16 Маусым, 2011

59 «Алтын белгі» иегері, 33 үздік түлек қанат қақты!

386 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатының түлектері биылғы ҰБТ сынағын жоғарғы көрсеткішпен тәмамдады. Мектеп бойынша орташа балл – 109,4. Ал 59 шәкірт «Алтын белгі» сынынан сүрінбей өтіп, 33 шәкірт үздік аттестат иегері атанды. Былтырғы көрсеткіш бойынша мектептің 88 түлегі «Алтын белгі» мен ерекше үлгідегі куәлікке ие болса, биылғы нәтиже – 92 үздік түлек. Қырық жылға жуық тарихы бар киелі білім ордасынан түлеп ұшқан шәкірттер бүгінде әлем­нің айтулы оқу орындарында білім алуын жалғастырып жатыр. Сонымен қатар былтыр 33 түлек Президент Назарбаев атындағы университеттің студенті атанды. О.Жәутіков атындағы РМФМОМИ түлектерінің алдағы уақытта да Қазақстан ғылымы мен экономика­сын, саясаты мен мәдениетін жаңа белеске көтеретін маман болып шығатынына сенім мол, сол себепті де жоғары оқу орындары тарапынан бұл оқу ордасын бітірушіге сұраныс артуда. Оған ай­ғақ, ҚБТУ мен әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ осы РМФМОМИ тү­лек­теріне атаулы грант бөліп отыр. «ҚазАтомПром» акционерлік қоғамы Ресей мен Франция­ның жоғары оқу орындарында білім алу үшін осы оқу орнын бітірген шәкірттерге білім грант­та­рын бөлді. Осындай үлкен сапаға қол жеткізу жолында академик О.Жәутіков атын иеленген білім ұстаханасы 17 елде өткен 31 халықаралық олимпиададан 101 жүлделі орын, арнайы дипломдар мен мақтау қағаздарын алса, республикалық олимпиададан 33 медаль иегері мен республика­лық ғылыми жоба жарысынан 12 жеңімпаз шәкірт шығарып отыр. Биылғы ҰБТ сынында Ахмет Ермек пен Жұман Қуаныш секілді оқушылардың 124 балға ие болуы, тағы да үш шәкірттің 123 балл жинауы аталмыш білім ордасының деңгейін танытса керек. Білімдар шәкірт, дегдар маман дайындап шығаратын оқу орны маусымның 21-25 аралы­ғын­да қабылдау емтихандарын өткізуді жоспарлап отыр. Емти­хандарды қазақ және орыс тілдерін жетік білетін 8-9 сынып бітіруші оқушылар тапсыра алады. Елі­міздің өзге облыстарынан, шал­ғай аудандарынан келген үміткерлерге тегін жатақхана да қарастырылған. Бір сөзбен айт­қан­да, білімімді шың­даймын, талабымды ұштай­мын деген ізденімпаз жас буын үшін бақты бір сынап қалатын мүмкіншілік бар. Қанат ЕСКЕНДІР, Алматы.