09 Маусым, 2011

Егемен елім – тірегім

1097 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 38 жасында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, ал 44 жа­сын­да Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің одақтас республикалар арасындағы ең жас Төрағасы болып, шын мәнісінде де сол кезеңнің өзінде ерекше іскерлік пен кәсіби қабілеттіліктің үлгісін көрсете білді. Біздер, сол кезеңнің депутаттары, Нұрсұлтан Әбіш­ұлының жалындаған күш-қайраты мен біліктілігінің арқасында көпшіліктің құрме­тіне бөленген тарихи сәттеріне куә болған едік. Маған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезекті сессиясы жұмысын (1985 жыл, 28 наурыз) салтанатты түрде ашу тап­сы­рыл­ды. Жоғарғы Кеңес сессия­сы­ның соңғы ХІ шақырылымының тарихи ма­ңызы зор, өйткені, бұл сессияда Нұр­сұлтан Әбіш­ұлын Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасына сайлау мә­се­лесі күн тәрті­біне қойылды. Ал, енді сес­сияны ашу құрметіне менің ие болу себебім, сол кездегі берік қалыптасқан қағи­да­ға сәйкес, яғни Орталық Комитеттің сол кездегі талабы бойынша мұндай жауап­ты жи­ын­ды ашу кемінде қатарынан үш рет халық қалаулысы болғандарға ғана тапсы­ры­латын. Мен сол талапқа сай келдім және бұл тарихи сәт суретте де сақталып қалды. Сол бір жылдардың әлі күнге дейін ұмытылмай, есімізде қалып қоюының тарихи маңызы айтпаса да түсінікті. Енді, міне, Тәуелсіз Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті туған халқының тағ­дырын еліміздің тарихының ең ауыр, ең қиын өтпелі кезеңінде өз қолына алып, аз ғана уақытта Отанымыздың көркейіп, өркендеуіне қол жеткізді. Әрине, мұның өзі айтуға ғана оңай. Нұрсұлтан Әбішұлы мен оның замандастары уақыт өлшемі бойынша «соғыс балалары» деп аталатын ұрпақтың өкілдеріне жатады. Олар билікке өткен ғасырдың алпысыншы жылда­ры­ның екінші жартысы мен сексенінші жылдары «жаңа да тың ой-тұжырым» (но­вое мышление) деп сипатталған заманда келді. Бір құптарлығы, қарапайым халық ортасынан шыққан азамат көп­ші­ліктің жаппай қолдауына ие болып, 80-жыл­дардың соңында сол бір күрделілеу уа­қыт­тың өзінде белгілі саяси қайрат­керлердің қатарына қосылды. Өзім де Қазақстан Компартиясының алты бірдей съезіне делегат, оның ішінде үш съезде ОК-тің мүшесі болып сайла­нып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрт бірдей (VІІІ, ІХ, Х, ХІ) шақырылымдары­ның депутаты болдым. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында жетім қалып, аштық зобалаңын, одан соң Ұлы Отан соғысы қасіретін бастан кештім. Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитетінің Ұйым­дас­тыру-партия бөлімінің меңгерушісі болып үш жыл, содан кейін Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы болып он төрт жыл үзбей қызмет атқардым. Кезінде өзімнің бүгінде ірі мемлекет және қоғам қайраткерлері қатарына көте­ріл­ген жас мамандармен қызметтес, сый­лас, әріптес болғанымды үлкен мақта­ныш тұтамын. Оның өзіндік себептері де жеткілікті. Жүрегі туған халқым, туған Отаным деп соққан Нұрсұлтан На­зар­баевтың сол жолда қажырлылық көрсете білгенін, орда бұзар отыздағылар арасын­да сол кездің өзінде шоқтығы биік болып тұрғанын өмірдің өзі көрсетіп берді. Есептеуімше, партиялық бақылау ко­мис­сиясының төрағасы болған он үш жыл­да менің қолымнан бес мыңға жуық ша­ғым-арыздар өтіпті. Жоғары лауазым­ды жетекшілердің жұмыс барысында жіберген қателіктері мен асыра сілтеушіліктері үшін оларды жазалауға тиісті бола­тын­быз. Бірақ, үнемі көңілде «мүмкін, ол кінәлі емес шығар» деген күдік тұратын. Ал, шағымның ақ-қарасына көз жеткізу – біздің басты парызымыз, өйткені, ешбір уақытта адам тағдырына балта шабуға болмайды ғой. Сөйтіп, ақталғандар да, лайықты жазасын алғандар да болды. Менің ойымша, көпшіліктің көзіне тік қарау үшін, күнә арқалап, ар-ождан аза­бы­на түспеу үшін әрбір басшы халқына мінсіз қызмет етуі, әділетті болуы ең басты шарт. Толғауы тоқсан, түйткілі мол тіршіліктің қандай да қиындығына төтеп беріп, қайткенде де адам болып қалуға ұмтылу керек. Шығыстың атақты ой­шы­лы Сағди «Дүниеде пендеге берілетін барлық сыйлықтың ең үлкені – оның ар­тында қалатын жақсы аты, мейірімі мен қайырымдылығы», деген екен. Осы тұр­ғыдан қарағанда, ел игілігі жолында жан аямай еңбек етіп, тәуелсіз халқының бү­гінгі бақытты тұрмысы үшін жұмыс­та­нып келе жатқан Мемлекет басшысының қызметі орасан. Ақиқат пен тазалықты өз өмірінің жо­лында сенімді серік ете білген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сонау жап-жас жігіт кезіндегі алғашқы асула­ры­на өзінің қайтпас қайрат-жігерімен, қажырлы еңбегімен қол жеткізгенін өз кө­зіммен көрдім және сол уақыттың өзін­де оған таңданғандар аз болған жоқ. Әсі­ре­се, Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюро­сының күн тәртібіне қойылған маңызды мәселелерді талқылау кезіндегі өткір әрі нақты және мазмұнды ұсыныстары ОК-тің Партиялық бақылау комиссиясы төр­ағасы ретінде менің ғана емес, өзгелердің де әлі күнге дейін есінде сақтаулы екені күмәнсіз. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жа­лында­ған жастық жігерімен ОК Бюросы жұ­мысына жаңа әрі тың леп әкелді. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдары бұрынғы колхоздар мен совхоздардың шұғыл түрде таратылуы өзгелер сияқты мені де қатты алаңдатты. Бір есептен тың игеру кезінде Ақмола облысында ұзақ жылдар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, ту­ған мекенімнің өркендеуіне қал-қадерім­ше үлес қосқан мен секілді қарияларды түсінуге де болады. Алайда, бүгінде Мем­лекет басшысы және барлық билік құрылымы түгелдей ауыл шаруашылы­ғына бет бұруы өз нәтижесін беруде деп есептеймін. Ал, енді кезінде Ресейдің бұ­рынғы президенті, қазіргі Үкімет төр­ағасы В.Путиннің «Қазақстанның тиімді әрі батыл реформаларды жүргізуде ТМД елдері арасында алдыңғы шепте келе жатқандығын» ресми түрде мойын­да­ғаны тағы көңіл өсіретіні анық. Бұл жерде айтайын дегенім – кең-байтақ елі­міз­дің де, Елбасының да мерейі әркез үстем бола берсін. Ұзақ жылдар, анығырақ айтқанда, 1970 жылдан 1987 жылдың қаңтарына дейін алғашқы үш жылда Қазақстан КП ОК-тің Ұйымдастыру-партия бөлімінің меңге­рушісі, одан кейінгі жылдары Пар­тия­лық бақылау комиссиясының төраға­сы болған мен кешегі Ақмола, бүгінгі әсем Аста­наны өз тағдырымның, өз ба­қытымның, жетістігім мен табысымның қаласы деп есептеймін. Еңбек жолымды 1946 жылы Қазақстан комсомолы Орта­лық коми­тетінің хатшысы болып бас­та­ған мен кейін Ақмола облыстық комсомол коми­тетінің, аудандық партия коми­тетінің бірінші хатшысы болдым. Отба­сы­лық ба­қытымды да осы шаһарда таптым. Жетімек тағдыр мені тым еркелеткен жоқ, бірақ тұңғиыққа да батырмады. Бесіктен белім шықпай жатып, яғни небәрі сегіз жасымда әкем Қалық пен анам Са­ғаттан айырылып, Ақмола облысының Ерейментау ауданындағы балалар үйінде тәрбиелендім. Сол бір жылы ұяға әлі күн­ге дейін алғысымды айтамын. Мың өліп, мың тірілген қазақ хал­қы­ның басына төнген ауыр қасірет-қайғы – отызыншы жылдардағы алапат аштықта атам Мұстафа қажының алты бірдей ұлы – Ұса, Мұса, Әбдірахман, Қалық, Ахмет, Қабыштан тірі қалған жалғыз немере, жал­ғыз тұяқ болып мен ғана қалдым. Қатал да қатыгез тағдыр мені ерте есейтті, Ұлы Отан соғысының отты жылда­рын­да халық «Катюша» деп атайтын атақ­ты реактивті артиллерияның гвар­диялық минометтер дивизионының командирі болдым. Мәскеу, Солтүстік-Ба­тыс, Солтүстік Кавказ, бірінші Украина майдандарында соғысып, Қырым мен Севастопольді азат етуге қатыстым. Ұлы Же­ңісті Прагада қарсы алып, екі бірдей «Қызыл Жұлдыз», І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» және басқа да көп­те­ген ордендермен марапатталдым. Ке­ңес Армиясы қатарына 1939 жылы ат­тан­ған мен туған елге 1946 жылы ғана оралдым. «Қан майданнан аман-есен оралдың ба, құлыным» деп еміреніп-елжіреп кең құшағына қысып, бауырына басатын ас­қар таудай әкемнің, аналық мейірімімен маңдайыман иіскейтін шешемнің, аяғыма оралып соғыс туралы қызыға сұрайтын бауырларымның жоқтығы өзе­гімді өр­те­ген менің туған еліме оралған бетте бірден Ерейментау ауданындағы Сілеті өзе­нінің жағасындағы өзімнің туған ауылым – Қаражырадағы әке-ше­шем тұрған үйдің қираған орнын тауып алып, жер құ­шақтап өкіре жылағаным әлі есімде. Жетімдік пен жалғыздықтың удай ащы за­пы­раны, күзгі жапырақтай әбден сар­ғай­ған сағыныш жас жүре­гімді өткір пышақ­пен аямай кескілегендей, ауызбен айтып жеткізе алмай­тын­дай өте ауыр сәт еді бұл. Бірақ, амал нешік, әр пенде басқа салғанға көнеді, көнбеске еш шара да жоқ. «Жетім қозы тасбауыр, маңырар да отығар» дегендей, оған да көндім. Жетім көңіліме демеу болғандардың көмегі мен қамқорлығын арада қанша жылдар өтсе де ұмытпаймын. Мектеп бітіргеннен кейін өзінің жалғыз сиырын сатып, Алматыға оқуға жіберген әкемнің досы Әрін Жүнісовтен бастап, экономика ғылымдарының докторы, профессор Тал­ғат Әбдіразақов және басқа көптеген асыл азаматтар жақсылығы еш ұмытыл­мақ емес. Тумаса да туғандай болған қадірлі ағам, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының сектор меңгерушісі Әлібек Нұрмағамбетов кезінде Ленинград университетінде Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сияқты ұлылармен бірге оқыған. Балалар үйінде бірге өскен до­сым – Бектас Әбдірашев, Аманжол Құ­сайынов және басқалар, яғни бәріміз де жаны жайсаң үлкендерге мәңгі қарыз­дар­мыз. Ең үлкен бақыт жаныңда жаны таза жақсылардың мол болуында екендігіне сенесің. Ақыры бастаған соң айтайын. Өмі­рім­де үш рет қатты жыладым. Ең алғаш рет он төрт жасымда Әрекеңнің (Әрін Жү­ні­сов) әйелі жетімдігімді бетіме бас­қанда, одан соң 1945 жылы соғыс біткенде әскери басшылар бірауыздан: «Жақсы соғыстың, осында қал, сені елде күтіп отыр­ған ешкім жоқ, жетімсің», дегенде және соңғы рет өзімнің туған үй­імнің үйін­дісін көргенде жалғыздығым, жетімдігім тағы да атойлап алдымнан шық­қанда. «Жетім бала жыласа, туған жері бірге жылайды» деген ұлағат рас екен. Қан майданнан туған еліме, қасиетті туған жеріме сағыныш арқалап оралған мен, ме­нің ұрпағым және туған халқым да бүгінде бақытты. Нұрсұлтан Назарбаевтай Елбасы бар бүкіл Қазақстан жұртшы­лығы бақытты. Осы арадағы сөзімнің түйіні қас-қағым сәттік тіршілікте мейірім мен қайырымды молайтуға ұмтылу қажет. Осы қасиеттерге іскерлік пен елжандылықты қоссақ, Нұрсұлтан Назарбаевтай елімен етене Елбасының ересен бейнесі көрініс береді. Бұл бейне бүгінде егемен еліміздің тірегі болып отыр. Аманжол ҚАЛЫҚҰЛЫ, соғыс және еңбек ардагері, «Парасат» орденінің иегері. Алматы. ------------------------------------------ Суретте: Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сес­сия­сында Қазақстан Министрлер Ке­ңе­сінің Төрағалығына тағайындалу сәті (1985 жыл, наурыз). Мінберде – сессия жұмысын ашқан автор.