Жақында Тараз қаласындағы ақыл-есі кем балаларға арналған интернат үйінде жаңа спорт алаңы ашылды. Бәрекелдісі сол, нысанды салған құрылыс компаниясының басшысы бұл бастаманы «Мүгедек жастар қоғамы» белсенділерінің облыс әкімінің блогына жазған хатынан алыпты. Ал үшбу хатта мүгедек балалар үйінде олардың денешынықтыру жаттығуларымен айналысатын арнайы алаңының жоқтығы айтылған екен. Қ.Бозымбаевтың блогына түскен жанайқай жүректерін елжіреткен компания басшылығы көп ұзамай ақыл-есі кем және мүмкіндігі шектеулі балаларға тосын сый жасауды ұйғарады.
Компанияның тағы бір бәрекелдісі сол, олар өз базасында тұтас резеңкеден тігіссіз жасалған жабу материалдарын дайындайды. Әрі түрлі-түсті реңктегі қазіргі заманғы жабдықтар шығаратын құрылғылары да бар екен. Ал олардың қызмет ету уақыты 20 жылға дейін емін-еркін жетеді. Демек, бұл резеңке жамылғылар спорттық және балалардың ойын алаңы үшін таптырмайтын материал болып табылады. Өйткені, ол балалардың жарақаттануына жол бермейді, сондай-ақ сырғанауға да өте ыңғайлы және құлаған кездегі ауыр соққыларды баяулата алады.
Сонымен... Блог иесі Бозымбаев спорт алаңы ашылған күні жарымжан балалардың қуанышын бөлісіп қана қоймай, интернат үйінің жұмысымен де танысты. Балалармен бірге театрландырылған көріністі де тамашалады.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.