Қазақстан • 04 Мамыр, 2017

ЭКСПО-ның ашылуын LED-экрандардан тамашалаймыз

100 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана әкімдігінде Мәдениет, мұрағат және құжаттама бас­қар­масының басшысы Болат Мажағұлов баспасөз мәсли­хатын өткізіп, елорда күні мен ЭКСПО-2017 халық­ара­лық мамандандырылған көрмесі барысында ұйым­дасты­рылатын мәдени шаралар легін әңгімеледі. Оның айтуынша, көрме кезіндегі мәдени бағдарламалар мен концерттердің 70 пайызы барша азаматтарға қолжетімді болады және негізінен қаланың түрлі аудандарында ашық алаңдарда, саябақтарда, сондай-ақ, қала маңындағы тұрғын алаптарда өтеді. Ал көрменің ашылу салтанаты «AstanaArtFest» фестивалі кезінде «Бәйтерек» монументінің алдындағы LED-дисплейлер арқылы тікелей эфирде көрсетіледі.

ЭКСПО-ның ашылуын LED-экрандардан тамашалаймыз

«Нұржол» жасыл бульварын­да өтетін III халықаралық «AstanaArtFest-2017» арт-фести­валі нағыз өнер көрмесі деуге ла­йық. Мұның елорда тұрғындары мен қонақтарының ең сүйікті шара­ларының бірі болатынына сенім­дімін. Бұл байқауға екі жылда әлемнің 10 мемлекетінен 78 мың суретші қатысса, оны тамашала­ған көрерменнің саны жарты мил­лионнан асып кетті», деді бас­қар­ма басшысы. Оның сөзінше, фес­тивальға дүние жүзінен келген қылқалам шеберлерімен қатар, дизайнерлер, архитекторлар, музыканттар мен режиссерлер қатыса­ды. Дайын туындылар 1 мау­сым­нан бастап орнатыла бастайды, ал фестивальдың ашылуы 10 мау­сым­ға белгіленген. 

Жалпы ЭКСПО-2017 көрмесі барысында 647 мәдени шара өтеді екен. «Мәдени-көпшілік шара­лар қалада жаз бойы ұйымдас­тырылады. Жоспарланған дүние­лер түрлі форматта өтпек. Онда концерттер, көрмелер, отбасылық шаралар, театрландырылған және цирк қойылымдары болады. Ал көрменің ашылу және жабылу салтанаттары «Бәйтерек» мону­менті маңында, қалалық алаңда және Студенттік саябақта орнаты­латын үлкен LED-дисплей­лер арқылы тікелей эфирде тран­сля­ция­ланады», деді Б.Мажағұлов.

Елордада өтетін, жарты әлем көз тіккен үш айлық жиын аясында Қазақстанда алғаш рет КВН жазғы кубогы өтеді. Үлкен Александр Масляковтың қатысуымен бақ сынасатын жайдарманшылар қата­рынан соңғы жылдардағы жо­ғары лига чемпиондарын да көре­міз. Олар – «Азия Микс», «Камызяк», «Пятигорск» коман­да­лары. Сондай-ақ, сахнаға «Каза­хи» КВН құрама командасы да шық­­пақ.  Болат Мажағұловтың ай­туын­­ша, 1 шілдеде өтетін КВН жаз­ғы кубогы 300 млн көрермені бар «Первый канал» эфирінде тран­сля­ция­ланады. Шара билетінің құны әзірге келі­сілмегенімен, осы апта­ның со­ңына дейін нақтыланып, тиісті ақ­парат жарияланатын болады.

Баспасөз мәслихаты барысында басқарма басшысы 15 шілде күні Италияның  музыкасын сүйіп тыңдайтын тыңдармандар үшін «Сан-Ремо жұлдыздары – Астана­да» атты фестиваль өтетін­дігін мәлімдеді. Сонымен қатар, маусым айының үшінші жартысында «Бәйтерек» монументі алдында қазіргі заманғы этностық музыка­ның «TheSpiritofAstana» атты фестивалі ұйымдастырылмақ. Оған Африка, АҚШ, Македония, Грузия, Венгрия, Ресей, Қазақстан, Башқұртстан, Бурятия және Тува елдерінен музыкалық топтар шақы­рылған. «Астана күнін тойлау қазақстандық эстрада жұлдыз­дарының концертімен бастау алады. Елордалық концерт залдарын­да «МузАРТ», «Дервиши» топтары­ның және Секен Тұрысбек пен Алтынбек Қоразбаевтың жеке кештері ұйымдастырылады», деді Б.Мажағұлов.

Жаздың үш айында қала сая­бақтарында «Саябақтың жеті кереметі» атты шара өтеді. Қазақ ертегілерінің, танымал мульт­фильмдер кейіпкерлерінің, дис­нейлік роботтардың қатысуымен 7 тақырыптық бағдарлама көп­шілік назарына ұсынылады. Жал­пы алғанда, саябақтарда бала­лар мен ересектерге арналған мың­нан аса ойын-сауық шарасы ұйым­дастырылады. Демалыс күн­дері қала маңындағы тұрғын алап­тарда қазақстандық әртістер мен елор­далық шығармашылық ұжым­дары «Думанды Сарыарқа» кон­цертін қояды. Сонымен қатар, жазда «Астана жұлдызы» ұлттық кәсі­би музыкалық сыйлығын табыс­тау салтанаты өтеді. Шараға отан­дық эстраданың танымал өкіл­дері қатысады және «Үздік жыл орын­д­аушысы» анықталады.

Ұйымдастырушылар тара­пы­­нан білгеніміздей, бар­лық кон­­­цертке билеттер қала кас­сала­­рын­да және www.koncertya­stany.kz сайтында сатылады. Ал ЭКСПО-2017 халықаралық көр­ме­сі барысында өтетін шаралар тура­лы толық ақпарат кестемен бірге www.astanaday.kz сайтында жарияланады.  


Асхат РАЙҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»