Еліміздің ертеңі де, иесі де – жас ұрпақ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Патриот болу – Қазақстанды өз жүрегіңде алып жүру» деген сөзінен бастау алған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған «Менің Қазақстаным» атты IV республикалық Патриоттар форумы Қостанай қаласында өткені белгілі. Осы жиынға Жетісудан құрамында жастар арасында патриоттық тәрбиені насихаттау мен қалыптастыруға бағытталған түрлі сала қызметкерлері бар 10 адамнан тұратын делегат форумға қатысып, үлкен жігермен оралдық.
Форумның алғашқы күні бағдарламаның кең ауқымдылығымен ерекшеленді. Ол саяси репрессия жылдарында қаза болғандардың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталса, таңертеңгісін Ахмет Байтұрсыновтың ескерткіші жанында митинг өткізілді. Сол сәтте аспан бұлттанып, ақ жаңбыр сіркіреді. Соған қарамастан, “Менің Қазақстаным – менің Отаным”, “Алға, Қазақстан!” деген жастардың жарқын үндерімен астасқан жігерлі сөздері жарқын-жарқын шығып жатты. Оған басқа облыстардан келген форумға қатысушылар қосылып, мереке ауқымын шырайландырғанын айтқан жөн.
Форум тәуелсіздігіміздің мерейлі мерекелерінің бірі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мен Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңымен тұспа-тұс келуімен осылай дүбірлеп өткізілгені біз үшін үлкен әсер туғызды. Форумның мәні мен мағынасы жоғары екендігін сәт сайын сезіндік. Қостанайда республиканың барлық облыстарынан жастар делегациялары, жас патриоттар бас қосып, мемлекеттік рәміздерге құрметтің үлгісін көрсетті.
Бұл бағыттағы шаралар Жетісу жерінде де кең ауқымда өткізілуде. Облыс әкімінің бастамасымен соңғы үш жыл қатарынан аудан, қалаларда «Менің Отаным – Тәуелсіз Қазақстан!», «Елбасымен бірге ел қуатын еселейміз!», «Қазақстан – өркендеген ел», «Қазақстан – кең байтақ, ортақ Отан!», «Ата Заң – мемлекеттіліктің негізі», «Бастамашы жас – өсер елдің бақыты!» сияқты тақырыптарда жастар фестивальдері тұрақты өткізіліп келеді.
Жастарға патриоттық тәрбие беру, Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында өткізілген мұндай шаралардың нәтижесі бойынша жеңімпаздарға жиын қорытындысында «ГАЗель» автокөліктерінің кілттерін тапсыру дәстүрге айналған.
Биылғы фестиваль ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу аясында «Тәуелсіз елдің жаңа кезеңі – жас ұландар қолында» тақырыбындағы симпозиумның байыпты бағдарламаларымен жалғасуда.
Дәурен АЛДАБЕРГЕНОВ, форум делегаты, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім бастығы.
Алматы облысы.
Суретте: облыстан форумға қатысқан делегаттар.