«Нұр Отан» ХДП аймақтардағы жұмысқа сүйене отырып, еліміздің барлық облыстарындағы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, «Жол картасы», «Ақбұлақ» сияқты ең маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың іске асырылуын айрықша қадағалауда. Жұмыстың ең тиімді формалары мен әдістерін анықтау мақсатында нұротандықтар бағдарламаларды жүзеге асырудың өзекті мәселелерін тұрақты түрде талқылап отырады.
Алматы облысы нұротандықтарының кезекті кездесуі Талдықорған қаласында өтті. Аймақтың партия белсенділерімен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин кездесті.
Тек биылғы жылы Алматы облысында үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша 5 жоба іске асырылып жатыр. Олардың ішінде: Hyundai Motors жүк автокөліктерін шығарумен айналысатын кәсіпорын, бетон өнімдерін шығаратын «Юр-инвест» зауыты, шаршы пішінді және бүгілген құбырларды шығаратын зауыт және тағы басқалары. Әрбір нысанның құрылысы «Нұр Отан» партиясының жіті қадағалауында.
Салынып жатқан нысандардың бірін аралаған кезде Нұрлан Нығматулин: «Мемлекеттік индустриялық бағдарлама бойынша бүгінгі күннің өзінде 152 жоба іске асырылды, биыл да тағы 192 жоба іске қосылады. Олардың ішінде – бүкіл әлемге танымал «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік жолы, «Бейнеу – Шымкент» газ құбыры, металлургиялық, газды және химиялық өндірістер сияқты ірі жобалар бар. Осының барлығы – Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың экономиканы дамытуға және халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған саясатының нәтижесі. Ал «Нұр Отан» партиясы Президентіміздің партиясы ретінде осы жобалардың барлығын іске қосу жұмыстарын қатаң бақылауға алды», – деп атап өтті.
Әлеуметтік нысандардың жүзеге асырылуы мәселесі де басты назарда. 64 жас отбасы осы жылдың соңында қолданысқа берілетін жаңа 5 қабатты үйдегі пәтерге ие болады. Тұрғын үй кешенінің басты ерекшелігі онда 60 орындық балабақша салу да көзделген. Теннис ойынына құмар жандар Талдықорған қаласында салынып жатқан жаңа теннис алаңын да сынап көре алады. Бұл нысанды да осы жылдың аяғында беру жоспарланған. Нұрлан Нығматулин осы объектілердің барлығын аралап шықты.
Партия активімен кездесу барысында кең ауқымды мәселелер жиынтығы талқыланды. Мемлекеттік бағдарламаларды партиялық бақылау тақырыбына айрықша назар аударылды. Сөз алғандар партиялық бақылау бекеттерінің маңыздылығын айта келе, сонымен қатар, партияның аймақтардағы жұмысын нығайту бойынша нақты ұсыныстар енгізді.
«Егемен-ақпарат».