Елбасы Жолдауында балалардың ойдағыдай білім алуы, жасөспірімдердің дұрыс тәрбиеленуі жөнінде үнемі үзбей қамқорлық жасау керектігі айтылып келеді. Дегенмен, қазіргі күні кәмелетке толмағандар арасында жиі орын алып, көпшілікті алаңдатып отырған жайлар да жоқ емес. Соның бірі кеше Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен өткен Бас прокуратура алқасының кезекті мәжілісінде айтылды. Онда кәмелетке толмағандар арасында өзіне өзі қол жұмсаудың алдын алу және оларды болдырмау бағытында атқарылған жұмыстардың жай-күйі сараланды.
Адамның өз өзіне қол жұмсауы жақсылық емес. Ал жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсауы тіптен төзгісіз жағдай. Сондықтан бұл мәселенің алқа мәжілісінің күн тәртібіне шығарылуы оның аса маңыздылығында болып отыр. Өйткені, соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы өзіне өзі қол жұмсау белең алды. Бұған Бас прокуратура осыдан бірнеше жыл бұрын назар аударып, тексеру нәтижесінде алаңдаушылық тудыратын деректерді анықтаған болатын. Дегенмен, кейінгі жасалған талдаудың нәтижесі орын алған мәселенің осы уақытқа дейін өз шешімін таппағанын, тіпті оның одан әрі ушыға түскенін көрсетіп берді. Бұл неліктен?
Оның себебі кәмелетке толмағандар арасындағы өзіне өзі қол жұмсаудың алдын алуда уәкілетті органдардың атқарған жұмыстарының жеткіліксіздігі болып отыр. Өзіне өзі қол жұмсауға негізінен отбасындағы, мектептегі және достарының ортасындағы қарым-қатынастар себепші болуда. Ал өз еркімен өмірін қиған немесе оны жасауға талпынғандардың ақыл-ойын зерделеу бұл балалардың басым көпшілігінің психологиялық тұрғыдан дендерінің сау екендігін көрсетті. Демек, кінәлі тиісті мемлекеттік уәкілетті органдардың жауапты шенеуніктері болып отыр. Соған орай аталған алқада мәселенің күрделі сипат алғандығы ескеріле отырып, тексеру барысында анықталған заң бұзушылықтар және олардың туындауына әсер еткен себептер бойынша Үкіметке осы жағдайларға сәйкес ұсыныс енгізу жөнінде шешім қабылданды.
Мәселен, Ішкі істер министрлігіне кәмелетке толмағандармен жұмыс жөніндегі құрылымдық бөлімшелер жұмысының сапасын жандандыру үшін тиімді шараларды қабылдау, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстарды, сондай-ақ өзіне-өзі қол жұмсау жағдайларын тергеумен айналысатын арнайы ювеналды бөлімшелер құру тапсырылды. Ал Білім және ғылым министрлігіне білікті маман психологтарды тарту, оқушылардың мектептен тыс тәрбиесін жандандыру және олардың бос уақытын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету, оларға өмір шындығын нақты тұрғыда бағалау, теріс әсер ететін қысымдарға қарсы тұру қабілеттерін қалыптастыру міндеті жүктелді.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігіне жан күйзеліс жағдайында жүрген және өзіне-өзі қол жұмсауға бейім адамдарға көмек көрсететін мамандандырылған суицидологиялық қызметтер ашу мәселесін шешу ұсынылды. Кәмелетке толмағандарға қарсы күш қолданудың салдарынан дене жарақаттарын алғандығы жөнінде шағымдар түскен ретте дер кезінде құқық қорғау органдарын хабардар ету міндеті жүктелген заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды. Жасөспірімдер арасындағы өзіне өзі қол жұмсауды насихаттау интернет жүйесінде ашық жүргізілетінін, ал осындай сайттарға кіру деңгейі айтарлықтай жоғары екенін ескере отырып, алқа Байланыс және ақпарат министрлігіне мұндай интернет көздерінің қызметіне шектеу орнату және белгілі бір жас санатындағы балалардың енуіне рұқсат бермеу немесе қызмет көрсетудің ерекше тәртібін орнату мәселесін қарастыруды ұсынды.
Бұдан кейін Бас прокурор облыс прокурорларына мектеп оқушыларын бопсалау деректері бойынша қозғалған істерді зерттеу үшін тиісті шаралар қабылдауды, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың өзін өзі өлтіруге дейін жеткізуі бойынша қозғалған қылмыстық істердің тергелуіне тікелей бақылау жасауды жүктеді. Талқылаудың нәтижесінде алқа мәжілісі кәмелетке толмағандардың арасындағы өзіне-өзі қол жұмсауға бейім мінез-құлық профилактикасының жаңа әдістерін, кешенді алдын алу шараларын қабылдау, уәкілетті органдар мен жұртшылықтың арасындағы өзара іс-қимыл белсенділігін арттыруды қарастыратын балалардың арасындағы өзіне өзі қол жұмсаудың алдын алуға арналған мемлекеттік бағдарламаны дайындаудың және қабылдаудың қажеттілігін атап көрсетті.
Александр ТАСБОЛАТОВ.