08 Маусым, 2011

Жас инспекторлар слеті

532 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бүгінгі техниканың дамыған шағында жол қозға­лы­сының қиындығын бастан кешірмеген жан кемде-кем. Тіпті, адамның өміріне қауіп төндіретін жайлар да жиілеп барады. Демек, жол-көлік оқиғасының алдын алу, ереже сақтауды үйретудің маңызы ерекше екені анық. Осы орайда мектеп жасындағы бүлдіршіндердің жол жүру қауіпсіздігі мен ережелерін санаға сіңіру жайы басты міндет. Оның негізін жас инспекторлар арасында өткізілетін түрлі байқаулар арқылы дамыту қолға алынғаны қуантады. Талғар ауданы, Панфилов ауылындағы спорт кешенінде «Қозғалыс» жас инспекторлардың ХІ халықаралық слеті осы игі іске бастама болды. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған жас инспекторлар слетіне Ресей, Қырғызстан мемлекеттерінен және еліміздің барлық об­лыс, қалаларынан 20 командаға біріктірілген 200 бала қатысуда. Слетте еліміздің көкбайрағы желбіреп, әнұраны шыр­қалды. Шараға Ішкі істер министрлігі Жол полициясы ко­ми­тетінің жауапты қызметкерлері қатысып, слеттің бүл­дір­шіндердің жолда жүру сауатын ашу мен қауіпсіздік ережелерін сақтауына ерекше ықпал ететіндігіне тоқталып, командаларға сәттілік тіледі. Алатау бөктерінде бес күнге созылатын жас инспекторлар слеті түрлі бағдарламалар аясында жұмыстарын бастап кетті. Шеттерінен шымыр, белсенді балалар бойларына қонымды киімдерімен өзара бәсекені қыздыруда. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.