар қазасының жедел болуына бірден-бір себеп болған да шығар. Бұған дейін де оның жан дүниесіне, жүрегіне түскен алуан салмақтар тым ауыр болған еді. Қойшыбайдан тараған немерелерінің бірінен соң бірінің қаза болуы да пірәдар атаға оңайға соқпаса керек. Кенже ұлы Қасымнан бөлек әскерге жедел шақырылып, майданға аттанған екі ұлының белгісіз тағдырлары да оның жанын жегідей жегені және бар.
Пірәдардың отбасына түскен ауыртпалық мұнымен біте қоймаған. Ысқақұлы Қойшыбай неміс фашистерімен болған шайқаста, 1943 жылы Смоленск облысының Жеребцово деревнясында қаза тапты. Ал Асанәлінің әкесі Әшім 1942 жылы хабар-ошарсыз кетті. Соғыста бірге болған туысы Жарылқасын Сырттанбеков оны былай деп еске алатын еді.
– Асанәлінің әкесі Әшімнің бауырлары өте тату-тәтті, іргесі ажырамаған, құдайына қараған жандар еді. Жалпы Әшім мен Қасым екеуінің реңі, пішімі бір-біріне қатты ұқсайтын.
Әшімнің мінезі жібектей, кісімсінуді білмейтін, өте әзілкеш жан еді. Жалпы, Асанәлінің әзілкештігі, тауып айтқыштығы әкесіне келеді. Бірде қалың атыс болып, оқтар төбемізден зулап ұшып жатқанда, қолындағы махорка салынған орама шылымын окоптан жоғары көтеріп:
– Немістердің оғының отымен тұтатып алайын, – деп қасындағыларды күлдіргені есте қалыпты...
Әшім соғысқа аттанғанда жұбайы Тәжіхан үш баламен қалған-ды. Олар үлкені Асанәлі және оның үйелмелі-сүйелмелі екі қарындасы Нұрила мен Балқия еді. Ерінің хабар-ошарсыз кеткені Тәжіхан анаға оңай соққан жоқ. Ол аз болғандай, қос көкөрім, бүлдіршін қыздары қызылша деген тажалдың қанды қанжарына оталып кетті.
Ал пірәдар әулетінің кенже ұлы Қасым қан майданның ортасында жүрді. Соғыстың екінші жылы ауыр жарақат алып, ұзақ емделген соң елге оралды. Ол әскерге алынар алдында Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қапыланбек зоотехникалық-малдәрігерлік техникумында үш жылдай оқыған болатын.
Майданнан оралған білімді жігітті аудандық басшылық жер бөлімінің зоотехнигі етіп орналастырды. Ол сол бір жылдарда қоғамдық мал басын көбейту, Сарыарқа мал жайылымын игеру жұмыстарының басы-қасында болды. 1948-1950 жылдары Арқадағы штабтың басшысы болып қызмет атқарған жылдары оның қабілет-қарымы, ұйымдастырушылық машығы бар жағынан жарқырап көрінді. Бүкіл Жамбыл облысы бойынша аудан алдыңғы қатарға көтерілді. Ауданның жиырмаға жуық малшысы Социалистік Еңбек Ері атанды. Шаруашылықтың білгір маманы болған Қасым Ысқақов бұдан кейінгі жылдары Байқадам МТС-інде, “Коммунар”, “Байқадам” совхоздарында бас зоотехник болып, жемісті еңбек етті. 1966 жылы оның қажырлы еңбегі жоғары бағаланып, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Сол жылдары Бетпақдала мен Шу өзені алабындағы шұрайлы, құйқалы өңірді барынша тиімді игеру мақсатында бірнеше совхоздар құрылған болатын. Ол жаңадан ұйымдастырылған “Шығанақ” совхозына директор болып тағайындалып, осы шаруашылықты табаны күректей он үш жыл басқарды.
Аз ғана уақыт арасында бұл совхоз облыстағы ең маңдайалды шаруашылықтардың деңгейіне көтерілді. Артезиан құдықтар қаздырылды. Қалың құм ортасы жасыл желекке бөленіп, олардың маңына тал-дарақтар отырғызылды. Еңселі мектеп, көрікті мәдениет үйі бой түзеп, көшелерге асфальт төселінді. Сол ауылдың құт-берекесі болып отырған Қамқалы көлінің солтүстік қанатына ағаштар егіліп, ол кәдімгідей ел тынығатын елеулі орынға айналды.
Абзал ағаның зор еңбегі ескеріліп, оған Қазақ КСР-ына еңбек сіңірген ауылшаруашылық қызметкері атағы берілді, “Құрмет Белгісі” орденінің иегері атанды.
Қасым аға 1982 жылы дүние салды. Оның есімін есте қалдыру мақсатында Саудакент ауылындағы үлкен көшеге аты беріліп, оның кіреберісіне еңселі ескерткіш тақта орнатылды.
Асанәлі ағамыз естеліктерінде Қасым ағаның кісілігін, әке орнында әкедей қамқор болып, бар жағынан қолдау көрсеткенін “Жан бөлек” кітабында тебірене жазады. Ол сүйікті жары Майра мен Қасекеңнің арасындағы сыйластықты, қалада өсіп, ана тіліне шорқақтау өскен келінінің тілін қызықтап, мейірленетін сәттерін елжірей еске ала келіп, былай дейді:
“Асыл атамның ең кенжесі, бәрімізді ел қатарына қосып кеткен, біз үшін отқа да, суға да түскен қайран, Қасым көкем! Бұл кісінің еңбегіне бүгінгі харекетіміз татитын болса, екі есе бақыттымыз, әрине.
Әкемнің орнын жоқтатпай, бүгінгі күнге аман жеткізіп, Майрашымның көңілін көкке көтеріп кеткен Қасекеңе арнап бір кітап жазсам да аздық етер еді”.
Қасым ағаның шаңырағын шайқалтпай ұстап отырған Рахима жеңгемізден тараған ұрпақтар бүгінде әр салада абыройлы еңбек етіп жүр. Үлкен ұлы Тұрар да әкесі тігіп кеткен тудың тұғырын шайқалтпай, абыройлы қызмет атқаруда.
Ысқақ пірәдардың 1933 жылы туылған үлкен немересі Асқарәлі да жастайынан ауыл баласына тән қызықты да қиыншылықты өмірді бастан кешті. Әке алақанының аялы табын толық көре алмады.
НКВД-ның қармағына әкесі іліккенде, Асқарәлі небәрі бес жаста болатын. Бір жылдан кейін анасы Ұлтай дүние салады. “Жығылғанға жұдырық” дегендей, ауыл белсенділері бұларды жиі түртпектеді.
Мәдікен қамаққа алынғаннан кейін үш жылдан соң, яғни 1941 жылдың күзінде ол Жамбылдан сол кездегі аудан орталығы Байқадамдағы НКВД-ның түрмесіне әкелінеді. Сол жолы қайнағысына ас-су апарған келіні Тәжіхан мен әкесін көруге барған Асқарәліге түрме бастығы онымен кездесуге рұқсат бермеген. Түрменің темір торлы терезесі тұсына келіп, жолыққан сәтін Асқарәлі аға өз естелігінде былай деп жазады.
«Көкем сол кезде дауыстап: «Менің айналайындарым, ауыл-аймақ аман ба? Кім-кім келіп тұрсыңдар? Есік саңылауынан мен сендердің көлеңкелеріңді көріп, қуанып тұрмын». Тәжіхан жеңгем екеуміздің келгенімізді айтты. Көкем бізден: «Атаң мен әжелеріңнің дендері сау ма? Ауылда қандай жаңалықтар бар? Айта беріңдер, мен естіп тұрмын. Менің жағдайым жақсы. Уайымдамаңдар. Мен қылмыскер емеспін. Алла қаласа, жақында шығып қалармын. Ауылдағыларға түгел сәлем айтыңдар», – деді де, әрі қарай көрінбей кетті. Айдауылдар алып кеткен ғой деймін. Кездесуіміз сонымен бітті».
Ата-анадан айырылғаннан кейін Асқарәліні атасы Ысқақ пен әжесі Айбике, ағалары Қойшыбай, Әлжан, Әшімдердің құдай қосқан қосақтары Алтынкүл, Ұлбөбек, Тәжіхандар қамқорлықтарына алып, өз балаларынан кем қылмай, туған анасындай аялап, тәрбие беріп өсірді.
Сол Асекең 1955 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін Сарысу ауданында Байқадам МТС-ында еңбек етті. Аудандық «Казсельхозтехниканы» ұзақ жылдар бойы басқарды. Партия комитетінде және ауыл шаруашылығы басқармасында лауазымды қызметтер атқарды. Асқарәлі Мәдікенов – Сарысу ауданының Құрметті азаматы.
Жалпы, пірәдар әулетіне түскен келіндердің татулықтары кезінде ел арасында аңызға айналған. Қыс бойы өздері қолдан соққан, үш бөлмелі үйде бірге тұратын да, жаз шыға әр отау аула ішіне киіз үйлерін тігіп, алқа-қотан отыратын. Алайда бір қазанда дәм пісіріліп, бір дастарқаннан ас ішілетін дәстүрі күні кешеге дейін жалғасып келген екен.
Қойшыбайдың әйелі он баланы дүниеге келтірсе де, перзенттері қаратабан болған шақтарында, жүгіріп жүргенде мейірімсіз ажал аранына түсіп кете берген. Алтынкүл жасы да, жолы да үлкен болғандықтан, ата-енелері кеткен соң бүкіл әулеттің анасы атанды. Асқарәлі мен Раяның дүниеге келген перзенттерінің барлығы сол кісінің аялы алақанын көріп, бауырында өсті.
Сол ұядан қанат қағып ұшқан Алтынкүл апаның немерелері ел еңсесін көркейтуге мол үлес қосты. Үлкені Болат құрылыс, атқару саласында қажырлы еңбек етті. Облыстық әкімдікте бөлім бастығы, алты жылға жуық Сарысу ауданының әкімі болып абыройлы қызмет атқарды. Қазір Жамбыл облысы әкімдігінің төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасын басқарып отыр.
Әлжанның әйелі Ұлбөбек ана да бір ауыз қатты сөзі жоқ, жүрегі нұрға толы абзал ана болды. Ұлы Белетәлінің беймезгіл ауыр қазасын, қызы Зәурештің ауыр дерттен өмірден озғанын басынан өткерді. Асанәлі ардақ тұтқан асыл ана Ұлбөбек келіні Айбала екеуі Белетәлінің бар балаларын қанаттандырып, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды.
Асанәлі ағамыз естелігінде ол кісі туралы былай деп толғанады.
“Баласы үшін ана отқа да, суға да түсетіні анық. Менің Ұлбөбек шешем туған анамнан кем болған жоқ. Ене сүтін бермесе де, елік сүтін берді. Тәрбиеледі, асырап бақты, аялы алақаны арқамызға тиді. Анам Тәжіханды колхоз кезінде зорлықпен Сібірге ағаш кесуге жібергенде, осы кісілердің қамқорлығын көрдім. Біздің әкелеріміз бес ағайынды еді. Мені осы уақытқа дейін таңдандыратыны осы әкелерімнің әйелдерінің абысын-ажындық татулықтары ғажайып еді. Кішкене сенегі бар қоржын тамда үш-төрт үйдің адамдары тату-тәтті тұрды. Мәдікен әкеміз 25 жылға айдалды, Ақтөбе түрмесінде қаза болды. Қойшыбай қырық үшінші жылы Смоленскіде қаза тапты. Менің әкем Әшім хабар-ошарсыз кетті. Қасым аға соғыста болды. Сондағы шешелерімнің татулықтары сонша, бір-бірімен еш «шәй» деспейтін еді. Ал Алтынкүл, Ұлбөбек шешелерімнің кеңдігі, мінезділігі елде жоқ. Кейде үлкендік қылып, Ұлбөбек шешемнің жалғыз ұлы Белетәлі інімді сойып салғанда, бір қыңқ демейтін. Өзімнен үлкен Асқарәлі ағам мені ұрып жатқанда өз шешем Тәжіхан да бір реніш білдірмеуші еді. Бүгінде мұндайды көз алдыма елестете алмаймын. Осының барлығы тақуа, пірәдар, иманды үлкен әкеміз Ысқақтың тәрбиесінен берілген бе екен деп те ойлаймын”.
Ал Ұлбөбек апаның қариясы Әлжан әкейдің мінезі салмақты, жас шағынан бейнетке піскен еңбекқор адам болды. 1957 жылы алғаш рет бірнеше колхоз Калинин атындағы совхоз болып біріккенде, жаңашыл директор Арынғазиев Хамит ауыл орталығын қалалық жүйемен жоспарлап, көгеріштендіруге көп көңіл бөлді. Саясы мол қаратал мен үйеңкі ағаштарын көп отырғыздыртты. Сөйтіп, ауылды абаттандырып, ажарландыруға зор үлес қосқан Әлжан қарияның әр өскінді балапандай мәпелеп өсіргеніне көнекөздер куә. Осыдан жарты ғасырдан астам бұрын егіліп, саялы желекке айналып, кейін күтімсіздікке ұшыраған дарақтардың біразы Әлжекеңнің көзіндей болып, бұл күнде де сақталып қалған.
Міне, осындай ортада өскен Асекеңді соңғы жылдары туған елі, жері туралы ойлар жиі мазалағаны анық. Ол: “Елдің рухын, тұрмысын көтермей жақсы өмірге жетуге бола ма?! Туған жердің топырағын әр басқан сайын осы бір ой көңілді алаңдатып, жүректі тербейді. Әрдайым елімнің бір кәдесіне жарай білсем деген тілекпен тыныстап жүрмін”, – деген еді. Сол жүректі мазалаған ой 2006 жылы толық іске асып, Жайылма ауылының дәл ортасынан Ысқақ пірәдар атындағы әдемі де көрнекті мешіт ашылып, ел-жұртының игілігіне айналды.
Ол асып-тасып бара жатқандықтан емес, өзінің адал ақы, маңдай терімен тапқан қаржысын халық игілігіне жаратқандығын көңілге медеу етті.
Биыл Ысқақ пірәдардың туғанына 150 жыл толып отыр. Оның тікелей ұрпақтары, ағайын-тумалары, жерлестері жуырда атап өтілер осынау мерейлі күнді асыға күтіп жүр.
Асекең елге келгенде ұлы Олжасты, келіндері Айжан мен Соняны, немерелері Нұрәлі мен Нұриланы, Аңсар мен Майраны, сүйікті жары Бағдат пен кіші Асанәліні ата мешітіне әкеліп, өзі туған жердің топырағына, аяулы атасы мен әжесінің рухына тағзым еткізу дәстүрін еш ұмытқан емес. Мұны да бір көпшілікке ғибрат болар үлгі деп ұққан жөн.
Ысқақ атаның бүгінде көзі тірі немерелері Асқарәлі, Асанәлі, Тұрар, Амантайлар пірәдардың мәуелі бәйтерегінің енді оталмайтынына, бұтағының майырылмайтынына сенімді. Олардың жатса-тұрса тілейтіні – елдің тыныштығы мен берекесі, ұлтының амандығы, ділі мен тілінің, дінінің беріктігі.
Пірәдар ата көкейінде кеткен көп армандардың бір парасы осылар болған шығар. Жүрегі таза, ниеті ақ, иманды адамзат баласының ойларының тоғысар, үндесер, бір арнаға құяр жері де осы болар.
Пернебай ДҮЙСЕНБИН, Жазушылар одағының мүшесі.