15 Маусым, 2011

Қазақтың сөзін қорлау өзін қорлау емес деп кім айта алады?

619 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Егемен Қазақстанның» 7 мау­сымдағы нөмірінде «Қаның қалай қайнамас?!» айдарымен «Мұнан ас­қан қорлау бола ма?!.» атты материал  жарияланды. Онда Көк­ше­таудың қалалық «Степной маяк» газетінің «Жилье бомжа-казаха» де­ген кроссворд басқаны, бір­қатар аудандық газеттер «Хабар» теле­ар­насының 31 мамыр­дағы жә­не 5 мау­сымдағы бағдар­ла­ма­сында Жұ­ма­баев және Жұма­ділов фами­лияларын «Пятницабаев» және «Пятницаділов» деп шығар­ғандары айтылған. Бақсақ бақа екен демекші, ал­ғашқы газет кроссвордты ресейлік журналдан көшіріп алып­ты, соңғыларына телебағдарлама жо­ғарыдан түседі екен. Облыс, қала басшылары да осылай дейтін болар. Бірақ гәп басқада ғой. Қазір кроссвордтан көп еш нәрсе жоқ, дегенмен көрдіңіз бе, «Степной маяк» бір сөз арқылы бүкіл бір ұлт­ты қорлайтын кроссвордты кө­ші­ріп басқанын. Ішкі арам ойын шығара алмай жүрген бір пасық ре­сейлік журналды пайдалана қой­ған. Жарайды, ресейлік журнал мә­селесін еліміздің Мәскеудегі елшілігіне, Сыртқы істер министрлігіне қалдырайық, қазақ ұлтын қорлай­тын кроссвордтың жариялануына, Мағжан Жұмабаевтың фамилия­сын «Пятницабаев» деп қате жа­зып, ар-намысты таптауға Көкше­тау қалалық және Ақмола облы­сы­ның бірқатар аудандық прокура­туралары не дер екен? Ал қазақ сөзін қорлаудың жә­не бір көрінісін «Время» газеті де байқатып жүр. Қазақтың «бастық» деген сөзінен шығатын «басеке» дейтін сөз бар. Жақты­ры­ңыз, жақ­тырмаңыз, сөздің бар екендігі анық. Ал «Время» қыз­мет­к­ерлері осы сөзге барынша жағымсыз сипат беріп, біреуді сынаудың, әжуалаудың міндетін осы «басеке» сөзіне артып қойды. Еліміздегі телеарналар қазір бас­қа тілдердегі фильмдердің қа­зақша титрін беретін болып жүр. Аударманың сәттісі бар, сәтсізі де бар, бірақ қазақша түсінігің бола­тыны белгілі. Ал КТК арнасында осы қазақша титр сөздерінің үсті­нен ақылы хабарландырудың жү­гіртпе жо­лын жіберу әдеті бар. Қа­зақша сөздер қажетсіз десе керек. Қазіргі кезде БАҚ тәуелді, тәуелсіз, ресми, бейресми болып бөлінеді, алайда бәрі де мемлекеттік мүддені көздеуі қажет болуы­на қарамастан, осылардың кейбірі қазақ сөзіне қатысты ойына келгенін істейтін болып жүр. Қазақ сөзін, сол арқылы қазақтың өзін қорлаудан сақтауға тиісті орган­дар­дың басшылары мұндайды кө­ретін емес. Сонда ондай бас­шы­лар кімге керек болғаны? Ержұман СМАЙЫЛ, зейнеткер. Астана.