17 Маусым, 2011

Бекир ОКАН: Окан университеті – әлeмнің озық оқу ордасы

438 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Соңғы ширек ғасырда Түркия Республикасында білім беру саласы қарыштап дамып келе жатыр. Бұрын Түркияның теңіз сауда эконо­ми­касы, туризм, текстиль өндірісімен аты шықса, бүгінде әлем Түркияны сапалы білім беретін оқу орындарымен танитын болды. Ыстамбұл қаласында 1999 жылы Окан университеті ашылған еді. Бұл оқу ордасы бар-жоғы он екі жылдың ішінде Түркияның маңдайалды уни­вер­си­тет­терінің біріне айналып үлгерді. Осының сырын университет құрыл­тайшысы Бекир ОКАННАН сұрап білген едік. – Бекир мырза, Окан университетін ашудағы негізгі мақсаты­ңызды айтып өтсеңіз? – Окан университеті тек коммер­циялық жобаға ғана бағытталмаған. Негізінен, оқу орны Түркияның білім са­пасының дамуын, сондай-ақ, маңызды салалар бойынша жан-жақты жетілген мамандарды әзірлеу арқылы еліміздің экономикасының өркендеуінe ықпал етуді көздейді. Қала берді, эконо­ми­кадан өзге ха­лықаралық қатынастар, шет тілдері саласының майталман ма­мандарын дайындауды мақсат етеді. Түркия Республикасы сексенінші жылдардан кейін жекеменшік оқу ор­ындарының ашылуына заңдық тұр­ғыдан барынша тиімді жағдай жа­са­ды. Осының нәтижесінде еліміздегі оқу орындарында шетелдік профессорлар жұмыс істеп, Түр­кия­ның білім сапасы өркендей бастады. Студенттеріміз шетелдерде тәжіри­бе­ден өтіп, елге келген соң әлемдік соңғы жаңа­лық­тарды өн­ді­ріске енгізе бастады. Осының нәти­жесінде Түркияда ғылы­ми техно­кра­тияның дамуына жол ашылды. Бұл түрік қоғамының соңғы жиырма жы­л­дық­тағы жетістігінің негізгі сыры. Бәсекелестік қатты қарқын алған қоғамда серпінді жобалардан тыс қалуға болмайды. Сырт қалсаң, ер­тең сол сала бойынша мешеулікке ұры­на­сың. Қысқаша айтқанда, жоға­ры оқу орнын ашудағы мақсатым – Түркия мемлекетінің дамуына өз үлесімді қосу болды десем артық емес. – Окан университетіндегі сту­дент­тердің контингенті қандай? – Окан холдинг Қазақстан мен Түркияның құ­рылыс, туризм, тамақ өнеркәсібі және энергети­калық өнді­ріс салаларында сапалы қызмет етіп жүр­гендіктен, әдепкіде студенттер саны­ның мол болуына компанияның атағы әсер етті. Кейін Окан оқу орнында берілетін сапалы білім әсер ете бастады. Шетелдік профессор­лар­дың дәріс беруі, әрбір жылы жаса­латын рейтинг бойынша универси­тет­тің еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орны саналуы, бітіруші түлек­тер­дің Түркиядағы жо­ға­ры орындарда қызмет етуі, біздің оқу ордамызға та­лапкерлердің екпінді ынта білдіруіне ықпал етті деп ой­лаймын. Осының нәтижесінде 1999 жылы ашылған Окан университетінде бүгінде 7000 студент білім алуда. – Қандай салалар бойынша мамандар даярлайсыздар? – Окан университеті уақыт тала­бына сай және болашаққа қажетті мамандар дайындайтын факультеттер мен бөлімдерді құрды. Әсіресе, эко­номика саласына қажетті, сон­дай-ақ, шет тілі мамандарын дай­ындауға ба­сымдық берді. Бүгінде оқу орнында ағылшын тілі, неміс тілімен бірге орыс тілі, араб тілі, қытай тілі бө­лім­дері жұмыс істейді. Сонымен қатар, ағылшын тілінде сабақ беретін менеджмент, маркетинг, сәулет өнері, инженерия факультеттері бар. «Кә­сіп­керлікке жақын университет» деген лақап аты бар оқу орнында білімді тәжірибемен ұштастыруға ар­нал­­ған және сапалы маман болуға бау­ли­тын кон­сультациялық бағдарламалар да жұмыс істейді. Окан университеті өткен жылдан бастап халықаралық қатынастар бөлімін ашты. – Университеттің сыртқы бай­ланысы жөнінде айтып өтсеңіз? Яғни, шетелдердегі қандай оқу ор­ындарымен әріптестік қарым-қатынас орнат­қан? – Окан университеті АҚШ-тың Гeорг Масон университетімен, Ресей Федерациясының атақты Мәскеу мем­лекеттік университетімен, сон­дай-ақ, Қазақстандағы Л.Н.Гумилев атында­ғы Еуразия университетімен және т.б. жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Аталмыш университеттермен студенттеріміздің тәжірибесін ұштау мақсатында бай­ла­ныс жасаймыз. Сонымен бірге, Окан университеті Еуропалық Одақтың «Ерасмус» бағдарламасына мүше Түр­­киядағы санаулы оқу орындарының бірі саналады. Бұл бағдарлама Еу­ро­падағы ЖОО-да бірыңғай жоғары деңгейде білім сапасының қалып­та­суын көздейді. – Окан оқу ордасының алдағы уақытта қандай жоспарлары бар? – Университеттің оқу корпусы, жатақханасы заманауи құрылғы­лар­мен жабдықталған. Профессор­лық құрамымыз да өте жақсы. Әлемнің ең мықты деген ұстаздары дәріс оқи­ды. Яғни, Түркияда біздің оқу орны­ның деңгейі өте жоғары. Енді, осы деңгейді сақтай отырып, алдағы уа­қытта қоғамға қажетті деген маман­дар­ды әзірлейтін бөлімдерді аш­пақ­шы ойымыз бар. Әсіресе, ғылыми технократияға басымдық бермекпіз. Сөз соңында айтпағым, Окан университеті Түр­кияның саясат пен экономикадағы ең жақын әріптесі саналатын Қазақстаннан да студенттер қабылдауға пейілді. Осы жылдан бастап Окан оқу орнында Назарбаев атындағы стипендияның және өзге де тағайындалған стипендияларға ие бес қазақ студенті білім алуда. Олар университет талабына сай терең, жан-жақты білім алуда. Қазақ шәкірттері ағылшын тілінде еркін сөйлеумен бірге, Ыстамбұлдың бай мәдениетін бойларына сіңіруде. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Ахмет АЛЯЗ.