Астанада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының мерейтойлық саммиті табысты аяқталды
Кеше Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер мемлекет басшылары кеңесінің отырысы өтті. Отырыс Ұйымның он жылдық мерейтойына арналды. ШЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыларының кеңесінде Ұйымның өткен он жыл ішіндегі қызметінің нәтижелеріне талдау жасалды және Ұйымды алдағы кезеңдерде дамытудың перспективалары айқындалды. Сондай-ақ саммит барысында әлемдік және өңірлік өзекті жағдайларға қатысты кең көлемдегі мәселелер де талқыланды. Елордадағы еңселі ғимараттардың бірі әрі бірегейі – Тәуелсіздік сарайы есігін айқара ашқаннан бері бұл ғимаратта халықаралық деңгейдегі ірі жиындар жиі өтіп келеді. Өткен жылдың желтоқсанында ЕҚЫҰ-ның Саммиті, жақында ғана Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумы табысты өткен еді. Енді, міне, ШЫҰ-ға қатысушы елдер мемлекет басшыларының мерейтойлық саммиті өтіп отыр. Саммит жұмысына ШЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік етті. Оның жұмысына сондай-ақ, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Қырғызстан Президенті Роза Отунбаева, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Ауғанстан Президенті Хамид Карзай, Пәкстан Президенті Асиф Али Зардари, Иран Президенті Махмұд Ахмадинежад, Моңғолия Президенті Әкімшілігінің басшысы Баттулга Дашжамц, Үндістан Сыртқы істер министрі Соманахалли Кришна, сондай-ақ Ұйымға байқаушы елдер мен әріптестік бойынша үнқатысу елдерінің және ірі халықаралық ұйымдардың делегациялары қатысты. Сағат тілі 11.00-ге жақындағанда Ұйымға мүше елдердің мемлекет басшылары мінген есік пен төрдей көліктер араға бір-екі минөт салып, Тәуелсіздік сарайының алдына тоқтай бастады. Бұл кезде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайындағы арнайы жабдықталып, Ұйымға қатысушы елдердің мемлекеттік тулары орнатылған тұғырда мемлекеттер басшыларын қарсы алу үшін күтіп тұрған еді. Көп кешікпей орыс алфавиті тәртібімен алғашқы болып ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао көрінді. Одан кейін Елбасы Қырғыз Республикасының Президенті Роза Отунбаеваны, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонды, Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовты және Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевті ыстық ықыласты жағдайда күтіп алды. Осындай достық ниеттестіктегі қауышудан соң, ШЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшылары бірігіп суретке түсті. Ал бұдан кейінгі мерейтойлық саммит үстіндегі жүздесу алдымен Ұйымға мүше елдер мемлекет басшылары кеңесінің отырысы шағын құрамда, одан кейін кеңейтілген құрамда жалғасты. Отырысты Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты және сөз сөйледі. Елбасы әуелі бұл мерейтойлық саммит Ұйымға мүше елдердің 10 жыл ішіндегі бірлескен жұмыстарының қорытындысына арналып отырғанына тоқталды. Қазақстан басшысының атап өткеніндей, осы жылдар аралығында ШЫҰ Шанхайдан Астанаға дейінгі үлкен жолды басып өткен халықаралық қатынастарда бірегей институтқа айналды. Біріншіден, ШЫҰ түрлі өркениеттер мен мәдениеттерді алға тартатын мемлекеттерді біріктірді. Екіншіден, осыдан 10 жыл бұрын Шанхайда Ұйымға мүше мемлекеттер өз халықтарының қауіпсіздігіне қарай тарихи қадам жасады. Үшіншіден, ШЫҰ өзіне барынша перспективалы әлемдік экономиканы тартып отыр. Бұдан кейін Елбасы өткен кезеңдерде Ұйымға қатысушы елдердің экономикалық дамуына тоқталды. ШЫҰ-ның ішкі тауар айналымы жеті есе өсті, деді Нұрсұлтан Назарбаев осы туралы. ШЫҰ елдері трансеуразиялық коммуникациялар – автокөлік және темір жол, тұрба құбыры желілері жобаларын жүзеге асыруға шықты. Біз экономикалық ынтымақтастық пен интеграцияны кеңейту үшін стратегиялық негіз құрдық. Іскерлік кеңес және Банкаралық бірлестік құрылды, Ұйымның Экономикалық форумы тұрақты өткізіліп келеді. 2020 жылға дейінгі көптарапты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осылай деген Елбасы Ұйым жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға баға жетпес үлес қосқанын атап өтті. Мемлекет басшысының атап өткеніндей, Терроризммен, сепаратизммен және экстремизммен күрес туралы Шанхай конвенциясы қабылданды. ШЫҰ-ның Өңірлік антитеррорлық құрылымы қазірдің өзінде жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдары арасында лайықты орнын алды. Өңірлік антитеррорлық құрылымның қатысуымен 500-ден астам террорлық актілердің алдын алуға мүмкіндік туды. Біздің Ұйымның саяси салмағы мен беделі тұрақты өсіп келеді, деп жалғастырды сөзін Нұрсұлтан Назарбаев. Оның құрамына БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің екі тұрақты мүшесі кіреді. ШЫҰ БҰҰ Бас Ассамблеясы жанындағы байқаушы мәртебесіне ие. Ұйымға мүше болғысы келетіндердің, байқаушылар мен әріптестік үнқатысу бойынша мүше болатындардың қатары өсе түсуде. Біз жаңа салалар – білім беру, денсаулық сақтау, экология және басқа да салалар кіретін өзара ықпалдастықты кеңейтудеміз. Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалығын біздердің тәуелсіздігіміздің және Ұйымның өзінің мерейтойлық жылымен аяқтағалы отыр. Біздің төрағалығымыздың жылында «Қауіпсіздік және ынтымақтастық жолындағы он жыл» ұраны астында 110-нан астам бірлескен шара өткізілді. Мемлекет басшысы өзінің сөзі барысында бұдан басқа да бірлескен шаралардың өткізілгеніне тоқталды. Елбасының атап айтуынша, «Бейбітшілік миссиясы-2010» бірлескен кең көлемдегі антитеррорлық жаттығуы өтті. Ұйымның Есірткіге қарсы стратегиясы қол қоюға әзірленді. Өткен жылы Ұйым Ауғанстандағы жағдайды реттеу үдерістеріне айтарлықтай қолдау көрсетті. Оның ішінде Қырғызстан да бар. Көрсетілген көмектің жалпы көлемі 50 миллион доллардан асады. Жалпылай алғанда, 10 жыл ішінде ШЫҰ жаңа тұрпаттағы халықаралық өңірлік Ұйымға айналды. Әрі қарай Қазақстан Президенті Ұйымның алдында тұрған жаңа міндеттер мен жаңа сынақтар үшін шешімдер іздестіру қажеттігіне тоқталды. Елбасының тоқталғанындай, өткен кезеңдерде Ұйымның базалық қызметі негізінен үш қасірет – терроризммен, экстремизммен және сепаратизммен күрес болды. Бүгінде есірткі синдикаты жаһандық аз қатер туғызып отырған жоқ. Соңғы он жылда Ауғанстанда героин мен есірткі трафигі өндірісі он есеге өскен. Ұйымға мүше мемлекеттер БҰҰ басшылығы мен Халықаралық Гаага трибуналына осыған байланысты үйлестірілген ұсыныстармен шығуы қажет. Халықаралық тергеулер жүргізіп, адамзатқа қарсы қылмысқа қатысушы барлық ұйымдар мен тұлғаларды жауапқа тартуы керек. Барлық осы төрт көріністер – терроризм, діни экстремизм, сепаратизм және есірткі бизнесі біздің елдеріміз бен бүкіл әлемге оларды тарату үшін әлем бойынша Интернет жүйелерін пайдаланады. Сондықтан да Ұйым елдері оған күшті тосқауыл қоюы қажет. Бұған мысал ретінде Президент АҚШ-тың өзін-өзі қорғау тәжірибесін келтірді. Елбасының атап өткеніндей, АҚШ-та киберқауіпсіздік – киберқауіпке және кибертерроризмге қарсы кешенді шаралар жүргізуге бағытталған қатал доктрина қабылданған. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Интернет агрессиясына қарсы «Киберпол» функциясын орындайтын ШЫҰ-ның арнайы органын құру мәселесін ойластырудың қажет екенін білдірді. Және терроризммен, экстремизммен және есірткі қаупіне қарсы күресте өзара іс-қимылды әрі қарай тереңдету қажет екендігін атап өтті. Ол үшін Өңірлік антитеррорлық құрылымның материалдық-техникалық мүмкіндіктерін кеңейту керек. Осыған орай Елбасы Ұйымның аумақтық және өңірлік жанжалдарды реттеу жөніндегі кеңесін құруды ұсынды. Екіншіден, бізге мақсатты түрде ШЫҰ-да біртұтас көлік-энергетикалық кеңістік құру туралы мәселені дайындау қажет, деді Елбасы. Біздің елдерімізде мұнай, газ, гидроресурстар бар және ірі тұтыну рыногы бар. Үшіншіден, ШЫҰ аясында тығыз экономикалық ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін құру маңызды. Біз инвестиция мен сауда жолындағы кедергілерді барынша төмендетіп, перспективалы бірлескен өндірістерді құруымыз қажет. Бірлескен жобалар мен инновацияны қаржыландыру үшін Даму қорын құруды тездетуді ұсынамын. Қазақстанның ШЫҰ аясында Су және азық-түлік комитеті атты тиісті ұлттық ведомстволар басшыларының деңгейіндегі жаңа құрылым ашуды ұсынатынын да айтты. Төртіншіден, Қазақстандағы және Ресейдегі былтырғы өрттер мен Жапонияда болған жер сілкінісі Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық ашудың қажеттілігін дәлелдеп отыр. Әріптестеріме Төтенше жағдайлар жөніндегі кеңес құрудың қажеттілігін де атап өткім келеді, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бесінші кезекте Елбасы тұрақты жұмыс істейтін Ұлтүстілік болжам институтын құрудың уақыты жеткенін айтты. Сонымен бірге, ШЫҰ дамуының біртекті болжамын да әзірлеу қажет, деді Елбасы. Ол үшін барлық ұлттық болжамдық ресурстардың күшін біріктіріп, ШЫҰ-ның біртекті орталығын ашу керек. Президент осындай құрылымның арқасында «ШЫҰ-2030», «ШЫҰ-2050» болжамдық жобаларын әзірлеуге болатынын да көлденең тартты. Бұл алдағы уақытта орын алуы ықтимал жаһандық экономикалық дағдарыстарға қарсы тұру үшін керек. Одан әрі Елбасы бүгінгі күні дүние жүзінде бүкіләлемдік валюта-қаржылық архитектураның кінәратын табу проблемасы әлі анықталмағанына өкініш білдірді. Бізге алтынмен қамтамасыз етілген ұлтүстілік толыққанды валюта қажет. Оны қабылдау ШЫҰ-ның қолынан келеді. Және бүгін жасалған операциялар – осы істің жолындағы алғашқы қадам. Мен айтқан осы бес мақсат – әлемнің алдағы он жылғы дамуына қажетті маңызды шаралар. Олар біздің халықтарымыздың мүддесін қорғайтын болады, деді Президент. Оларды ШЫҰ-ның «Бес мейірімді істері» деп атауға да болар еді. Сөзінің соңында Н.Назарбаев ШЫҰ-ның ерекшелігі мен тартымдылығы өздерінің саяси-дипломатиялық істерінің ептілігіне және оларды өз мақсаттарына икемдеудегі қадамдарына байланысты екенін атап көрсетті. ШЫҰ-ға мүше елдердің бәрі де аумақтарының, тарихтары мен мәдениеттерінің әртүрлілігіне қарамастан, тең және бірдей дауысқа ие. ШЫҰ-ның нақ осы қасиеті әлемде қызығушылық тудыруда. Сондықтан да әлем біздің Ұйымымыздан үлкен үміт күтеді, дей келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы бүгін Астанада біздің халықтарымыз үшін Еуразиядағы бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздік жолындағы жаңа тарихи тарау ашылғанына сенімді екенін жеткізді. Сөзін қорытындылаған Елбасы келесі сөзді ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоға берді. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао алдымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Ұйым саммитін тамаша ұйымдастырғаны және ыстық ықыласты қонақжайлық көрсеткені үшін шынайы алғысын білдірді. ҚХР Төрағасы содан кейін ШЫҰ-ның құрылғаннан бергі кезеңдегі қызметіне тоқталды. Осыдан дәл он жыл бұрын Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылған еді, деді Қытай басшысы. Бұл бейбіт дамудың ұлы желісі басталғанын білдіреді. Сондай-ақ бұл Ұйымға мүшелікке кіретін біздің елдер халықтарының ынтымақтасу арқылы бейбітшілік пен дамуға ұмтылыс жасағанын көрсетеді. ШЫҰ өткен он жыл ішіндегі қызметінде оған мүше елдер өзара ықпалдасып және ортақ күш-жігер жұмсай отырып, үлкен табыстарға қол жеткізді. Сөзін осылай бастаған ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао осы жылдар аралығында Ұйымның қызметін жетілдіруге байланысты жүзеге асырылған жұмыстарды атап көрсетті. Төрағаның атап өткеніндей, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары тұрақты кездесудің нәтижесінде Ұйымның тұрақты қызмет ететін екі құрылымы – Хатшылық пен Өңірлік антитеррорлық орталығы жұмыс істеуде. Өзара түсіністіктің арқасында ШЫҰ аясында ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жүздеген құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар, заңдық негіздегі мәңгілік достықты көздейтін тұғырнама қалыптасып жатыр. Бұл Ұйымға қатысушы елдер арасындағы шынайы ізгі ниеттестіктің белгісі болып табылады. ҚХР басшысы әрі қарай сөзіне ШЫҰ-ның әлемдік және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі мен қызметін арқау етті. Ұйымның қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, өңірде тұрақтылықты нығайтудағы рөлі жылдан жылға кеңейіп келеді. Өткен кезеңдерде ШЫҰ-ға мүше елдер бірлесе отырып, бірнеше рет антитеррорлық жаттығулар өткізді. Әсіресе, трансшекаралық қауіпсіздікті жандандырудың, есірткі тасымалының алдын алудың өңір елдері үшін маңызы ерекше. Бұлар өңірдегі тұрақтылықты нығайтуға оң әсер етеді. Сондай-ақ Ұйымға қатысушы мемлекеттер арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға арналған көпжақты құжаттарға да қол қойылған. Қазіргі кезде Ұйымның энергетикалық клубын және Ұйымның банкін құру бастамаларына орай, оның тетіктерін қарастыру жөнінде жұмыстар қолға алынып жатыр. Азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты іс-шараларда ойдағыдай ілгері басушылық бар. Қытай тарабы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерге жалпы көлемі 12 миллиард долларды құрайтын жеңілдетілген жағдайдағы кредит бөлуге уәде беріп отыр, деп жалғастырды сөзін Ху Цзиньтао. Біз халықаралық қатынастарды кеңейтуді назарға ала отырып, Ұйымға төрт мемлекетке байқаушы, екі елге әріптестік бойынша үнқатысу мәртебесін бердік. ШЫҰ бүгінде БҰҰ, өзге де беделді халықаралық және өңірлік ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту үстінде. Ұйымның халықаралық деңгейдегі беделі тұрақты түрде өсіп келеді. Өйткені, ШЫҰ-ның қызметі өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету арқылы оған мүше елдердің өркендеп, дамуына бағытталған. ҚХР Төрағасы бұдан соң, қазіргі кезде жаһандық және өңірлік ауқымдағы «ыстық нүктелердің» көрініс бере бастағанына алаңдаушылық білдіре келіп, бейбітшілікті қолдау мақсатында ШЫҰ алдында тұрған міндеттерді атады. Ху Цзиньтаоның атап өтуінше, Ұйымды көпбейінді, ашық қызмет етуші бірегей құрылымға айналдыру керек. Осыған байланысты Төраға алдағы онжылдықта мына мәселелерге баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Бірінші – Ұйымның маңызды проблемаларына қатысты мәселелер бойынша келісе отырып, ұйымшылдықпен шешімдер қабылдау. Екінші – өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Ұйымның мүмкіндігін күшейту. Әсіресе, есірткі трафигімен, трансшекаралық қылмыс түрлерімен күресті жандандыру. Ол үшін өңірлік антитеррорлық жаттығуларды жиі өткізу керек. Үшінші – ШЫҰ-ға қатысушы елдер арасында экономикалық интеграциялық байланыстарды дамыту, көлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жандандыру. Сондай-ақ энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін құру. Төртінші – гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты жандандыру. Сөзін қорыта келіп, ҚХР Төрағасы Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуді қабылдап алатынын, тараптардың барлығының келісіміне орай, ШЫҰ биылғы жылды «Достық пен тату көршілестік» жылы деп атайтынын жеткізді. Қырғызстан Президенті Роза Отунбаева өз сөзінде ұйым аясында Қауіпсіздік кеңесін құру жайындағы идеяны толық қолдайтынын білдірді. Мұздақтардың еруімен тау ішінде пайда болған соқпақтармен діни экстремистердің, содырлы топтардың өтуіне жол ашылады. Бұл бізді өте қатты алаңдатады. Ұйымның барлық мүшелері тәрізді біз үшін де терроризммен күрес маңызды екенін баса айтқым келеді. Сол үшін республикамызда терроризмге қарсы орталық ашып отырмыз. Ол тек біздің елдің ішінде ғана емес, аймақтағы қауіпсіздік мәселесіне де үлесін қосады деген ойдамыз. Осы маңызды мәселе төңірегінде әр елдегі құқық қорғау органдары ғана емес, азаматтық қоғаммен қатар, халықаралық ұйымдардың бірлесе қимылдауы ғана оң нәтиже бермек. Осылай деген Қырғызстан Президенті әрі қарай ШЫҰ шеңберінде есірткімен күресті күшейте түскеніміз жөн екенін атап өтті. Бүгінгі саммит барысында есірткіге қарсы күрес стратегиясының 2011 – 2016 жылдар арасын қамтуы бұл істе бірлесе қимылдаудың құқықтық негізін қалап отыр. Сондықтан Қырғызстан осы төңіректегі барлық іс-қимылдарды толық қолдайтынын жеткізеді. Осы жерде біздің елімізде 2010 жылдың тамыз айында есірткіге қарсы күрес жөніндегі құрылым жұмыс жасайтынын да айта кетейін. Есірткі алпауыттарының өздерінің ардан тайған жолында біздің елімізді пайдаланғысы келген жоспарынан қатты қысым көретін қырғыз жұрты осы кеселге нағыз майдан ашуды өз міндеті санайды. Сонымен бірге, деді ол, біз барлық ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы бітіспес күрес ашып отырмыз. Өйткені, осындай топтардың қоғамдағы тыныштыққа іріткі салатыны түсінікті. ШЫҰ өз шаңырағының астына экономикасы қарқынды дамып жатқан бірнеше елдерді біріктіріп отыр, деп жалғады сөзін Р.Отунбаева. Ал дағдарыстан енді арылуға беттеген Қырғызстан халқы да ұйым аясындағы елдерден төмен өмір сүргісі келмейді. Сондықтан, қырғыздар алдына игі мақсаттар қойып отыр. Ұйымдағы серіктестерімен арадағы байланыстарды мейлінше дамытып, жақын жатқан көршілермен арадағы түсіністікті, қарым-қатынастарды өрістете береді. Бүгінгі күні алға қарай үдерісті дамып жатқан ғаламда біздер, ШЫҰ-ға мүше елдер әлемдік өркениеттегі көне мәдениетті жалғастырушылар ретінде Ұйым шеңберінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты да алға дамыта беруге тиіспіз. Сол себептен Қырғызстан тарапының ШЫҰ-ға мүше елдер жастарының Ыстықкөл жағасында форумын өткізу жайлы ұсынысымды қолдауды сұраймын. Бұл ұсыныс 2009 жылы ШЫҰ Жастар кеңесінің Екатеринбург қаласында өткен конференциясында құпталған болатын. Қазақстанның табысты төрағалығынан кейінгі алдағы жылы Қытайға өтетін төрағалық тізгіні табыстарымызды еселей түседі деп ойлаймын. Құрметті саммитке қатысушылар, бүгінгі ұйым шеңберіндегі отырыс мен үшін қорытынды болып саналады. Өйткені, Қырғыз Республикасының конституциясына сәйкес, алдағы күзде елімізде президенттік сайлау өткізілуі тиіс. Сайлаудан кейін билік жеңіске жеткен азаматқа тапсырылады. Менің міндетім–осы билікті бейбіт түрде заң жолымен тапсыру дәстүрінің негізін салу болып табылады. Әлемдік тәжірибеге сәйкес, бұл сайлауға байқаушы ретінде халықаралық ұйымдардан, соның ішінде ШЫҰ-дан да байқаушылар шақырылады. Біз әділ де мөлдір сайлау өткізуді мақсат тұтып отырмыз. Өткен жолғы парламент сайлауындағы тәрізді барлығы ашық жүргізіледі, деді Р.Отунбаева. Сөзімді аяқтай келе, барлығыңызды Ұйымның 10 жылдығымен құттықтап, саммит жұмысына сәттілік тілеуге рұқсат етіңіздер. Мұнан соң Елбасы сөз кезегін Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевке берді. Шанхай ынтымақтастық ұйымы әлемдегі қауіпсіздік мәселесіне өзінің белсенді әрекет ету жүйесін бірізді ұстанып келеді. Бұл ұжымдағы маңызды мәселенің бірі екеніне дау жоқ. Әріптестер арасындағы сенімді нығайта түсуде жасалған жұмыстарымызды біз әрі қарай дамыта түсуге мейлінше пейілдіміз. Оны жақын арада және алыс болашақта да өрістете түсудің маңызы зор деп білеміз. Ұйым шеңберінде көтерілген ынтымақтастықтың сан салалары, оның ішінде аймақтағы террорға қарсы күрес, қаржы саласы, экономика сынды бағыттағы әріптестіктің берері мол. Ресейде террорға қарсы бірқатар мәселелер қолға алынды. Оның құқықтық, заңдық негізі жасалды. Ал осы жұмысқа Ұйымға мүше елдердің де араласуы аса маңызды деп санаймыз, деді Ресей басшысы. Есірткімен күрес мәселесі де Ұйым шеңберіндегі маңызды тақырып санатында. Бұл ретте алдағы жылдарға арналған стратегияны нақты жүргізудің мәнділігіне ешкім шек келтірмейді, деп сөзін сабақтаған Д.Медведев Ауғанстанға қатысты былай деді: «Ауғанстан – біздің көршіміз, ал оның Ұйым жұмысына араласуы осыған дейінгіден тығызырақ болуы қажет деп ойлаймын. Меніңше, Ауғанстанмен арадағы ынтымақтастықты форумға қатысушылардың қай-қайсысы да қолдайды. Осы елдегі ішкі жағдайдың тұрақтылығы белгілі бір дәрежеде біздердің қауіпсіздігімізге әсерін тигізеді. ШЫҰ өзара іс-қимылға әрқашан даяр Ұйым, ол элиталық клуб емес, негізгі міндеті – қандай бір елмен қарым-қатынастарды ұлғайту. Ал Ұйымның әрі қарай дамуында мүшелікке талапкер елдің міндеттемелерін қарастыратын меморандум қабылдауымыз қажет». Д.Медведев келесі кезекте ШЫҰ шеңберіндегі ірі жобалар бойынша «Жол картасы» жасалуының маңызына тоқталды. Дәл осындай форум жұмысы алдымен елдер арасындағы аса ірі трансжобаларды жүзеге асыруға бағытталуы тиіс. Әрі жыл аяғына дейін осы маңызды құжатты даярлап, қабылдауға және оны ұзын-сонарға салмай, тезірек орындауға тиіспіз, дей келе келешегі бар бағыттың бірі деп венчурлық қор құру мәселесін көтерді. Іскерлік қарым-қатынастардың орталығы болатын бұл қорға қоса ШЫҰ-ның арнайы қорын құруды ұсынды. Ондағы қаражат, Ресей басшысының пікірінше, жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін жасауға жұмсалуы тиіс. Бұл жайында біз осыдан бұрын да пікірлескенбіз, менің ойымша, бұл әбден пісіп жетілген мәселе, тіпті піскені түгіл асып кетті, әрі оны қабылдауға Ұйымға мүше елдердің қайсысы да дайын деп білемін, деді. Біздің ұйымның күн тәртібінде гуманитарлық бағыттағы байланыстарды одан әрі дамыту міндеті тұр. Өткен жылдың қыркүйегінде ШЫҰ университетін құру қолға алынды. Оны жүзеге асыруға 50-ден астам мүше елдердің жоо-лары қатысуда. Сондай-ақ мүше елдердің денсаулық сақтау саласындағы әріптестігінің маңызды екендігі айқын. Оның бір пункті болып аймақтағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың қауіпсіздігі шығады. Сондықтан осындай көптеген салалар бойынша әріптестікке, бірлесе қимылдауға шақыратын ШЫҰ ашық әрі өзара қимылға бағытталған ұйым ретінде жұмысын жалғастыра береді, деп ойын қорытындылады. Келесі кезекте сөз берілген Пәкстан Ислам Республикасының Президенті Асиф Али Зардари Қазақстан елордасы – Астана қаласы осындай беделді халықаралық жиындарды өткізуге өзгелерге үлгі көрсетіп келе жатқанына ризашылық білдіре келіп, соңғы он жылда Шанхай ынтымақтастық ұйымы өңірде бейбітшілікті нығайтуда және дамытуда ерекше үлес қосып келе жатқанына тоқталды. Президенттің тоқталып өткеніндей, Пәкстан ШЫҰ-ның идеялары мен ынтымақтастықты дамыту мақсатындағы бастамаларын қолдайды. Сондай-ақ Пәкстан Ұйымға байқаушы болғаннан бері оның отырыстарына үнемі қатысып келеді. Өткен он жылда ШЫҰ өзінің халықаралық деңгейдегі орнын анықтады. Ұйымның алдындағы мақсат-мүдделері айқын. Пәкстан Президенті Асиф Али Зардаридан кейін сөз кезегі тиген Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Хамид Карзай біз үшін ШЫҰ-мен арадағы байланысты дамыту өте маңызды деп сөзін бастады. Ауғанстанда біз террорлық топтармен байланыстарын үзгісі келетін талибтермен келіссөздер жүргіздік. Біз ШЫҰ тарапынан жүргізіп жатқан жұмыстарымызға қолдау күтеміз. Тұрақтылық және ретке келтірумен қатар, террорға қарсы күресте, заңсыз қару-жарақ айналымына, жарылғыш заттар және есірткі тасымалына қарсы Ұйым бізге көмекке келсе дейміз. Ауғанстан қазір өтпелі кезең қиындығын бастан кешуде, деп жалғады сөзін Х.Карзай. Осы жауапты тұста ауғандық қауіпсіздік қызметі иығына ауыр жүк көтеруде. Ал экономикасы тұралаған, өздігінен тығырықтан шыға алмайтын ауған еліне қазіргі күні халықаралық ұйымдардың қолдауы ауадай қажет. Ауғанстанға халықаралық қоғамдастық біздің елімізде ұлттық билік, ұлттық қауіпсіздік күштері жоқ, әрі осындай бір қиындықтан құтылуға үміттің де үзілген тұсында кіргені мәлім. Содан бергі 10 жыл ішінде халықаралық ұйымдар мен көршілерімізбен байланыстар біздің елге біраз жақсылықтар алып келді. Экономиканың жағдайы сәл де болса жақсарып, денсаулық сақтау мен оқу-ағарту жұмыстары қалпына келтіріліп, қажетті инфрақұрылымдар пайда болуда. Алайда, біздің халқымыз қауіпсіз тіршілік кешіп, террор мен күш көрсетуден құтылып, бейбіт өмір сүріп, еркін тыныстағысы келеді. Ал егер оған қол жетпесе, мемлекеттік институт, ұлттық экономикаға үлкен қауіп. Сондықтан да біз әрбір қолдауға зәруміз. Осымен бірге, ауған халқы АҚШ пен НАТО күштерінің біздің елімізде болуы реттеліп отыруы тиіс деп санайды. Біз тәуелсіз елміз, сондықтан ауған жұртындағы қолданылатын заң ауғандық болуы табиғи нәрсе деп танимыз. Біз НАТО мен арадағы келіссөздерде біз аймақтық өлшемдер мен көршілеріміздің мүдделерін де есепке алып отырамыз, деді сөз ретінде Ауғанстан басшысы. Егер көтерілген мәселеде біздің көршілеріміздің қауіпсіздігіне көлеңке түсетіндей болса, ондай әріптестікке бармаймыз. Біз өз болашағымыздың Ұйым аймағындағы елдермен тығыз қарым-қатынаста өрбитінін анық ұғынамыз. Маңайымыздағы Қытай, Үндістан, Ресей сынды көршілеріміз экономикасының дамуы мен тұрмыс деңгейін жоғарылатуда айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Бұл елдер көршілерін сүйрейтін локомотив қызметін атқарғаны дұрыс болар еді. Сондықтан біз көршілерімізбен интеграциялану жолын қалаймыз. Ауғанстан жеткілікті дәрежеде минералды ресурстарға ие. Біз қытайлықтардың жез кен орындарына салған инвестициясын жоғары бағалаймыз және өзге елдерді де осындай қадамдар жасауға шақырамыз. Бір аймақта жақын орналасқандықтан, біздің тарихи, мәдени ортақ тамырларымыз бар. Сондықтан ШЫҰ-ның саммитіне шақырылғанымызға қуаныштымыз және оған байқаушы ретінде қатысқымыз келетінін айта кетейін. Мүше елдер басшылары біздің өтінішімізге құлақ асады деп сенеміз, деді сөзінің соңында Ауғанстан басшысы. Үндістан Сыртқы істер министрі Соманахалли Кришна сөзін өзі үшін осындай көз тұндыратын әсем қалада болу және Үндістан мемлекеті атынан ШЫҰ-ның мерейтойлық саммитіне қатысу үлкен құрмет екенінен бастады. Дәл осы қалада Үндістан 2005 жылы ШЫҰ саммитіне алғаш рет қатысқан еді. Біз ШЫҰ аясындағы әріптестікке айрықша назар аударамыз. Ұйым өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында үлкен жұмыстар атқарып келеді. Мүше мемлекеттер Үндістанның алыс және жақын көршілері болып табылады. Біз бәріміз тарихи тамырлас елдерміз. ШЫҰ бүгінде сан салада жемісті жұмыстар атқарып келеді, оның ішінде екі бағытты айрықша атап өтуге болады. Біріншісі – терроризммен күрес, екіншісі – Ұйымға мүше елдердің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету. Әсіресе, бәрімізге қауіп төндіріп отырған терроризмге, экстремизмге, есірткі саудасына қарсы күрес бағытындағы атқарып отырған шаралар Ұйымның негізгі қызымет ету тетігі. Экстремизм мен терроризмнің ешқандай шекарасы жоқ. Әсіресе, бұл мәселені Үндістан өте жақсы біледі. Ол адам өмірін қиып қана қоймай, қоғамның прогрестік жолмен дамуына кедергі келтіреді. Бұл ретте Үндістан ШЫҰ аймағын терроризм мен экстремизмнен ада өңір ретінде көргісі келеді. Болашақта да біздің еліміз осы кеселдерге қарсы үдерістерге белсене қатыса береді деген сенімдеміз. Ұйым Ауғанстандағы жағдайды ретке келтіруде елеулі ықпал етті, болашақта да осы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіле береді деп ойлаймын, деді Үндістан сыртқы саясат ведомствосының басшысы. Содан кейін ол өз елінің Ауғанстанда 30 жыл бойына сақталып келген күрделі жағдайды ретке келтіруге, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды орнықтыруға бар күш-жігерін жұмсайтынын көлденең тартты. Біздің Премьер-министр Ауғанстанға сапарлап қайтты, сол арқылы біздің елдің Ауғанстанға деген дос пейілін көрсеткісі келді, деді. Ұйым мүшелері елдерде сауда-экономикалық бағыттағы мәселелердің ішіндегі ең күрделісі – көліктік байланыстың тиімділігінің төмендігі. Бұл өз кезегінде сауда және инвестицияның жандануына кедергі жасайды. Барлық халықаралық ұйымдар тәрізді ШЫҰ да өзінің болашақ бағытын айқындап алуы тиіс.Үндістан да Ұйым қызметіне бұрынғыдан тереңірек және белсенді араласуға мүдделі. Аймақтың дамуы мен осы елдерге ортақ мәселелерді шешуге өз үлесін қосқысы келеді. Осылай деген шешен сөзінің аяғын саммитті өте жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қазақ еліне алғыспен түйіндеді. Саммит жұмысына қатысқан Моңғолия Президенті Әкімшілігінің басшысы Баттулга Дашжамц ШЫҰ-ның аймақтағы рөліне мән бере сөйледі. Біздің еліміз Ұйым аясындағы барлық ынтымақтастық, қауіпсіздік бағытындағы атқарылып жүрген жұмыстарға әрдайым көз тігіп отырады. Аз уақыт ішінде ШЫҰ күрделі мәселелерді шешудің іс-жоспарын әзірледі және жүзеге асырды. Бұл ретте аймақтың қауіпсіздігінде елдің бәрін алаңдататын Ауғанстан мәселесін ретке келтіруге өз үлесін қосуда, деді байқаушы мәртебесіне ие Моңғолия өкілі. Бұдан кейінгі кезекте сөз тізгінін алған Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон ең алдымен Қазақстан тарапына, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және достық пейілді қазақ жұртына қонақжайлық танытқаны үшін алғысын жеткізді. ШЫҰ саммитінен кейін қабылданатын Астана декларациясында ШЫҰ үшін 10 жылдық аса жауапты кезеңнің нәтижесі, Ұйымның жақын болашақтағы жаңа бағытын айқындау мәселелері көрініс таппақ. Біздің басты жетістігіміз мынада: Шанхай ынтымақтастық ұйымы – әлемнің саяси картасынан өзінің лайықты орнын ала алды. Өткен 10 жылдың ішінде Ұйымның халықаралық беделі мен ықпалы айтарлықтай деңгейге өсті. Өмірдің өзі осындай жоғары беделі әрі ықпалы бар өңірлік құрылым негізінің қалануының қажеттілігін дәлелдеп берді. Себебі, қазіргі заман алға тартқан қауіп-қатерлердің алдын алу және оларға қарсы тұру, әлемдік және өңірлік мәселелерді бірлесе шешу үшін де мұндай Ұйым қажет. ШЫҰ құрылғаннан кейін Орталық Азиядағы барлық елдер секілді, Тәжікстандағы қауіпсіздік қамтамасыз етіліп, тұрақты даму жүйесі қалыптасты. Көпжақты экономикалық ынтымақтастыққа жаңаша серпін берілді. Бұл – біздің ортақ еңбегіміз. Сондықтан, біз өзіміздің ортақ жетістіктерімізді бағалай білуіміз қажет, деді Эмомали Рахмон. Тәжікстан Президенті Ұйым арқылы қол жеткен жетістіктерді еселеу қажеттігін, егер, Ұйымға мүше елдер мұндай қадамдарға бармаса, бүгінгі күнге дейінгі жетістіктер мен жақсы нәтижелер уыстан шығып кетуі мүмкін екендігін де алға тартты. Қазіргі таңда халықаралық әріптестікте күрделі өзгерістер белең алып, саяси жүйе де өзгеріс үстінде тұр. Әлем қаржылық-экономикалық дағдарыс, өңірлік текетірестер мен қақтығыстар, терроризм, климаттың өзгеруі, азық-түлік дағдарысы секілді күрделі мәселелермен бетпе-бет келуде. Ал мұндай дағдарыстар ешқандай дүние жүзі елдерінің шекарасын айналып өткен жоқ. Олардан ешбір ел қорғалмаған. Біз бір-бірімен тығыз байланысты және бір-біріне тәуелді әлемде өмір сүрудеміз. Соңғы 2 жылдағы оқиғалар – соның дәлелі. Әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс дамыған және дамушы елдердегі халықтың жұмыспен қамтылу, экономикалық қауіпсіздік жүйесіне едәуір залалын тигізді. Азық-түлік дағдарысы, оның ішінде азық-түлік бағасының қымбаттауы дүние жүзінің ешбір елін айналып өткен жоқ. Оның айтуынша, ғаламдық тұрғыдағы қауіп-қатерлермен, оның ішінде терроризммен, есірткінің заңсыз айналымымен және есірткіге тікелей қатысты трансұлттық бірлескен қылмыспен күрес мәселелері бірінші орында тұру қажет. Ол үшін біз уақыт өткізбей, мәселені дер кезінде тиімді шешу мәселесіне баса назар аударуымыз керек, деді Тәжікстан басшысы. Бір атап өтерлігі, ол ғаламдық тұрғыда қауіп-қатер туғызып отырған мәселелерді айта келе, Ауғанстанда қалыптасқан жағдайға да тоқтала кетті. Бүгінде ШЫҰ-ға мүше елдердің әрқайсысында экономикалық дамудың ұзақ жылдарға арналған ұлттық стратегиялары бар екені белгілі. Бұлар жақын 10 жылдық мерзімде еуразиялық кеңістікті дамытудың ортақ стратегиясын қалыптастыруға негіз болар еді деп ойлаймын. Яғни, бүгінде Ұйым қызметінің ықпал ету тетіктерін нығайтуға мүмкіндіктер жетерлік, деді Тәжікстан басшысы. Өзінің сөзінде ол, сондай-ақ, өткен 10 жыл ішінде Ұйымға мүше елдер «Шанхай рухын» нығайтып қана қоймай, оның әлемдегі жетекші әрі беделді ұйымдардың қатарына қосылуына сеп болғанын атап өтті. Болашақта да Ұйым Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықты, бейбітшілікті сақтау бағытындағы өзінің алдына қойған міндеттерін орындауға бар күш-жігерін салады деген сенімдемін, деді Э.Рахмон. Тәжікстан Президентінен кейін сөзді Өзбекстан Президенті Ислам Каримов алды. Өзбекстан басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшыларына, саммитке қатысушыларға конференция жұмысы кезінде сәттілік тілей отырып, Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа риясыз қонақжайлығы мен ауқымды жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын жеткізді. Мен мемлекет басшыларының ШЫҰ-ның 10 жыл ішіндегі қызметіне берген бағалауларына қосыла келе, аз уақыт ішінде бұл Ұйымның жетекші, ықпал етуші, беделді халықаралық құрылымға айналғанын атап өткім келеді. Бүгінгі күнге дейін Ұйым аясында жоғары деңгейдегі құқықтық база қалыптасты. Ұйымның берік институттық негізі қаланды. Бүгінде оның құрылымдық органдары тұрақты түрде жұмыс жасауда. Саяси, гуманитарлық, экономикалық байланыстар тетіктері де жанданып, көліктік-коммуникациялық ынтымақтастық жүйесі нығайып келеді. Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы қызметіміздің маңызды кезеңі ретінде байқаушылар институтының енгізілуін, БҰҰ, АСЕАН секілді ұйымдармен, ТМД-мен халықаралық жан-жақты байланыстың орнатылуын атап өтуге болады. Бұлар ШЫҰ әлеуетін айқындап берді. Сондай-ақ, олар ұйымның барлық мемлекеттермен, халықаралық құрылымдармен ықпалдасуға әзір екендігін байқатты. Осы орайда, мен ШЫҰ-ның халықаралық беделін одан әрі арттыра түсетін бірқатар факторларға тоқталғым келеді, деді Ислам Каримов. Оның айтуынша, ШЫҰ-ның негізгі бағдары өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Мұндай бағдар қазіргідей күрделі әрі қауіп-қатерге толы кезеңде айрықша рөл атқаруы тиіс. Екіншіден, ШЫҰ – оған мүше елдерге тең дәрежеде ықпал ететін құрылым болғандықтан, олардың мүддесіне қайшы келуді көздемейді. Орталық Азиядағы қалыптасқан жағдайға көз жүгірте келе байқайтынымыз, бұл кеңістіктегі геосаяси, геостратегиялық жүйенің маңыздылығы, ондағы табиғи байлықтың мол қоры бүгінгідей қауіп-қатерге толы күрделі кезеңде әлемдік қоғамдастықтың назарында тұр. Бұл ретте Ауғанстандағы жағдайды мысалға келтіруге болады. 30 жылдан бері үздіксіз созылып келе жатқан күрделі жағдай халықаралық қоғамдастықтың ықпал-әрекетіне қарамастан, әлі де басылар емес. Бір өкініштісі, Ауғанстандағы күрделі жағдайды әскери тұрғыда шешу де мүмкін болмауда. Мұны әлемнің көптеген елдері, оның ішінде Ауғанстандағы жағдайды қалпына келтіруге мүдделілік танытып отырған мемлекет басшыларының өзі мойындайды. Сондықтан, бұл мәселенің түйінін ауған халқының өзі тарқатуы қажет. Бір-бірімен қақтығысып отырған тараптардың бейбіт жолмен келісімге келуі, әлемдік қоғамдастық негізінде Ауғанстанның әлеуметтік-экономикалық жандануы ғана бұл елді тығырықтан алып шыға алады. Бұл туралы Өзбекстан 2008 жылдың сәуір айында Бухаресте мәлімдеген еді, деді И.Каримов. Ол сондай-ақ, Өзбекстанның Ауғанстанмен болашақта ұлтаралық мүдде тұрғысында екіжақты ынтымақтастық байланысын жалғастыра беретінін атап өтті. ШЫҰ-ның қызметі оған мүше елдердің құқықтарын тең қорғап, мүдделерін бірдей ескерген жағдайда ғана нәтижелі болмақ. Ол үшін біз Ұйымға мүше мемлекеттер халқының әлеуметтік әлеуеті мен тұрмыстық сапасын жақсартуға баса назар аударуымыз қажет. Сонда ғана ШЫҰ-ға мүше елдердің халқы Ұйым қызметінің маңызы мен тиімділігін шын мәнісінде сезіне алады, деді Өзбекстан Президенті. Бұдан кейінгі кезекте Ислам Каримов ШЫҰ-ның аясындағы инвестициялық, мәселен, елішілік және трансшекаралық тұрғыдағы маңызы бар көлік, темір жол, әуе коммуникациясы салаларын жандандыру бағытындағы бағдарламалардың жүзеге асырылуын қолдайтынын жеткізді. Бұлардың барлығы біздің елдердің Еуроодақ, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен сауда-экономикалық байланысты нығайтуға сеп болмақ, дПрезидент Қаратал ауданының қорғаныс істері бөліміне барды
Президент • Бүгін, 14:09
Қызылордада 504 отбасы баспаналы болды
Аймақтар • Бүгін, 13:24
Президент Үштөбе қаласында орналасқан Кемел Тоқаев атындағы орта мектепке барды
Президент • Бүгін, 13:01
Мемлекет басшысы Қаратал ауданындағы әлеуметтік нысандармен танысты
Президент • Бүгін, 12:41
Биыл Алматы облысында 57 мың жұмыс орны ашылды - Марат Сұлтанғазиев
Аймақтар • Бүгін, 12:14
Мемлекет басшысы: «Жазушылар одағы – руханиятымыздың алтын діңгегі»
Президент • Бүгін, 11:56