Осы бағытта қолға алынып жатқан бірлескен жобаларды іске асырудағы қиындықтар мен кедергілерді еңсерудің жолдары саналуан
Елбасы Н. Назарбаев өз Жолдауында аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жобаның жүзеге асырылатынын мәлімдеген еді. Биылғы жыл агроөнеркәсіп кешені үшін бетбұрыс жылына айналғалы отыр. Оның соңы 2016 жылы ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізу межесіне ұласпақ. Мұның өзі 4 миллион тонна бидай экспортына тең деген сөз. Осындай қарышты қадам ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп, жүз мыңнан астам ауыл тұрғындарының кіріс көзіне айналмақ. Малдың барлық түрінің асыл түліктері мен тұқымдарының саны көбейіп, оны игеру үшін 130 миллиард теңге несие ресурстары жұмсалатын болады. Осынау іргелі міндеттерді орындау мақсатымен облыста арнайы бағдарлама қабылданып, шаралар атқарыла бастады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты мамандары, салалық ведомоство басшылары атбасын жиі бұрып, «ҚазАгро» АҚ-тың ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін дамыту жөніндегі бірлескен жобасы аясында мал өсірумен айналысушылар қаржылық жеңілдіктерге ие болатынын түсіндірумен болды.
Қызылжар – жері құнарлы, жайылымы шүйгінді өңір. Жергілікті табиғат жағдайына бейімдеп мал өсіре білген шаруа адамына табыс көл-көсір. Оған мысалдар жеткілікті. «Алабота» асыл тұқымды мал зауыты біраз уақыттан бері етті бағыттағы қазақтың ақбас сиырын өсірумен айналысып келеді. Осы шаруашылықты көп жыл басқарған Сансызбай Алпысбаевтың тұсында малдың солтүстік өңірге бейімделген өсімтал тұқымы пайда болды. Табынды асылдандыруға, өз төлі есебінен өсіруге ғылыми тұрғыдан үлкен мән беріліп, қазақтың ақбас мұқыл сиыры секілді жаңа тұқым өніп-өсті. Қазір ол үлкен сұранысқа ие. Мұнда 2500-дей ірі қара бағылып, 4000-нан астам мал бордақыланады. Канададан 400 бас герефорд тұқымы әкелінбек. Аққайың ауданы «Дайындық» ШҚ-ның жетекшісі Біржан Шаймерденовтің батыл қадамдары да сүйсінтпей қоймайды. Ол қожалықтың қаражаты есебінен Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстарынан 230 бас құнажын мен бұзау әкелді. Малсақ жанның жергілікті жағдайға төзімді, жоғары күй-күтімді онша талғамайтын қазақтың ақ бас тұқымын таңдап алуы кездейсоқ емес. Оның ендігі мақсаты –табыннан табын өргізіп, мал асылдандыру фермасын құру. Бұдан тысқары 50 бас эстондық қарала сиыр сатып алып, сүт өндіруге де бет бұрды. Таяуда герефорд тұқымдас 3 бұқаны аукцион арқылы сатып алды. Осының бәрі – биыл атқарылған шаруалар. Кейбіреулер құсап Үкіметтен қаржы күтпей-ақ, ішкі резервтерді қиюластыра білуі іскерлігін айғақтаса керек. «Зенченко и К» командиттік серіктестігі, «Тайынша-Астық»» агроқұрылымы озық технологияға негізделген фермалар ашып, Канададан әкелінген сиырлардың жылдық сауын мөлшерін 6000-8000 литрге дейін жеткізіп отыр. Сөз арасында Солтүстік Қазақстан мал шаруашылығы және ветеринария институты тарапынан атқарылып жатқан оң үрдістерді айта кеткен жөн. Тәжірибелі ғалымдар басын қосқан ғылыми орталық ірі қара малының тұқымын асылдандыру, табындарды сұрыптау, қолдан ұрықтандыру, жаңа тұқымды жетілдіру бағытында шаруашылықтармен келісім-шарт жасасып, алғашқы жемісін ала бастады.
Мал табындарын асылдандырып, өнімді молайтудың, репродуктор-шаруашылықтар, асыл тұқымды фермалар құрудың бір жолы шетелден асыл тұқымды мал сатып алу. Әрине, бұл істің бір жағы ғана. Ондай тәуекелге баруға екінің бірінің шамасы жете бермейтіні анық. Қазақта «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген қанатты сөз бар. Олай болса, елішілік мүмкіндіктердің ретін тауып, мемлекеттің жеңілдіктерін пайдалану әлдеқайда тиімді екені сөзсіз. Өкініштісі сол, кейбір серіктестік басшылары асыл тұқымды мал басын өсіруге жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғанына қарамастан, істі ілгерілетуге құлықсыз. Біржан бауырымыздың тәжірибесі шағын қожалықтар үшін таптырмайтын оңтайлы тәсіл емес пе? Демек, мал шаруашылығын өркендетудің қиындығын көлденең тарту әншейін сылтау ғана. Керісінше, қайтарымы мол табысты сала екенін ұғынатын мезгіл жеткен секілді.
Үкіметтің демеуқаржысы есебінен Қызылжар өңірінде атқарылатын міндеттер ұлан-ғайыр. Алда 10000 басты бордақылайтын алаңдар, 4000 басқа арналған репродуктор-шаруашылықтар, 15600 басқа шақталған фермерлік шаруашылықтар құру межесі тұр. Алайда, қазіргі қарқынға қарағанда, «ҚазАгро» АҚ-тың ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту жобасы негізінде 2011-2015 жылдарды қамтитын жергілікті бағдарламаның орындалуы сылбыр. Бұл мәселе аймақ басшысы Серік Біләловтің төрағалығымен өткен кеңесте арнайы талқыланып, кемшіліктер атап көрсетілді. «Сыбаға» бағдарламасын іске асыруға Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры қаражат бөлгенімен, мал әлі күнге дейін сатып алынбаған. Күн өткен сайын мал бағасының көтеріліп жатқанын ескерсек, мұндай көзқарасты немқұрайдылыққа баламасқа амалымыз жоқ. «Аграрлық несие» корпорациясы жергілікті өкілдігінің де әрекеті қарын аштырады. 17 жобаның тек үшеуі ғана қаржылай қамтамасыз етілген. Ал, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басшылығы 860 ірі қара малының әкелінген-әкелінбегенінен бейхабар. 24 шаруа қожалығына берілген 133 миллион теңгенің сайда саны, құмда ізі жоқ. 27 миллион теңге игерілмеген күйі қалған. Есіл, Уәлиханов, Мамлют аудандарында бір де бір шаруа қожалығы жеңілдікті несие алуға ниет білдірмеген.
Түйінді мәселенің бірі – демеуқаржы алудағы қолбайлаулар. Қағазбастылық, бюрократтық бөгесіндер салдарынан өтініштердің қаралуы ұзаққа созылып кетеді. Сырттан мал сатып алудың, малдәрігерлік-санитарлық жөн-жосықсыз талаптардың машақаты да аз емес. Серік Сұлтанғазыұлы аталмыш бағдарламада мал семірту алаңдарын, отбасылық фермалар, малды өз төлі есебінен өсіру орталықтарын және қажетті инфрақұрылымдар құру жөнінде кешенді шаралар қарастырылғанын, ендігі мақсат жаңа мал шаруашылығы жобасын орындау болып табылатынын атап көрсетті. Сапалы жемазық қорына барынша назар аударуды ерекше ескертті.
Ауылдың негізгі күнкөрісі – мал. Оны қолдағы деректер де айғақтайды. Қызылжар өңірінде ірі қара малдың 90-95 пайызы жеке адамдардың иелігінде. Демек, бұл төңіректе де проблемалар шаш-етектен деген сөз. Еті де, сүті де мол әрі құнарлы мал табындарын өсіру оңай емес. Көп жерлерде мал дәрігерлерінің тапшылығы, білікті мамандардың жетіспейтіні жасырын емес. Екіншіден, берік жем-шөп базасы жасалып, оның құрамы витаминді заттармен байытылуы шарт. «Сиырдың сүті – тілінде» деп бекер айтылмаған.
Сонымен, Мемлекет басшысы етті мал шаруашылығы бағытындағы келелі міндеттерді белгілеп берді. Үкімет несие ресурстарын бөле бастады. Осындай мүмкіндіктерді қалт жібермеу солтүстікқазақстандық мал өсірушілер үшін де үлкен сын белесі болғалы тұр.
Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.