Футбол • 04 Мамыр, 2017

«Ел-Класико» немесе қазақстандық қарсы тұру

200 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде Қазақ елінің спорт журналистері «Астана» мен «Қайрат» командалары арасындағы жекпе-жекті «Ел-Класико» деп атап жүр. Тура Испаниядағы Мадридтің «Реалы» мен каталондық «Барселона» арасындағы айқасты «Эль-Класико» дегендей. «Эль-Класико» дегеннің өзі «Испаниядағы қарсы тұру» деген мағынаны білдіреді екен. Несі бар, біздікі де қисынға келеді: жоғарыда аталған екі клуб та Қазақстанның бүгінгі күнде үзеңгі қағыстырып келе жатқан үздік ұжымдары. Ең бастысы, қос команда арасындағы тартыстың күн өткен сайын жанкүйер қауымның делебесін қоздырған дерби-додаға айналып келе жатқаны қуантады.

«Ел-Класико» немесе қазақстандық қарсы тұру

Міне, осы айтқан «Ел-Кла­сико» қызығы Қазақстан чемпионатының 10-турында «Астана Арена» стадионында өтті. Бұл ойында «Қайраттың» елордадан үш ұпай арқалап қайтатын мүмкіндігі бар еді. Матчтың бірінші таймында есеп ашып, соңғы минуттарға дейін ұтыс тізгінін қолға ұстап тұрған. Бірақ, бұл жолы жеңіс бұйырмады. Исламбек Қуаттың алыстан теуіп кіргізген әдемі голына кездесудің 87-минутында астаналық Срджан Граховац дәл сондай мерген соққымен жауап берді. Сөйтіп, «Астана» өзін өкшелегендермен арадағы төрт ұпай алшақтықты сақтап қалды. Ал «Қайрат» болса, турнир кестесінде бір саты төмен сыр­ғып, Павлодарда «Ертісті» 1:0 есебімен тізе бүктірген «Орда­басыға» жол берді. 

Бұл турда ойда жоқ жерден «Тобылдың» 1:0 есебімен са­ғын сындырған «Ақжайық» алғашқы алтылықтың арасына келіп қосылды. ФИФА-дан ал­ты ұпайын қайтарып алған «Атырауға» жан бітті дерсің. Мұнайшылар осымен қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді. Бұл жолы олар «Қайсарды» 1:0 есебімен жеңіп, Сыр бойының футболшыларын Қызылордаға құр қол қайтарды.

Турдағы айта кететін бір жаңалық – көш соңындағы «Шахтер» биылғы маусымдағы алғашқы жеңісін тойлады. Кен­шілер «Оқжетпестің» қақ­пасына жауапсыз екі гол соқты. Бірақ осыған қарамастан, «Шахтер» бұрынғыша ең соңғы орында келеді.

Оныншы тур «Ақтөбе» клу­бындағы ахуалдың оңып тұрмағанын көрсетті. Осыдан екі жыл бұрын ғана жүлдеге таласып жүрген команда бүгінгі күнде көш соңындағылардың қатарын көбейтті. Бұл турда ақтөбеліктер өз алаңында «Та­раздан» айласын асыра алмады.

Оныншы турдың нә­тижелері мынадай болып тіркелді:

«Оқжетпес» – «Шахтер» – 0:2 (0:1), Тәттібаев, 20 (0:1). Тәттібаев, 71 (0:2). «Ақжайық» – «Тобыл» – 1:0 (0:0), Сергиенко, 76 (1:0). «Атырау» – «Қайсар» – 1:0 (0:0), Максимович , 49 (1:0). «Ертіс» – «Ордабасы» – 0:1 (0:0), Фонтанельо, 74 (0:1). «Астана» – «Қайрат» – 1:1 (0:1), Қуат, 34 (0:1). Граховац, 87 (1:1). «Ақтөбе» – «Тараз» – 1:1 (0:1), Фещук, 24 (0:1). Байтана, 57 (1:1).

Сұрмергендер арасындағы бәсекеде әзірге өзгеріс жоқ: Же­рар Гоу («Қайрат») 9 гол­мен топ бастап келеді. Жуниор Ка­бананга («Астана») 5 доппен екінші орында тұр.

11-турдың ойындары 6 ма­мырда өтеді. Бұл кү­ні мы­на ко­мандалар өзара кез­­десіп, күш сынасады: «Та­раз» – «Оқжетпес», «Қай­­сар» – «Ақтөбе», «То­был» – «Астана», «Шах­­тер» – «Ер­тіс», «Ор­­да­ба­сы» – «Ақ­­жайық», «Аты­­рау» – «Қайрат».

Қайрат ӘБІЛДИНОВ,

«Егемен Қазақстан»


Соңғы жаңалықтар