Үкімет • 03 Мамыр, 2017

Маңызды міндеттер межесі

90 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төраға­лығы­мен өткен ке­зек­ті Үкімет отырысында бір­неше мәселе талқы­лан­­ды. Айталық, 2017-2020 жыл­­дарға арнал­ған Қа­зақ­­­­стан Респуб­лика­сы­­ның дін саласындағы мем­­лекеттік сая­саты­ның тұжы­­рымд­амасы, мәдениет нысандарын дамыту және жаңғырту, сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесі аясын­дағы мәде­ни және спорт­тық шаралардың ке­шен­ді бағдарламасы қаралды.

Маңызды міндеттер межесі

Имандылық –жүректе 

«Құдайды өз жүректеріңіз­ден іздеңіздер, оны басқа еш жер­ден таппайсыздар!». Дін туралы тұжы­рымдамаға қатысты Үкі­мет басшысы Б.Сағынтаев кеше осылай деді. Яғни, қоғам болып әр адамның жүрегіне осы түсінікті жеткізу керектігін алға тартты.

Жиында дінге қатысты тұжы­рым­дама жайында Дін және азаматтық қоғам істері ми­нистрі Нұрлан Ермек­баев баяндаған болатын. Министр­дің мәлім­деуінше, құжат жоба­сын­да атал­ған саладағы мем­л­екет сая­саты­ның басымдық­тары нақ­ты­лан­ған. Мәселен, діни бір­лес­тік­тердің қаржы-шаруа­шылық және үгіт-насихаттық қызметінің ашық­тығын қамтамасыз ету бойынша талаптар нақты белгіленген. Сонымен қатар, зайырлы даму қағи­даттарын нығайту жұмыстары жалғастырылуда. Атап айтқанда, зайырлы мемлекет діни бірлестіктердің ішкі істері мен ережелері мәселелеріне ара­лас­пайтыны, ар-ождан бос­тан­дығы сақталатыны айтыл­ған. Әйтсе де, мемлекет діни бірлес­­­тіктердің мазмұндық және қоғамдық қызметін реттеп және бақылап отырады, заңдар мен мемлекеттің мүдделерін сақ­тауын талап етеді. Сонымен қатар, ұсынылған жобада діни ұрандарды жамылған кейбір діни ағымдардың экстремистік идеологиясына қарсы тұру және бүлік салуынан сақтау бойын­ша жалпы мемлекеттік жүйе қалыптастыру туралы да айтылған. Соған сай, барлық салаларда – білім, мәдениет, спорт, БАҚ, денс­аулық сақтау, отбасы және неке институттарында кешенді жұмыстар жүргізу ұсынылады.

Тұжырымдаманы талқылау­дан соң Премьер-Министр Б.Сағынтаев Қазақстанның көп конфессиялы мемлекет еке­нін және елімізде дінге қатыс­ты мә­селелерге баса назар ауда­ры­ла­тынын атап өтті. 2017-2020 жыл­дарға арналған дін сала­сын­дағы мемлекеттік саясат тұ­жы­рымдамасы қоғамдық сана­ның және жалпы қоғамның тұрақты әрі үйлесімді дамуын қам­тамасыз етуі тиіс. Осыған орай Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне өңірлермен бірлесіп, рухани-адамгершілік тәрбие мен қоғамда радикалды діни идеяларды таратуға жол бермеу жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажет. Бұдан өзге, аталған салада дұрыс тәрбиелік әрі ағартушылық жұмыстарды бірлесіп атқарып, конфессиялар арасындағы келісімді нығайтуға күш салу керек.

Мәдениетке ерекше мән берілуде

Елімізде бүгінгі таңда 7853 мәдениет ұйымы бар екен. Оның ішінде 64 театр, 4118 кітапхана, 238 музей, 39 концерт ұйымы, 94 кинотеатр, 3296 мәдени ұйым мен ойын-сауық саябағы, 4 цирк болса, 38 ұйым республикалық ма­ңызы бар мәртебеге ие. Кешегі отырыста, міне, осындай мәде­ниет нысандарын дамыту және жаңғырту бойынша шаралар қарастырылды. Бұл ретте Мәде­ниет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы респуб­ликалық мәдениет мекемелерінің қызметін жүйелендіру бойынша жүргізілген жұмыстар туралы баяндады. Атап айтқанда, мемле­кеттік мәдениет мекемелерінің ең төменгі мемлекеттік нормативтері мен типтік штаттары бекітілген. Сонымен қатар, Үкімет белгілі бір күндері азаматтардың барлық санаттары үшін, ал оқушылар үшін – тақырыптық сабақтар мен мектеп каникулдары күндері театр­лар мен музейлердің тегін болуын ұйымдастыру бойын­ша шаралар қабылдауды жоспар­лауда.

Министрдің айтуынша, «Мә­де­­ниет туралы» заңға Парла­мент Сенаты деңгейінде мақұл­данған өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Түзетулерге сәйкес, мәдениет ұйымдарын құру, тарату мен қайта құру мәсе­лелері тек министрліктің келісімі арқылы ғана шешіледі. Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу тәртібін реттейтін норма әзір­ленуде, мұндай әдебиет­тер Үкі­мет жанындағы ведомство­ара­лық комиссия деңгейінде, қа­ламақы төлеуді ескерумен жүзеге асырылады. Министр, сон­­дай-ақ, 2020 жылға дейін ту­рис­тік саланы дамытудың жаңа тұжырымдамасының жобасы әзірленіп жатқанын да атап өтті.

А.Мұхамедиұлы сонымен қатар, 2015 жылы барлық рес­пуб­ликалық музейлер мен қо­рық музейлері республикалық мемлекеттік мекеме мәртебесінен мемлекеттік қазыналық кәсіп­орын­ға ауысқанын жеткізді. Ми­нистрдің пайымдауынша, бұл оларға ақылы қызметтер көр­сетуге, соның есебінен жеке ғылыми-әдістемелік базаларын дамытуға мүмкіндік берген. Ал мәдениет және өнердің білім беру мекемелері министрліктің басқаруына берілген болатын. Соның нәтижесінде бүгінде шы­ғар­машылық кадрларды үздік­сіз дуалды оқыту қағидасы қам­тамасыз етілген.

Отырыста сондай-ақ, білім саласын­дағы мәдениет нысан­дарын дамыту және жаңғырту мәселелері туралы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев баяндады. Өз кезегінде министр соңғы кезде музейлерге жұмыс істеуге баратын білім алушылар саны артқанын айтты. 2016-2017 оқу жылында өнер мамандықтары бойынша білім алушылар құрамы 19 мыңнан асады екен. Ал, өткен жылы небәрі 2 жарым мың ғана адам бітіріп шыққан. Өнер және мәдениет мамандықтары бойынша колледждер мен техни­кум­дарда 13 мыңға жуық адам білім алуда.

Қолжетімділік қажет

Тақырыпты талқылау қоры­тын­дысында Премьер-Министр Мемлекет басшысының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында белгіленген міндеттер тұрғысы­нан мәдениет саласын дамыту және халыққа мәдениет нысан­дары­ның қолжетімділігін артты­ру бойынша бірқатар шара­лар әзірлеу керектігін айтты. Мәсе­лен, Астананың қоғам­дық орындарында, мәдениет ұйым­дарында өтіп жатқан бар­лық оқиғалар туралы азамат­тар­ды құлақтандыратын ақпа­рат­тық бағандар орнату идея­сын қолдады. Премьер-Министр осындай жұмысты еліміздің барлық өңірлерінде жүргізу қа­­жет­­тігін айтты. Сондай-ақ, Ба­қыт­жан Сағынтаев қазақстан­дық­тар еліміздің мәдени жә­не тарихи ескерткіштерін те­гін аралау мүмкіндігіне ие болуы қажет екенін баса айтты. Осыған байланысты Мәдениет және спорт министрлігіне өңір­лер­дің әкімдіктерімен бірге еліміз бойынша танымдық және этно­гра­фия­лық саяхаттарды тегін ұйым­­дастыру үшін жағдай жа­сау тапсырылды. Сондай-ақ, Қазақ­стан тұрғындары мен қонақтарының мәдениет нысандары мен қызметтеріне барынша қол­жетімділігін қамтамасыз ету тапсырылды.

ЭКСПО шаралары ойдағыдай өтуі тиіс

Үкімет назарына ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өтетін мәдени және спорттық шаралардың ке­шен­ді бағдарламасы ұсыныл­ды. Мәдениет және спорт ми­нистрі А.Мұхамедиұлы баянда­ған­дай, ЭКСПО-2017 мәдени бағдарламасы көп ұлтты  Қазақ­стан халқының мәдениет және спорт саласындағы жетістік­терін кеңінен паш етуді қарастырады. Қазақстанның дәстүрлі мәде­ниеті­нің экспозициясының негізі «Этноауыл» ұлттық мәде­ни кешен болады. Сонымен қатар, «Қазанат» ипподромында ұлттық спорт түрлері бойын­ша республикалық және халық­­ара­лық жарыстар өтеді. Ха­лық­аралық көрмені өткізу кезінде Мемлекет­тік опера және балет театрының сахнасында 50-ден астам шара өтеді деп көздел­ген. Ұлттық музей ЭКСПО-2017 көр­месі кезін­де республика­лық және халық­аралық деңгей­дегі көрме­лер өткізеді. Мәдени бағдар­лама­да ашықаспан астын­дағы спектакльдер мен концерт­тер қойылымдарына ерекше көңіл бөлінген.

ЭКСПО-2017 кезеңінде 14 ірі спорттық шара өткізу көздел­ген, оның ішінде 6 әлем чем­пио­наты, 2 Азия чемпионаты, 3 ха­лық­аралық шара, 2 Қазақстан Пре­зиденті Кубогы, Дүниежүзілік бокс кеңесінің жыл сайынғы мерейтойлық 55-ші конвенциясы бар. Еліміздің аумағымен автомо­тос­порт бойынша «Жібек жолы-2017» халықаралық ралли маршруты өтеді.

Қорытынды сөзінде Б.Сағын­таев халықаралық көр­мені өткізу үшін ауқымды ұйым­дастыру­шы­лық жұмыстар жүргізілгенін айтты, енді жоспар­ланған шара­лар кешенін сапалы түрде жүзеге асыру міндеті қалды. Мәдениет және спорт министріне осы жұ­мыс­ты жалпы үйлестіруді қам­та­масыз ету тапсырылды.

Динара БІТІКОВА, 

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Он үшінші білім ошағы

Білім • Бүгін, 07:20