Әр уақыттың өзгешелігі болады. Облыстың барлық аймағындағы қазіргі жақсылық жаңалықтар ел мерейлі мерекесі жылындағы бөлек бір ерекшелік. Көпшілік көңілін өсіріп, жанын жадыратып жалғасқан өркенді өзгерістер бұл күнде Астана іргесіндегі Нұра ауданы өмірінен де шуақ еседі. Оған тікелей куә жергілікті жұртшылық ризашылықтары шексіздігін сезінбей қала да алмайсыз. Өңірдің әсіресе, соңғы төрт-бес жылдағы өсіп-өркендеуі сүйсініспен айтылады.
Аудан әкімі Серік Шайдаровпен арадағы әңгіме сол жаңару, жасару бағытындағы істер мен ізденістер жайлы өрбіген еді.
– Серік Жаманқұлұлы, еңбек жолыңыз бізге біршама таныс. Кешегі өтпелі кезеңнің ауыр бір шағында Жаңаарқа ауданына басшылыққа тағайындалғанда 30-дан енді асқан ең жас әкім болғаныңызды білеміз. Жаңаарқаны жаңғырту жолындағы қызметіңізге ол жақта әрдайым жылы пікір білдіріледі. Бүгінде Нұрада да солай екен.
– Азды-көпті еңбегің ұмытылмай ел аузында жүрсе одан артық мәртебе бар ма?! Елбасы сенімін ақтап, шама келгенше халық мүддесіне қызмет етуді азаматтық, перзенттік парыз тұтамын. Жұрт жақтауы құрмет пен қолдаудың үлкені. Оны сезінген сайын міндетке жауапкершілік тіпті арта түседі.
– Нұра еліміздегі ең ірі астықты өңір екені мәлім. Алдымен осы саланың ахуалы қалай?
– Биыл аудан бойынша ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемін 10,9 миллиард теңгеге көтеру жобаланып отыр. Мұның басым бөлігі басты байлығымыз үлесіне тимек. Демек жағдайды шамалай беруге болады. Көктемнің жауын-шашынға молынан кенелтуі күздің ырыс-берекеге бөлеуіне үміттендіреді. 200,8 мың гектар егістікке дер кезінде сіңірілген дәннің өну барысы сәтін салса, талай рет көл-көсір астығымен атақ-даңқы жер жарған Нұрамыздың мерейін тағы бір асқақтатары анық.
Әрине, табиғат қабағы үнемі түзу бола бермейді. Сондықтан осы өндірістің «Шахтер», «Қайнар», «Пржевальское» сияқтылы ірі буындары агротехникалық тәсілдерді кеңінен енгізу, жаңа технология мен техниканы тиімді қолдану арқылы өнім шығымдылығын сақтауға, арттыруға қол жеткізіп келеді. Әрқайсысы 30 мың гектардан асыра егін егетін олар көктемгі егіс жұмыстарын шетелдік Джон Дир, Бюллер Морис, Амазония, Крушинели тұқым сепкіштерімен атқарса, астық жинауда да әлемге танымал комбайндарды пайдалану енді ешкімге таңсық емес. Жалпы аталған саланың заман талабына сай түленіп, әлдеқайда жақсарып, дамуы көп өңірдегілерден едәуір ілгері десек артық айтқандығымыз болмас.
– Аудан астықпен бірге Астана мен Қарағандыны азық-түліктің басқа да түрлерімен жеткілікті қамтамасыз етуді мойнына жүктепті. Оны орындау үшін не істеліп жатыр. Қандай жоспарларыңыз бар?
– Елбасының ауыл өндірісін өркендетуге ұдайы бастамашы болып, нақты тапсырмалар беріп отыруы бұл жауапты мәселенің шешімін табуға талпынысты күшейтуде. Мәселен, биылға белгіленген 12 инвестициялық жобаның біразы осы мақсатқа арналған. Атап тоқталғанда картоп пен көкөністі өсіру көлемі ұлғайтылды. «Шахтер» ЖШС жанынан сыйымдылығы 450 тонналық көкөніс сақтау қоймасы салынуда. Бұған дейін егілмей келген қарақұмық бұдан былай қарай дағдылы дақылға айналады.
Көзделген шаруаның бірі етті ірі қараны көбейту болып табылады. Оларды арнайы бордақылауды «Қайнар», «Пржевальское» ЖШС қолға алды. Жер-жерлерде ашылатын мал соятын 21 орын ет өткізушілер күйбеңін жеңілдетеді әрі делдалдарсыз тиімді бағаға сатуға мүмкіндік береді. Ал «Нүркен» шаруа қожалығы құс өсіруді бастады.
Ауданымыздағы игілікті істерімен алысқа аян «Отқанжар» серіктестігінің өз тарапынан жылқы түлігін өрбітуге құштарлық танытуы құпталып, істі қаржыландыруға көмек көрсетілді. Мұнда сондай-ақ қой етін қалбырлап өндіру өтімдірек болуына ықпал етпек. Қысы жазы алыс-жақынға қымыз жөнелтіледі. Аудан орталығында ашылғалы отырған алғашқы қымызхана «Отқанжар» жетекшісі Қанат Отарбаевтың бастамасы деуіміз керек.
– Ауданда ел назарын аударатын үлгілі бір үрдіс – халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, мұқтаж-мүддесін қорғау, ауылдарды көркейту берік бағытқа айналған. Сөз орайында бұл шаралардың мән-маңызына тоқталып өтсеңіз.
– Экономикалық қуат-қабілет толысқан сайын әлеуметтік мәселелердің оңтайы туып жатады да ғой. Өз шаруасын өзі икемдеуге үйренген жұрттың аймақтың ортақ жетістігіне үлестері үлкен. Соның игілігін көрсете, қызығына бөлей білу бізге мерейлі міндет.
Мемлекет басшысының алға қойған басты тапсырмаларының бірі, тұрғын үй құрылысын жеделдетуге байланысты және облыс әкімдігінің қолдауымен тұрғындардың баспаналы бола алуына өте көңіл бөлінеді. Жыл басынан бері 4200 шаршы метр үй пайдалануға беріліп, яки жоспар 105 пайызға орындалып үлгерінсе, бұл күнде 16 және 6 пәтерлік қоныстар қосымша салынуда. Бұлардың кілттері көп балалы отбасыларға, жас мамандарға бірінші кезекте табыс етіледі. Алдағы уақытта осындай мекен-жайлар Киевка кентінде ғана емес ауылдарда да бой көтереді. Былайша айтқанда тұрғын үй құрылысы ел ішіне ауысады.
Соңғы уақытта тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуде айтарлықтай алға баса алдық. Тиісті мекемелерді толассыз мазалаудың, мәселені батыл қоюдың арқасында күш те, қаржы да бұрынғыдан анағұрлым көбірек бөліне түсті. Бұған мынадай дерек айғақ. Айталық, су жеткізу жүйесін жетілдіруге ағымдағы жылға арналған қаржы 735 миллион теңгеден асты. Егер былтырғы 196 миллион теңгемен салыстырсақ айырмашылық жер мен көктей. Сөйтіп биыл Тассуат, Көбетей, Заречный ауылдарына жалпы ұзындығы 36 шақырымды құрайтын су құбырларын тартуға мүмкіндік кеңіді деуімізге болады. Мұның сыртында келесі жылы Кертіңді, Баршын, Кәрім Мыңбаев атындағы, Щербаков ауылдары да су машақатынан арылғалы тұр.
Әлбетте осылармен қоса жол жайын айналып өте алмаймыз. Кейінгі кезге дейін басқасын былай қойғанда Киевка-Астана және Нұра өзені бойындағы Киевка-Қарағанды бағытындағы республикалық маңызы бар күре жолдың кей тұстары жүргісіз болып келген еді. Бүгінде айнадай жалтырайды. Ауданның өз аумағында Жарасбай елді мекеніне жаңа жол төселді. Щербаков – Есенгелді ауылдарын жалғастыратын жол да таяу арада іске қосылады. Содан соң ауылдар көшелерін асфальттау жүргізіледі.
Бәрі өздігінен болмайтындығына, жеңіл ештеңе жоқ екеніне басқалардай нұралықтар да көзі жетті. Сондықтан өмірлеріндегі өзгерістер қадір-қасиетін түсінеді. Бүгінгі күнді жарқыратқан, жарқын болашаққа жеткізер бұл шаралар әркімнің бойына қуат қосуымен, жанына жаңғыру жасауымен мәнді.
– Кезінде тұрғылықты халықтың рухани тынысы тарылып, өгейлік көргені жасырарлық сыр емес. Тіпті бертінге дейін оны ықтатуға оншалықты ықылас танытылмады. Расын айтқанда, қазіргі сілкініс, серпіліске қуанып қалдық.
– Осының өзі кешегі тың игеру дүрбелеңіндегі олақ та оңғақ, солақай саясаттың салдарынан. «Игіліктің ерте, кеші жоқ» делінбей ме. Оған күйінішіміз пен опынысымыздың есесі қайтарылып жатыр. Мәдениет үйі жанындағы ұлттық аспаптар оркестрінің шығармашылық жұмысы жандандырылып, халықтық атағын алды. Драма үйірмесі құрылып, жетекшілік етуге білікті режиссер шақырылды. Бірнеше қойылымдар көрермендерге ұсынылды. Халық театры атағын иеленуге талаптары бар. Астанадағы, Қарағандыдағы арнаулы оқу орындарын бітіріп келген домбырашы, қобызшы, биші мамандар жергілікті талапкерлерді өнерге баулып, мәдениет мәйегін септіруде. Ауданымыздың жарқын істеріне жанашыр әрі қамқоршы сенатор ағамыз Оралбай Әбдікәрімовтің әйгілі әнші Қайрат Байбосыновтың концертін ұйымдастыруы мәдени өміріміздегі елеулі оқиға, кешегі Қайып, Жолдыкей ақындардың көгершін ізбасарлары талаптарын оятқан, қанаттандырған әсерлі кездесу болды.
Рухқа рух құятын әдебиет, өнер екені әсте ұмытылмайды.
– Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құрметіне толымды тартулар арнау жөнінде бастаманы облыс бойынша алдымен нұралықтар көтергені белгілі. Ол қандай сыйлар?
– Еліміздің жаңа тарихындағы бедерлі белестің тұрғындар есінде ұмытылмастай қалуы күні бұрын ойластырылған болатын. Соған сәйкес қараша, желтоқсан айларында бірінен соң бірі көпшілікке қуаныш әкеліп, іске қосылар нысандар аз емес. Аудан орталығының өзінде мұражай, кітапхана, мәдениет үйі ғимараттары, балабақша сән түзейді. Сәкен Сейфуллинге орнатылған ескерткіш бой көтереді. Оның алды саябақпен көмкеріледі. Демеушілердің көмегімен, шаруашылықтардың қолдауымен елді мекендер келбетін көркейтерлік құрылыстар да біршама. Келбет демекші, Шахтер, Изенді, Щербаков ауылдары көркі жағынан аймақта алдыңғылар қатарында. Киевка кентінің келісті бейнесі одан сайын жайнатылуда. Сауда орындары, қызмет көрсету ошақтары шоғырланған көшені тұрғындарымыз «Біздің Арбат» деп атайды. Солайы солай. Субұрқақтар атқылаған, гүлдер хош исі аңқыған, жасыл желектер жайқалған, солардың аясында үлкен-кіші саяланған ол асықпай әңгіме-дүкен құрар, сүйсіне дем алар орын.
Міне, нұралықтардың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай.
Әңгімелескен Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы.