ҚМГ БӨ ««Өзенмұнайгаз» еңбек ұжымының өзекті мәселелерін қарауға дайын, сондай-ақ, ӨМГ кәсіподағының және еңбек ұжымының өкілдері тарапынан ұсынылған, бітімгерлік комиссиясының жұмысына қатысу жөніндегі ұсынысын қолдайды. Алайда, ол үшін құқық аясының шеңберінде әрекет ету керек. Сондықтан да, бітімгерлік комиссия өз жұмысын ереуіл тоқтатылып, ӨМГ қызметкерлерінің барлығы тегіс жұмысқа шыққаннан соң ғана бастай алады.
Мұндай мәлімдемені Астанада ӨМГ өндірістік филиалы кәсіподағының өкілдерімен кездесу барысында ҚМГ БӨ ««Өзенмұнайгаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Асқар Балжанов жасады. ӨМГ еңбек ұжымы тарапынан ӨМГ біріккен кәсіподағының төрағасы Наурыз Сақтағанов, оның орынбасары Әділ Сүйебай, МГӨБ-4 кәсіподақ комитетінің босатылған төрағасы Ибадулла Амелов, АКБ автоматика жөніндегі аға инженері, кәсіподақ комитетінің босатылмаған төрағасы Аманияз Нұримов және НГДУ-2 кәсіподақ комитетінің босатылған төрағасы Бекәлі Уақбаев қатысты.
Тараптар заңсыз наразылық шараларын өткізудің нәтижесінде «Өзенмұнайгаз»да қалыптасқан жағдайды талқылады. Ереуілшілердің басты талаптарының бірі – ұжымдық келісім-шарт бойынша жалақыны көтеру болып табылатындығы жұртқа мәлім. Бұл талаптың орындалмайтындығы туралы Асқар Балжанов түсіндіріп өтті. ҚМГ БӨ басшысының келтірген мәліметтеріне сәйкес, «Өзенмұнайгаздағы» жалақының өсуі соңғы үш жылда инфляция қарқынынан анағұрлым асып түскен, бүгінгі таңда шамамен 300 мың теңгені құрайды. Бұл – Маңғыстау облысындағы ұқсас көрсеткіштен, сондай-ақ, ресейлік компаниялардың осы саладағы қызметкерлерінің жалақысының деңгейінен жоғары, деп атап өтті Асқар Балжанов. Бұған қоса, ӨМГ штаттық саны, сондай-ақ, компанияның ұжымдық шартты орындауға жұмсалатын шығындары ұлғаюда – бүгінгі таңда ол шығындар әрбір жұмыскерге шаққанда жылына шамамен 1 миллион теңгені құрайды.
Бірақ, қызметкерлердің материалдық және әлеуметтік жағдайын жақсартуға басшылықтың күш-жігер жұмсап отырғандығына қарамастан, еңбек өнімділігінің төмендеуі орын алуда, еңбек тәртібі құлдырауда, ереуілдер тұрақты жағдайға айналуда, осының нәтижесінде, соңғы үш жылда ӨМГ мұнай өндірудің жоспарын орындамай келеді. Осылайша, кәсіпорынның экономикасы жалақыны ары қарай ұлғайтуға мүмкіндік бермейді.
Жұмыстан босатылған ереуілшілерді жұмысқа қайта қабылдау жөніндегі кәсіподақ өкілдерінің ұсынысына жауап бере келіп, Асқар Балжанов былайша түсіндірді: заңға сәйкес, рұқсат етілмеген наразылық шарасына қатысқандар еңбек тәртібін бұзды, ал бұл – өз жұмыс орындарынан айырылуға апарып соқтырды. Бірақ, олар жұмысқа қайта қалпына келтіруге сот арқылы талап қоюға құқылы.
Сонымен қатар, ҚМГ БӨ «Өзенмұнайгаз» кәсіподағының және еңбек ұжымының өкілдері тарапынан ұсынылған, бітімгерлік комиссиясының жұмысына қатысу және келіссөздерді бастау ұсынысын қолдады. Сонымен бірге, еңбек дауы – заңмен қарастырылған рәсімдердің шеңберінде ғана қаралатындығын Асқар Балжанов ескерте кетті. Және де бұл – заңсыз наразылық шарасы толығымен тоқтатылып, «Өзенмұнайгаз» қызметкерлерінің барлығы тегіс өз жұмысын жалғастырғаннан соң ғана мүмкін болады.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшылығы да мәселені шешуге қатысуға дайын екендігін білдірді, алайда, ол – тек құқық аясында, заңнаманың талаптарын екі тараптың да орындауы шартымен жүзеге асырылуы тиіс. Бұл жөнінде кездесуге қатысып отырған ҚМГ ҰК барлау және өндіру жөніндегі басқарушы директоры, ҚМГ БӨ Директорлар кеңесінің төрағасы Алик Айдарбаев мәлімдеді. Кездесуді аяқтай отырып, ҚМГ БӨ тағы да кәсіподақ және еңбек ұжымы өкілдеріне мынадай өтініш айтты: қазіргі текетірес өздерінің отбасыларының және жалпы кәсіпорынның әл-ауқатына тек зиянын тигізіп жатқандығы жөнінде заңсыз наразылық шарасына қатысушылардың барлығына түсіндірілсін.
Кездесу екі сағаттан артық уақытқа созылды. Кәсіподақ өкілдері барлық сұрақтарға толыққанды жауап алды.
Зарина АМРАЕВА.