Біз ішкі және сыртқы саясаттың шекарасы жойылған, жергілікті қақтығыстардың өңірлік деңгейге ауысуы сынды жаңа буын қақтығыстарын көрудеміз.
Әскери тәсілдер саяси, экономикалық және ақпараттық әдістерге негізделген гибридтік соғыстар, үйлесімсіз қимылдар туралы көп айтылып жүр. Сонымен қатар, қазіргі кезеңдегі қақтығыстар консенсусқа жетуі күрделі немесе тәжірибелік тұрғыдан шешілуі мүмкін емес этностық және діни қарама-қайшылықтарға негізделеді. Ақпараттық соғыс елдер арасындағы күрестің пәрменді құралы ретінде халықаралық жағдайға да әсер етеді. Бүгінде қоғам санасын манипуляция-
лау технологиялары кеңінен қолданылуда. Қақтығыстар мен соғыстар босқындардың ауқымды ағындарына әкелді. Қазіргі таңда Еуропа қоғамында осы мәселеге қатысты әлеуметке қауіпті жіктелу байқалады. Халықаралық терроризмнің қазіргі заманның өзге өзекті мәселелерімен байланысы да көрініс тауып отыр. Осы қауіпті құбылыстан бүгінгі таңда ең алдыңғы қатарлы дамыған елдердің өзі толық сақтана алмай отыр.
Қазіргі қақтығыстар БҰҰ, ЕҚЫҰ, тағы басқа халықаралық ұйымдар құралдарының тиімділігін тексерудің өзіне тән тәсіліне айналды. Осыдан байқалатыны, халықаралық ұйымдардың іс-қимылдары көп жағдайда тиімсіздігін және кешіккендігін танытып отыр. Елдер бітімгершілік үдерістерін дағдарыстық ахуалды өзінің геосаяси мүддесі немесе ықпалын күшейту үшін жасырын тайталасқа жиі айналдырып отырғандығын аңғарамыз. Бұл жағдайда қақтығыстарды реттеудің басқа әлемдік қоғамдастық мүдделерімен байланыстылығы туралы сауал туындайды. Оған қоса, жаһандану үдерістерінің үдей түсуі жергілікті қақтығыстар мәселесін халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне айналдырды.
Мұндай жағдайда қақтығыстарды реттеудің бұрыннан бар теориялары өзін ақтамайды. Менің пікірімше, конфликтологияның өзі саяси қақтығыстарды болжау үшін қажетті әдістер мен оны ескертудің тиімді технология-
ларын толықтай иелене алмай отыр.
Қазақстанның бүгінгі жай-күйіне келсек, еліміз ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИЫҰ, тағы басқа халықаралық ұйымдардың аясында әрдайым белсенді қимылдар танытып келеді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде әріптестіктің жаңа түрлерін ұсынуда. Еліміз бүкіл әлемге тұрақтылық қалыптастыруға барынша көп жәрдем беруге дайындығын көрсетумен қатар, бірнеше рет келіссөздер жүргізуге алаңдар ұсынды.
Мәселен, Астанада өтіп жүрген сирияаралық қақтығыстарды реттеу-
ге арналған бейбіт келіссөздердің ұйымдастырылуын ерекше айтуымызға болады. Аталған келіссөздер ұйымдастырушылық және мазмұндық жағынан зор күш-қуатты қажет етеді. Бұл − еліміз үшін үлкен жауапкершілік. Өйткені, Қазақстан сырт-
қы саясатпен қатар, ішкі саясатта диалог пен конструктивтілік әдістерін қолданудың өнегесін танытып келеді.
Келіссөздер эскалация деңгейінде өтіп жатқандықтан, конструктивті нәтижелерге жету оңай шаруа емес екендігі белгілі. Сирия қақтығысының негізінде бүкіл Сирия қоғамын қамтыған өткір әлеуметтік мәселелердің шиеленісуі жатыр. Егер мемлекет азаматтардың талаптарын қабылдамаса, кейін оның зардабын тартады. Қазірде Сирия мәселесі аймақтық шеңберден шығып, жаһандық саясаттың күрделі қақтығысына айналды. Сирия дағдарысын шешудегі Қазақстанның бітімгершілік рөлі қақтығыстың негізгі субъектілері мен жанама қатысушыларының іс-қимылдарына байланысты. Бұл арада БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері арасында да көзқарастар қарама-қайшылығы бар екенін естен шығармауымыз керек.
Әлемдік қоғамдастықтың соғыстар мен қақтығыстарға қарсы тұруы барлық елдердің көшбасшыларына, олардың саяси қалауына байланысты. Бұл − бүгінгі күннің өзекті жаһандық тақырыбы. Өйткені, ол бүкіл әлем азаматтарының негізгі мүдделеріне жауап береді.