Кеше Астанада өтетін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының мерейтойлық Саммитіне арналған «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы – ынтымақтастық пен қауіпсіздік жолындағы 10 жыл» жинағы мен «Қазақстан: ел мен жер» атты фотоальбомның таныстырылымы өтті.
Биыл ұйым құрылғанына 10 жыл толуына орай елордамыз Астанада ШЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы өтетіні белгілі. Дүниеге келген күнінен бастап, аймақтағы тыныштық пен қуаттылық, сенім мен ынтымақтастық бағытында бірлесе тіршілік етіп жатқан ШЫҰ әлемдік қоғамдастық алдында пікіріне құлақ түрер іргелі ұйымға айналғаны аян. Міне, осы ынтымақтастыққа толы 10 жылды құжаттармен сөйлеткен жинақ «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы – ынтымақтастық пен қауіпсіздік жолындағы 10 жыл» деп аталыпты. Онда ұйым құрылғалы бері қабылданған негізгі құжаттардың топтамасы беріліп, оны парақтаған жан ынтымақтастықтың қалайша негізі қаланып, жемісті жұмыстың қандай құжаттарға сүйеніп жасалғанын ұғады.
Таныстырылымда жұртшылық назарына ұсынылған енді бір дүние – «Қазақстан: ел мен жер» атты фотоальбом болды. Халқымыздың бүгінгі тынысы оның спорттық, мәдени-әлеуметтік жетістіктері, экономикадағы табыстары – осының барлығы көркем фотосуреттермен безендірілген альбомда ұлттық нақыштармен қатар, Қазақстанның бай табиғаты негізінде көрініс тауыпты. Еліміздің бүгінгі тынысы жайында сыр шертетін фотоматериалдар өзге түгіл қазақстандықтардың өзін елеңдеткендей.
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы Мұратбек Иманалиевтің айтуынша, мерейтойлық Саммитке арналып шығарылған осы танымдық материалдар іс-шараға қатысушы барлық делегаттарға таратылатын көрінеді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.