21 Маусым, 2011

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің бұйрығы №02-02-18/74

438 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
2011 жылғы 29 сәуір, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт саласындағы балалар мен жасөспірімдер клубтарының қызметін ұйымдастыру ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы «Дене шынықтыру және спорт туралы» Занының 23-бабының 21) тармақшасына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған Дене шынықтыру және спорт саласындағы балалар мен жасөспірімдер клубтарының қызметін ұйымдастыру ережесі бекітілсін. 2. Спорт комитеті осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге ұсынсын және мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауды қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі М.Е. Омаровқа жүктелсін. 4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Министр    Т. ЕРМЕГИЯЕВ. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің 2011 жылғы 29 cәуірдегі  № 02-02-18/74 бұйрығымен  бекітілген Дене шынықтыру және спорт саласындағы балалар мен жасөспірімдер клубтарының қызметін ұйымдастырудың ережесі 1. Жалпы ережелер 1. Осы Дене шынықтыру және спорт сала­сын­дағы балалар мен жасөспірімдер клубтарының қызметін ұйымдастырудың ережесі (бұдан әрі – Ереже) «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және дене шынықтыру мен спорт сала­сын­дағы балалар мен жасөспірімдер клубтарының (бұдан әрі – клубтар) қызметін реттейді. 2. Клубтың басты мақсаты: 1) дене шынықтыру және спортпен шұғыл­дану арқылы саламатты өмір салтын қалып­тастыру; 2) тұлғаның шығармашылық әлеуетін ашу арқылы жан-жақты дамуы үшін жағдайлар жасау; 3) балалар мен жасөспірімдерді дене шы­нық­тыру және спортпен жүйелі шұғылдануға тарту; 4) олардың денсаулығы мен дене тәрбиесін нығайтуға бағытталған балалар мен жасөс­пірімдер арасында дене шынықтыру-сауықтыру және тәрбие жұмыстарын жүзеге асыру; 2. Клуб қызметін ұйымдастыру 3. Спорт түрлері бойынша секциялар (бұдан әрі – секциялар) клубтың құрылымдық бөлімшесі болып табылады, секцияларды ұйымдастыру клубтың педагогикалық кеңесі бекітетін оқу жоспарымен, жылдық күнтізбелік жоспармен және оқу кестесімен реттеледі. 4. Клубтың жұмыс уақыты ішкі тәртіп ережелерімен анықталады. 5. Секциялардың жұмысы жұмыс жоспары­на қарай толық күнтізбелік жылға ұйым­дастырылады. Жазғы демалыс кезінде секциялар арнайы кесте бойынша (соның ішінде оқушылардың жаңа және ауыспалы құрамымен) жұмыс істеуі мүмкін. 6. Секциялардың толықтығы төмендегідей талаптарды ескере отырып, нормаға сәйкес болуы қажет: 1) секциялардың сандық құрамы спорт түріне байланысты анықталады; 2) бір топтағы балалардың жас айырмашы­лығы үш жастан аспауы қажет; 3) топтың саны клубтың жарғысына сәйкес оқу-жаттығу үдерісін жүзеге асырудың шарттары­на байланысты анықталады. 7. Кестені жасаған кезде мектептегі, арнаулы орта және кәсіптік-техникалық оқу орындары оқушыларының бос уақыты мен жұмысбастылық көлемін ескеру қажет. 8. Секциялардың жұмысын ұйымдастыру нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің Реестрінде №2816 тіркелген, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт жөніндегі агенттігі төрағасының м.а. 2004 жылы 27 наурыздағы №06-2-2/97 бұйрығымен бекітілген Дене шынық­тыру, спорт жаттығулары мен бұқаралық спорт­тық іс-шараларды өткізу кезіндегі қауіпсіздік пен санитарлық-гигиеналық нормалар ережесінің та­лап­тарына сай болуы қажет. 9. Секциялардағы балалардың саны спорт түріне қарай 25 адамнан аспауы қажет. 3. Клубты басқару 10. Клубты басқару алқалық қағидаттары бойынша жүзеге асырылады. Алқалық басқарудың түрі клубтың педагогикалық кеңесі болып табылады. 11. Клубты тікелей басқаруды дене шынық­тыру және спорт саласындағы жергілікті атқару­шы органдар тағайындайтын директор жүзеге асырады. 12. Клубтың директоры дене шынықтыру және спорт саласындағы жергілікті атқарушы органның келісімі бойынша клубтың штаттық кестесін, клуб қызметкерлерінің қызметтік нұсқау­лық­тарын, оқу жіктемесінің көлемін бекітеді.   4. Оқу-жаттығу үдерісін ұйымдастыру 13. Оқу-жаттығу үдерісі балалардың жұ­мысқа қабілеттілігі, олардың даму динамикасы, оқу материалдарын игеру ерекшеліктері мен мүмкіндіктері және оқушыны одан әрі жетіл­дірудің келешек қағидаттары негізінде жүзеге асырылады. Оқу аптасы ішінде сабақтардың ұзақтығын (3-4 күн) дене шынықтыру және спорт саласындағы жергілікті атқарушы органның келісімі бойынша педагогикалық кеңес бекітеді және клубтың жарғысында тіркеледі. 14. Балалар мен жасөспірімдерді клубқа қабылдау ата-аналарының (заңды өкілдері, қам­қор­шылары, қорғаншылары) атынан клуб дирек­торының атына өтініш, оған қоса оқу орнынан анықтама, екі 3х4 сурет, денсаулығы туралы медициналық анықтама ұсыну арқылы жүзеге асырылады. Клубқа қабылдауға ұсынылған құжаттарды педагогикалық кеңес 3 күн ішінде қарайды. Көрсетілген құжаттар топтамасын толық ұсынбау клубқа қабылдаудан бас тартуға негіздеме болып табылады. 15. Клубтан шығару ата-аналарының (заңды өкілдері қамқоршылары, қорғаншылары), өтініш­тері негізінде сондай-ақ бала сабаққа дәлелсіз себептермен 1 айдан көп уақыт қатыспаса, педаго­гикалық кеңестің шешімімен жүзеге асырылады. 16. Оқу-жаттығу үдерісі жеке немесе ба­ланың жасы мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, жинақталатын топта (шағын топ) ұйым­дастырылады. 5. Оқу-жаттығу үдерісінің қатысушылары 17. Балалар, жасөспірімдер және олардың ата-аналары (заңды өкілдері, қамқоршылары, қор­ған­шылары), клубтың педагогикалық, медици­налық қызметкерлері болып табылады. 18. Клубтағы нұсқаушы-әдіскер мен жат­тықтырушы-оқытушының лауазымдық бірліктері спорт түрлері бойынша секциялардың санына байланысты анықталады. Қызметті ұстау мен оның негізгі бағытына қарай клубта педагог-психолог, медбике-массаж­шы, емдік дене шынықтыру мамандары, әлеумет­тік педагог қызметтерінің лауазымдары қарастырылады. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әді­лет министрлігінде 2011 жылғы 20 мамыр­да Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тір­кеудің тізіліміне №6970 болып енгізілді.