Міне, осындай сабақтастықты жалғап келе жатқан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы үнемі алдыңғы орындардан көрінуде. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде бұл қолбасшылықты генерал-лейтенант Федор Щербаков, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов, генерал-лейтенант Николай Поспелов, генерал-майор Василий Рысбаев және тағы басқалар басқарып, Семей қаласында абыроймен қызмет ете білді. Осы қолбасшыларға Елбасының тапсырмасымен Тәуелсіз Қазақстанның қуатты армиясын жетілдіру жұмысы тапсырылды. Олар өз міндеттерін абыроймен атқарды.
– Сардарлар мен сарбаздардың айтулы легін дайындай білген осынау білікті басшылардың тәрбиесінен шыққан азаматтар бүгінде Қазақстан Қарулы Күштерінің жетекші, басшылық қызметтерінде жүр, – дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Нұрлан Қашағанов. – Тә-
уелсіздіктің 25 жылында жеткен жетістіктеріміз ауыз толтырып айтарлықтай. Қатарынан төрт жыл бойы Құрлық әскерлері арасында бірінші орын алып отырмыз. Қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов Қарулы Күштердің әскери мәжілісінде 2017 оқу-жаттығу жылын «Қарулы Күштердің 25 жылдығына – жоғары жауынгерлік дайындық!» ұранымен өткізуді ұсынды. Мұның бәрі де ел қорғанысы қамында атқарылып жатқан жұмыстар. Біздің мемлекетімізді қорғау – маңызды іс. Әскери борышын өтеуші әр жауынгер өз міндетіне жауапкершілікпен қарауы керек. Ал иығында погоны бар әскери жауапты азаматтардың бойында патриоттық сезім, туған жерге, Отанға деген құрмет міндетті түрде болуы шарт.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы өзінің әскери дайындықтарын күн санап арттыра түсуде. Жақында 28738 әскери бөлімінің жауынгерлері артиллериялық дивизия ретінде тапсырмаларға сақадай-сай әзірліктерін көрсетті. 220 әскери қызметші мен 39 әскери міндетін өтеуші сарбаз «ұрыс алаңына» 2А36 маркалы 5 техниканы, 3 оқтаушы көлікті және тағы басқа да қажетті техникаларды шығарды. Бұл әскери бөлімде жауынгерлер өздерінің біліктіліктерін үнемі шыңдап тұрады. Әскери борышын өтеуші сарбаздар теориялық жағынан алған білімдерін тәжірибемен ұштастырады. Ал дивизион ма-
йорлары Жалғасбай Исмұхамбетов, майор Нұрлан Апсатаров, капитан Жалын Құрмашев, капитан Фархат Тойчин жауынгерлердің дайындығына әркез ерекше мән береді.
Тәжірибені жетілдіру, біліктілікті арттыру қашанда маңызды. Жақында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер мен құрамалар батальондарында сержанттардың командирлік дайындығы жөнінде жиын өтті. Мұнда сержанттардың әскери шеберлігі, дайындығы пысықталды. Сондай-ақ, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы сержанттарының жұмыс әдіс-тәсілдері мен озық тәжірибелерін жан-жақты тарату мақсаты да назардан тыс қалған жоқ. Жауынгерлік әзірлік жөнінде сабақ жүргізудің әдісі мен сапасына басты назар аударылды. Жиынның басым бөлігі 44793 және 28738 әскери бөлімдерінің оқу базасында және «Шығыс» жалпы әскери полигонында өтті.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы сержанттар құрамымен жұмыс жөніндегі топтың нұсқаушы-сержанты Нұрболат Оқасовтың айтуынша, батальондар (дивизиондар) сержанттарының командирлік дайындығы жөнінде жиын олардың білімін тексеріп, кәсіби әзірлік деңгейін көтеру үшін аса қажет. Сержантқа күтпеген түрлі жағдайларда шешім қабылдай білу керек. Сонымен бірге, саптық дайындық, дене даярлығы мен кәсіптік тәртіпке қатысты 100 сұрақтан құралған бірыңғай әскери-кәсіби тест тапсыру да сержанттардың жауапкершілігінде.
Орталығы Семейде орналасқан «Шығыс» өңірлік қол-
басшылығының тірлігі қызу әрі қарқынды. Жақында Аягөздегі Майлино полигонында 10810 әскери бөлімінің әскери жауынгерлері Т-72 танкінің қару-жарағынан нысанаға дәл тигізіп атудан жаттықты әрі сайысты. Штаттық атудан 3-ші танк батальонының жеке құрамы Е.Әубәкіровтің басшылығымен үздік деп танылды. Сондай-ақ, 6-шы танк ротасы да олардан қалыспады. Танк экипаждарының ішінде аға лейтенант К.Кенжеғұлов, аға сержант К.Әзілқиясов және танк экипажының командирі лейтенант Е.Құдайбергенов, 3 дәрежелі оператор сержант Ж.Қамбаров жарыстың үздіктері деп танылды.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығындағы жауынгерлердің бір-біріне деген қарым-қатынасы ерекше, сыйластықтары жоғары. Жаңадан келген сарбаздарды кемсітпей, тең дәрежеде ұстап, оларға білгеніңді үйрету – бекітілген қағида. Осыған орай, жақында Қазақстан Республикасының Бас әскери прокуроры Ерғали Мерзадинов Өскемен гарнизонының әскери қызметшілерімен кездесті. Өскемен гарнизонына қарасты әскери құрылымдар мен бөлімдердің командирлерімен біріктіріліп өткен жиында Қарулы Күштер мен басқа да әскери құрылымдарда құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі 2016-2018 жылдарға арналған ведомствоаралық бағдарламаның барысы талқыланды. Гарнизондағы әскери қызметшілерді әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету мен құқық тәртібінің жағдайы ерекше қаралды.
Бас әскери прокурор Е.Мерзадинов басты назар заңдылық пен құқық тәртібін сақтауға аударылуы керектігін айрықша атап өтті. Ал Семей өңірлік гарнизонындағы Әскери полиция жасағы бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Дархан Шаянбаев жұбайлары әскери қызметтегі немесе өздері де әскери жауапты қызметтегі ханымдармен дөңгелек үстел өткізді. Жиында әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Бөрібекқызы әскери отбасылардың берік болуы, осындай жауапкершілігі мол жұмыста жүрсе де, ана мен әке болып, отбасына қамқорлық жасауға да байланысты екенін атап айтты. Әрине, енді ғана отбасын құрған жастарға қамқорлық қажет екені түсінікті. Сондай-ақ, көп балалы әскери отбасыларына, әскери қызметшілердің жесірлеріне де жәрдем көрсетіліп тұруы керек.
Жиында «Өз тағдырың өз қолыңда», «Барлық мәселенің шешуі бар», «Қызметтесіңе сен, ол саған аға және бауыр!», «Өз-өзіне қол салудың отбасына әкелетін қасіреті» тақырыбында баяндамалар жасалды. Подполковник Дархан Шаянбаев жыл он екі ай ұйымдастырылатын іс-шаралар әскери қызметшілер мен олардың отбасының моральдық-психологиялық жай-күйін анықтап, оны қалыпты жағдайда ұстауға септесетінін және бұл іске үлкен көмек көрсетіп келе жатқан әйелдер кеңесінің жұмысына риза екендігін айтты. Өйткені, қазақ халқы айтатындай, «Отан отбасынан басталады». Ал жауапкершілігі мол жұмыста жүрген кез келген әскери адамның туған жерге деген құрметі мен патриоттық сезімі, оның рухани күшіне тікелей байланысты болатыны сөзсіз.
Міне, осы бағыттағы ауқымды жұмыстар бұл күндері «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында атқарылып келеді.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, журналист
СЕМЕЙ
Суретті түсірген автор