15 Маусым, 2011

Жоғары марапатқа ұсынылған жұмыстар қаралды

488 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Отырыста жоғары марапатқа ұсынылған жұмыстар бойынша тақырыптық секциялардың ұсы­нымдары мен мемлекеттік ғы­лы­ми-техникалық сараптаманың қо­рытындылары қаралды. Қазақстан Республикасы Тәу­ел­сіздігінің 20 жылдығында Ғы­лым мен техника саласындағы Отанымыздың Мемлекеттік сый­лығын алуға номинанттарды реттеу біздің комиссияға ерекше жауапкершілік жүктейді, деді Қанат Бекмырзаұлы. Ол бұдан кейін: біз ұсынылған жұмыстарды ба­ға­лауда ерекше принципті болуы­мыз және Мемлекеттік сыйлық берілетін Жарлықта Президент Нұрсұлтан Назарбаев көрсеткен жоғары критерийлерді басшы­лық­қа алуға тиіспіз. Бұл кри­те­рийлердің анық және нақты екені белгілі. Мемлекеттік сыйлықтан үміткер әрбір жұмыс алдымен отандық ғылымда серпінді бо­луы, өз саласында әлемдік ана­лог­тарға сәйкес немесе одан да жоғары тұруы және елдің ғылы­ми-техникалық дамуына елеулі үлес қосуы тиіс. Сондықтан ғы­лым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы Мемлекеттік сый­лығы тек Отанымыздың жоғары наградасы ғана емес, еліміздің одан әрі ғы­лыми-техникалық прогресінің ма­ңызды көрсеткіші болуы тиіс. Біз­дің міндетіміз – Мемлекет басшы­сына ұсынылған жұмыстардың ішінен Мемлекеттік сыйлықты беру үшін нағыз лайықты еңбектерді ұсыну, деп атап өтті. Отырыс қорытындысы бой­ын­ша ғылыми-техникалық сараптамадан және комиссия секция­ларында алдын ала қараудан өт­кен жұмыстар іріктеліп алынды. Іріктеуден өткен жұмыстардың тізімі одан әрі кеңінен қоғамдық талқыдан өткізу мақсатында «Еге­мен Қазақстан» және «Казахстанкая правда» газеттерінің жақын арадағы нөмірлерінде жарияланатын болады. Сүлеймен МӘМЕТ.