Бұл – 1970-жылдардың басында болған оқиға. Ауылдағы 3 айлық механизаторлар курсын ойдағыдай тәмамдаған Олжабай Кәрбозовқа басқарма жас маман деп мадақтап, ескі «Беларусьтің» тізгінін ұстата қояды. Тай-құлындай тебісіп өскен Еркетайдың да қуанышында шек жоқ. Екеуі гараждан шыққан бойда, мақтанышпен үйге жол тартады. Жолай көліктің руліне Еркетай да бірауық отырып, мауқын басқан. Бұйыртса, алдағы 5-6 күнде Еркетайдың да қолы осындай бір «Беларусьті» дөңгелетіп жүргізуге жетіп қалмақ.
Ауылдың ішіне кірген соң тізгінді трактор иесінің өзі – Олжабай алады. Сіркіреген күздің ауыр жаңбыры тозығы жеткен трактордың маңдай алды терезесін бүркіп, бір жағы алабұртқан жеткіншектердің ыстық демінен буланып, әурелеп келе жатты. Жер тайғақ. Автобус аялдамасына дейінгі кілт бұрылыста автобус тосып қараң-күрең еткен бір топ әйел тұрған. Доңғалағының бүрі кетпесе де тайғанақтап келе жатқан «Беларусь» асфальт жолға түсісімен жылдамдығын сәл арттырып, аялдама тұсынан өте берген. Қырсық айналдырса, аяқ астынан екен... Жанұшыра шыққан әйелдердің айқайы «тырылдаған» трактордың даусынан да ащы естіледі.
– Асфальт жолдың қақ ортасына дейін шығып алып, кесе-көлденеңдеп автобус тосып тұрған тау халқының өкілдеріне – чешен әйелдеріне соқтығысамыз деген ойымызда болып па? – дейді сол күндерді еске алған Еркетай Баялиев риясыз жым-
иып. – Аялдаманың дәл тұсындағы ауыл клубының қабырғасына жаңадан ілінген киноафишаға көз жүгіртіп, «Кинодан соң би болады екен...», деп аузымды жиып үлгергенше болған жоқ, жанұшыра айқайлаған әйелдердің дауысы шықты емес пе?! Сөйтсем, мен мойын бұрып афиша оқып жатқанда, Олжабайым да рульді еркіне жіберіп, киноафишаға тесілген ғой. Әйелдер шілдей шашырап қашады. Қашып үлгермеген жалғыз әйел трактордың астына түсіп қалған...
Екі жасөспірім жерге секіріп түссе, бет-аузы қан-жоса әйел орнынан тұра алмай «ойбайлап» жатыр. Өзге әйелдер көшені басына көтеріп – азан-қазан. Абырой болғанда төрт доңғалақтың ортасында қалса да, аяқ қолы сау екен, трактордың артқы ілгегі жағасынан іліп 5-6 метрге дейін сүйрепті. Жарақат алған әйел дереу кабинаға көтеріп мінгізіліп, колхоздың ауруханасына жеткізіледі. Зардап шегушіге дәрігерлер жедел жәрдем көрсетіп, аймандай болған бет-ауызды таңып, төсекке жатқызып тас-
тайды.Тракторшылар сыртқа шықса, бір қора әйел жаяулап, «жау шаптырып» аурухананың ауласына кіріп келеді екен. Шаң-шұңнан қашып, бірден колхоз кеңсесіне барған балаң жігіттер мән-жайды баяндайды. Олжабайдың қолы енді жеткен тракторды басқарма тартып алып қоя ма деген қауіппен достар апатты сәтте «Беларусьтің» рулінде Еркетай Баялиевтің отырғанын айтады.
Әне-міне дегенше алакеуім кеш туып, оқиғадан хабардар болған кілең чешен ұлысы тұратын ауыл дүрлігіп, екі «Волга» мен екі «Победаға», бірнеше «Москвич» пен бірнеше үшаяқты мотоциклге, бір «ГАЗ-54» жүк автомобилінің қорабына сықия мінген халық көші трактор апаты болған Шиенге шұғыл бет түзейді. Тез арада хабар жеткен соң Шиен ауылының беделдісі Жайлаубай Иманбаев ақсақал бастаған ауыл азаматтары да қарап жатпай Олжабайдың тракторы ойқастаған аялдамада ашулы топтың алдын тосып тұрады. Олжабай мен Еркетайды үйге қамап қойып, шарбақтың аузында белін бүйіріне таяп Әбназар қарттың кемпірі Дәнебала апам шығады «келсең кел» деп.
Чешендердің ашулы көші аттың басын алдымен ауыл шетіндегі ауруханаға бұрады. Бет аузы үлдірекпен шандылып байланған зардап шегушінің жайына қанығады. Содан олар ендігі жерде кінәліні тауып жазаламақ оймен орталық көшеге шұғыл бет алады. Үлкен көшеде алғашқы кездескен ауыл тұрғынынан тал түсте бір топ чешен әйелін таптап өтпек болған «жаужүрек тракторшының» кім екенін, үй-жайын сұрайды.
– Ол өздеріңнің Покровкадан бұдан 5-6 жыл бұрын Шиенге көшіп келген Әбназардың баласы Еркетай деген жүгірмек... – дейді ауыл тұрғыны. – Қатынды трактор басқан жерде ауылдың ақсақалдары сендерді тосып тұр, қалған әңгімені солар айтады...
Керуенді Покровка бөлімшесінің басқарушысы Сиддиков Нәжмүддиннің өзі бастап келеді. Зардап шеккен әйел сол беделді де белсенді Нәжмүдиннің туған келіні екен. Қаһарына мініп алған Нәжмүддин кездескен әлгі ауыл адамынан енді былай деп сұрайды ғой.
– Не айтып тұрсың, Әбназар атаның ол баласы трактор айдайтындай жаста ма... әлі титтей емес пе? Сөйтсе, қаны қызу халық Әбназар қарттың есіміне жақсы қанық болып шықты. Сол арада өзара біраз қауқылдасып тұрып қалады.
– Титтей болса – ер жетпей ме? 18-де, соқталдай жігіт болған. Тракторды алғанына да екі-үш күн...
Ендігі қызықты қараңыз!..
Апатты бұрышқа 100 қадамдай жер қалғанда, ондағы қаралы топтың төбесін көрмей-ақ, ашулы әлгі чешен керуені көліктерін кілт кері айналдыра бұрып, қайтадан Покровкаға шұбатылған күйі тартып кетеді.
18 жасар Еркетайдың арқасында дүрлігіп басылған ауыл күнделікті тірлігіне қайта көшеді. Айтуға ғана оңай... Әбназар Баялиев ақсақалдың атын естіген сәтте чешендердің сабасына түсуінің сыры неде еді?
Ақсақалдың кенже ұлы – бүгінгі әңгіменің басты кейіпкері Еркетай Баялиевтің өз сөзіне құлақ түріп көрейік.
–1944 жылы жер аударылған чешен-ингуштың отбасын біздің Покровкаға әкеліп төгіп тастайды. Ол тұста атам ауылдағы бөлімше басқарушысы қызметінде екен. Арып-ашып келген чешендерге жақсылығы әбден өткен ғой. Менің ес жиып қалған кезім, атам баяғыда зейнетке шыққан. Жылқы зауытының орталығы – «Дегересте» жиналыс болып жатса, чешендер «ГАЗ-54»-тің қорабын толтыра мініп үйге келетін де, басқарушы Нәжмүддин кабинадан секіріп түсіп, онда атамды демеп отырғызып, өзі бортқа қарғып шығып, алып кететін. Бірі қалмай көліктен түсіп, атама жапырыла сәлем беретін, бәрі көз алдымда... Елтірі папахалары даңғарадай чешен-ингуштың ақсақалдары анда-санда тобымен келіп, атамның хал-жайын сұрап жататын. Атам дүние салған соң, ол тұста мен 11-12 жас шамасындамын, апам, мен, қарындасым Роза үшеуміз Шиенге көштік. Одан соңғы оқиға жоғарыдағыдай.
...Бұдан 40 жылдан астам уақыт өмірде болған осынау оқиғаны жыл сайын 1 мамыр мерекесі қарсаңында – Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтіп жатқан сәтте есіме түсетіні тектен тек те емес! Көпұлтты халықтың ынтымақтастығы, бірін бірі түсінуі, былайша айтқанда, сыйластық деген ұғымның бар пәрменімен аталып өтетін осы күндері жастығымның айнасындай болған ұзынағаштық азамат Еркетай Баялиевтің сол бір ерлікке бергісіз бір ісі туралы газетке жазсам ба деген ой жылт ететін де жүретін. Соның орайлы сәті бүгін түскен секілді...
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Жамбыл ауданы
Суретте: кәсіпкер Еркетай баялиев
Суретті түсірген Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ