Жұмыс бабымен іссапарда жиі боламыз. Көлігіміз – пойыз. Сапар алыс болғандықтан, жатар орныңның жайлы болмағын алдын ала қамдайсың. Бұл ретте де солай болды. Шымкент шаһарына бару үшін Астана-Сарыағаш бағытына жүретін №86 пойыздың 8-ші люкс вагонынан орын бұйырыпты. Бұл үстіміздегі жылдың 22 мамыры болатын. Пойыз сағат таңғы 6-дан 05 минөт өткенде Астана вокзалының перронынан жылжыды. Жазды күні пойыз ішінің ыстық болатыны белгілі. Әдетте люкс вагондарда кондиционер істеп тұрушы еді. Сөйтсек, біз мінген вагонда ол нәрсеңіз істемейді екен. Жолсеріктен шай сұрадық, ол да жоқ. Қант сұрадық, ол да жоқ. Тым құрыса қайнап тұрған қара судан ішіп, тамақ жібітейік десек, ыдыс та жоқ екен.
Осы жерде есімізге еріксіз анекдот түсе кетті. Бір кісі дүкенге келіпті. «Ет бар ма?», деп сұрапты. «Жоқ». «Сүт бар ма?». «Жоқ». «Нан бар ма?». «Жоқ». «Тұз бар ма?». «Жоқ».
«Сонда, бұл дүкенде не бар?» депті күйіп кеткен әлгі кісі. «Ештеңе жоқ, есік жауып кетейін десем, құлып та жоқ» деп жауап берген екен дүкенші.
Люкс вагоныңыздың жағдайы да құдды сондай. Ештеңе жоқ. Құжат бойынша өткен жылдың соңында ғана жөндеуден өткен, бірақ бүгінгі күні алқам-салқам болған сорлы вагон күндердің күнінде электровоздың сүйреуіне шыдамай шашылып қалатын сияқты. Билет құны удай люкс вагонның «люкс» емес қызметі осындай.
Шарафаддин ӘМІР.