Аймақтар • 03 Мамыр, 2017

«Атамекен» ҰКП президиумының Төрағасы Таразда болды

204 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының Төрағасы Тимур Құлыбаев Жамбыл облысында болып, Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында облыстық кәсіпкерлер палатасының кеңейтілген отырысына қатысты.

«Атамекен» ҰКП президиумының Төрағасы Таразда болды

Тимур Асқарұлы облыс кәсіпкерлерімен кездесуінде өңірлік бизнесті дамытудағы басты бағыттар жөнінде әңгімеледі. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жасалып отырған жеңілдіктерге де тоқталып өтті. Өз сөзінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Жамбыл өңірінде бүгінде бизнестің қарқын алып келе жатқанын, әлі де тың жобалардың қолға алыну үстінде екенін айтты. Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов кездесуге қатысып, жиынға қатысушы кәсіпкерлерге тиісті сұрақтары бойынша жауап берді. 

Өткен жылы облыстық кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлік субъектілерінен 217 өтініш келіп түскен. Оның 1,1 миллиард теңгені құрайтын, яғни 43 пайызы оң шешімін тапқан. Өңірлік және республикалық деңгейдегі 29 жүйелік мәселе анықталып, Жамбыл облысының Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кәсіпкерлікті дамыту Картасына жалпы құны 12,4 миллиард теңгенің туризм, агроөндірістік кешен, қызмет көрсету саласына қатысты 10 жобасы енгізілген.

Сондай-ақ, өткен жылы «Атамекен» ҰКП Жамбыл облысы әкімдігімен бірге «Атамекен Тараз» Микроқаржылық ұйымы» ЖШС құрып, бүгінде 265 миллион теңгенің көлемінде 34 несие берілген. Сонымен қатар, Микроқаржылық ұйымда бүгінде 925 миллион теңгенің 109 өтініші қаралуда. Өңірлік кеңестің мүшелері өздерін толғандырып жүрген мәселелер төңірегінде сұрақтар қойып, лайықты жауап алды. Жиын соңында Тимур Құлыбаев барлық сауалдар мен мәселелер және олардың шешімдері жіті бақылауға алынатынын айтты.


Хамит Есаман, 

«Егемен Қазақстан» 

Жамбыл облысы