Саяси қуғын-сүргіннің сыздауығы жарылып бітіп, жарасының орны жазылған да болар дейтін уақыт емшінің дәмесінен жүрек қанша медет күткенімен, талмаусыраған күйінен әлі айығар емес. Тіпті де сейілмейтіндей қара бұлтының жаңбыр емес, қан себезгілеп тұрғанынан көңіл біткен шерменде. Сабасына түспей сарсылатындай, қалыбына келмей зар-налаға булығып, мұң бүркетіндей. Жә, осының бәрін – бір тағдырға теліп түйіндей салуға да болар еді... Амал не, түйінін шешпей дем тұтықтыра берер тарпаң тағдырдың жалынында жазықсыз қақталған қаншама өмір иесі қауқарсыз жұтылып кетті-ау! Сол еске түскенде қуғын-сүргіннің тас шеңгеліне мытырылған әке мен ананың бейкүнәлігі былай ысырылып, олардың бауырынан өрген балаларының күнәсіздігін – отанға деген қаскүнемдікке қасақана балаған, сөйтіп, тұтастай шаңырақтың үрім-бұтағына зауал төнген қаралы кезең, шындық алдында ұяттан әлі күнге бетін басып жүргенінің куәсіміз ғой!
Сондай атадан – бала, анадан – қыз ажырап қалған нәумет жылдардың бір қайғылы оқиғасына тоқталғалы отырмыз. Ол – әдебиетіміздің асқақ та жарқын тұлғасы, жазықсыз жаладан нақақтан атылып кеткен классик жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың тұла бойы тұңғышы Бектұрдың азапты өмірінің азатталғанда да қайғыдан қабырғасы сөгіліп, сүреңсіз тірлік кешкенінен тарқатылған кіреукелі кірбің-күйзеліс баяны еді...
Әкесі Жүсіпбек Аймауытов 1929 жылы 10 сәуірде Қызылордада «халық жауы» жаласымен ұсталғанда, Бектұр он үш жаста ғана болатын. Жазушының бірінші әйелі Вера Волковадан, анасы Виктор атап кеткен осы Бектұр мен өзінен төрт жас кіші Евгений (Жанақ) туған екен. Ал екінші зайыбынан Муза есімді қыз өмірге келген. Мәскеуде 1930 жылдың жазында бір оқтық боп сұлаған Жүсіпбектің соңында қалған осы балаларының тағдыры көпке дейін белгісіз болып, тірлігі қандай екендігі, оларды біліп-білмейтіндердің көңілін алаңдатып қойған-тын.
Жүрегі сыздап, сұрау салғандардың санатында алдымен Гүлнәр Міржақыпқызы болғанын айтуымыз абзал. Апай Бектұрдан бір жас қалқыңқы, екеуі Орынборда бір мектепте оқыған. Әкелері дос-жар болғасын ба, балалары да бір үйдің қозысындай тел өсті. Бектұрды Міржақып жазға салым Торғай, Қостанай өңірін қыдырыстағанда, Гүлнәрімен бірге ілестіріп ала жүретін. Балалықтың бал қаймағын қалқысқан сол Бектұрды енді Гүлнәр апай іздемегенде кім іздесін? Әрдайым жазған кітабы мен мақаласында, сөйлеген сөзінде Бектұр тағдырына алаңдаушылық білдіргенінен қалың жұрт хабардар.
Мына қызықты қараңыз, белгілі қазақ ақыны Мұзафар Әлімбаевқа бір жолы көршісі Таскира Бақыткерейқызы «Вечерняя Алма-Ата» газетінің 1990 жылғы 15 қаңтардағы санын ұстап, сүйіншілеп жүгіріп келеді. Ондағы Ж.Аймауытовтың өмір жолы туралы мақаланы оқығанда, есіне оның баласы Виктор түсе кетпей ме. Башқұртстаннан Шымкентке туған әпкесіне қонақтап жатып, еліне ораларда әкесі атылып кеткен осы жетімек Викторды Жүсіпбекпен көршілес болған отағасы қызына айтып, сырт жерге ертіп жібереді. Сөйтіп, Виктор Нижний Троицк қаласында әлгілермен бір жыл тұрады. Сол қаладағы ФЗУ-де оқып, мамандық алады. Қамқор болып жүргендер 1933 жылы басқа жерге қоныс аударып, одан көз жазып қалады. Таскираның Викторды еске алып айтқан осындай әңгімесінен кейін көмескі деректің үмітті көзі ашылғандай болыпты...
Бірте-бірте жылдар қыртысындағы қайғылы қатпар сыры ашыла бастағандай еді. Кемеров облысының Прокопьевск қаласынан Бектұр, Бішкек жақтан Жанақ, Ақтөбеден Муза табылып, алаш арысы Жүсіпбектің кіндігінен тараған балалары тағдыр айдауымен Алматыда бас қосып қалып жүрді. Әрқайсысының әрқалай тағдыры бауырларды жүнжітіп те, тізе бүктіріп, қайыра қайраттандырып та, әке намысымен шыңдап, шыңға өрмелетіп те, құздан құлдыратып та сынағына аяусыз алған екен. Не құқайдың да тезінен қанға біткен қамықпас мінездің берекетімен бебеулеп шыға біліпті-ау!
Бектұр басқа салғанын көрді, көнді де. Көнтерлі екен. 1937 жылы Қазан қаласында «халық жауының» баласы деп, он жылға сотталып кетті. Жаны сірі екен. Айдаудан аман шықты. Шахтада істеді, электр монтері болды. Кейін ол 1994 жылы 25 қарашада Татарстан республикасы прокуратурасының қаулысымен дәлелсіз қудаланған ретінде ақталды.
Бұл кезде Бектұрдың әкесі Жүсіпбектің ақталғанына да алты жылдың жүзі болып қалған еді. Санасына сергектік ұялай бастады. Жабылған жаладан жүзі жылып жылтырап, жүрегі қуанышқа еліккендей. Атылған әкесінің де, Сібірге айдалған өзінің де кінәсі болмай шықты. Сталиндік қуғын-сүргіннің жан түршігерлік айуандық саясаты әке мен баланы бір табада осылайша шыжғырыпты. Кеудесі бірте-бірте күйленген Бектұр ояна бастапты. Түсіне туған Баянауылы жиі кіретін болған. 1994 жылы ботадай боздап, кіндік қаны тамған жерге тартып отырсын. Құндағында мұрнына жұпар иісі сіңген, топырағына аунаған, балалығының кінәратсыз кезеңі шапқыланған қасиетті жеріне ықыласы ауып, темір жол вокзалына әлсін-әлі келе берген екен. Бірде қазақы қандасына жолығып, Жүсіпбек Аймауытовтың ұлы екендігін айтып, Алматыға ілесіп бірге жөнелмей ме. Әке-шешесін іздегендей болып, бауырларын көрмекке құмартып, ыссы аңсармен аңқасы кеуіп Алматыға алқына кеп тоқтапты. Жетісудың жаннатынан жаны жарылқаныпты. Алатауына ізетпен сәлем беріп иіліп, еңкіш тартқан бойын іле тіктеп ала қойыпты. Қала әкімі кемпірімен екеуіне бір бөлмелі пәтер берген екен, орыс кейуана елін аңсап, күңкілдеп, кемсеңдей берген соң Прокопьевскіге қайыра кетіп қалған екен. Ал Баянауылдағы кіндік қаны тамған жерге барып, ата-баба қорымына өзі дұға бағыштағаны, бәрі-бәрі жадында қалған.
Алматы іші гу-гу. Жүсіпбектің ұлы Бектұр қайыра кетіп қалыпты деген хабар желдей есіпті. Неге кетті екен? Туған жерінен жерінгені несі, бәтір-ау! Орыс қатынының азғырындысына ергені де. Жерсінуші ме еді ол. Біреудің жерін біреу қайтеді? Ұлтан болам деп келген Бектұрдың өзі қайқайып кетті емес пе. Масқара! Әке рухын сыйламағанын қарашы, дегендей реніш, өкпе, наз, тілек жамырап жайылған-тын. Тілін, ділін дарытқан құдіреті күшті жаратылыс аймағына демі таусылғанша адал бола алмағаны ма сонда? Жә, артық-кемісі болса, кешірер, әйтеуір Бектұрдың бір кем пішкені бары сезіледі де тұрады. Аңқасын орыс суы басып, Сібір ауасы кеңсірігін ашқан мүдделілік қойсын ба, еш қисынын келтірместен апай-топай дөңгеленте жөнелген апшысын қуырып.
Сонымен Бектұр сол жақта жүре тұрсын. Қазақтар бірақ оның тағдырына алаңдауын бір сәтке ысырып тастамаған еді. Жаны ашиды. Әкесі де, өзі де қара таңбадан арылды. Еліне келуін келіп қалып, бұл бұлталағына жол болсын деп, ашу-ыза шашудан да жасқанбайды кейбірі. Түсінікті-ау! Бірақ Бектұр осы жағын онша түсінбегенге ұқсайды. Әлде сыртты паналап, саяқсып кеткен дағдысынан арылу оған оңай тимеген де шығар. Сұрқай саясаттың шыбыртқысынан сау-тамтығы қалмаған жамау-жамау жүрегі, үргедек көңілі, үркек сезімі сетінеп, сенімін алдамшы әуенге жеңдіріп, байыз таптырмады ма екен. Бәрі болады. Өмір болған соң адам оның тағдыр таттырған дәмінен ұшынып кетпейді. Татады. Бойына сіңу-сіңбеуі басқа әңгіме.
Бектұрдың осылайша сыртта жүрген кезі ғой деймін, нақтырақ айтсам, 1999 жылдың шілде айының басында Қостанай облыстық газеті оқырмандарының Жүсіпбекұлының тағдырына алаңдаушылық білдіріп сұрау салған өтінішін қанағаттандыру мақсатымен Гүлнәр Міржақыпқызына хат жөнелттім. Ондағы ойым – апамыз Бектұрдың қазіргі халінен хабардар ма екен деген үмітті сұраққа жауап іздеу болатын. Апам да хат-хабарға қашаннан қағілез әдетімен шілденің 31-інде іле жаза қойыпты. Ал кеп ықыластана оқиын: «... Өзім, әзірше күнделікті күйбеңмен өмір сүрудемін. Қолымнан қалам түсер емес. Жарық көрмеген зиялы ағаларымызды еске алып, көрген-білгендерімді қағазға түсірудемін. Оның арасында журнал-газет қызметкерлері мазамды алуда. Сөйлесудің өзі екі сағаттан артық қымбат уақытымды алып шаршатады. Қалайда төтеп беру керек шығар, деп өзімді жұбатамын».
Хаттың арғы жағын жүгіртіп оқи алмай, шідерленген аттай шоқақтап, кібіртіктей бердім. Дауыстап оқып отыр едім, мақамым пәстеніп, ырғағымнан жаңылдым. Жүрегім аузыма тығылды. Бір оқып аяғына шықтым, екі оқып, үш оқып дегендей... Енді сабама түсіп, ойланып көрсем, Гүлнәр апам Бектұрға қатысты жаны егіліп айтқан осы сөздерін, ащы пікірге толы өмір шындығын көпке жария етудің қажеті жоқтығын қадау-қадау ескертіп өтіпті. Тұтастай орта бунағын аттап кетіп, апамның соңғы түйініне қайыра зер салдым. Онда: «... Қайсар! Бектұрды жазуыңның реті келмес. Менің естелігім де жетіп жатыр. Көңілімнің баяғыдай болып қалмағанына өкінемін. Сондықтан жылы жауып қойғаннан артығы жоқ. Жаным ауырады, аяймын, амал жоқ, қайтейін. Хатты кідірткенім соның әлегі».
Иә, апамның қос томдық естеліктер кітабында Бектұр туралы ішінара жазылған. Бірге өткізген балдәурен шақтың мөлтек сығындылары ғана. Қысқа қайырылған сол ләззатты кезеңнің одан да қысқа суреттері моншақтай тізілген еді. Балалықтан болашақтың өне бойын сомдай білу көрегендігі оңай емес шығар. Ол кезде жылдар өте Бектұрдың тағдыры қалай қалыптасатынын кім бал ашып білді дейсіз. Құлдыраңдаған кішкене Гүлнәр да алда нендей тауқымет күтіп тұрғанын сезбегені рас. Бірақ мына хаттан апамның сол титтей, бейкүнә жүрегінің Бектұр құрдасына деген нәзік лүпілінің, аппақ сезімінің жылдар құрсауымен қатуланып, сұстылана бастағанын сезіну өзгеге де ауыр салмақ саларын байқап отырмыз. Апамша айтқанда, Бектұр сол пәк, тап-таза, іңкәрлі күйінде көңіл төрінде қалуы тиіс еді. Бірақ қатыгез тағдырдың өксігі өкінтпей қоймайды екен-ау! Бектұрға не өкпе бар? Сынын берсе де сынаптай жұтылып кетпей, бүгіннің жалына жармасып жүргенінің өзі медет қой.
Не істесем екен? Амалым қайсы? Жауап хаттың әлгі апам тыйым салған тұстарын оқырманға жеткізгенім қалай болады? Онсыз да осы хат қолыма тигелі он екі жыл өте шығыпты. Апам тілегімен сол жазбаларды тұқыртып келіппін. Көңіліне келермін деп, тежелдім. Енді Бектұрға қатысты қоспасыз шындық айтылар тұста, көзі көрген қарияның жанашырлық тұрғыдағы шынайы пікірін іркіп қала берудің жөні болар ма екен? Мұны Гүлнәр апам да түсінуі тиіс. Ұрыспауы тиіс маған. Білемін ғой, апам ішіңдегіні сезе қояды. Менің қазір жүрексіне, толқи отырып өз хатынан үзіндіні жария еткеніме де кешіріммен қарауы тиіс. Сөйтеді. Түсінеді мені. Оқырман үшін жүрегін жұмсарта алады. Ендеше, не тұрыс бар? Тәуекел деп, газетке шығарып жіберейін: «... Сенің Бектұр туралы білгің келетіні түсінікті, ал соңғы жылдары, ол туралы сөз қозғаудың керегі шамалы. Біліп-түйгенім, байғұс ауру, ана інісі Жанақ (Евгений) секілді – қияли (шизофрения). Бұл қалада (Алматыда) жұрттың алдында бәрімізді ұятқа қалдырған толып жатқан қылықтарын несін жазайын. Өкініш, аяу, одан басқа ешнәрсе қалмады. Оны мүсіркеген жандарды, ол оңдырған жоқ, Қартқожа Тоғанбаевтың – Төлеші, т.б. (Қартқожа –Ж. Аймауытовтың басты кейіпкері. Қ.Ә.). Айтуға аузым бармайды. Қайран, Жүсіпбек ағам-ай, екі ұлының мүшкіл халін білмей кетті-ау! Бектұрға бір бөлмелі пәтер берген Алматының Весновка, 2 көшесінен, аз уақыт тұрып, маған айтпастан, баяғы Ресейіне тартып отырған. Ол пәтерін Римма деген қызын Қарағандыдан көшіріп, үш немересіне қалдырып кеткен. Бектұрдың Виктор деген ұлы бар, ол да Прокопьевскіде».
Гүлнәр апам жанын қуырып, көргенін жазыпты. Егіліпті. Аянышын, көрген-білгенін бүгіп қалғысы келген. Жалпақ жұртқа жария етпеуге бекінген. Жазғаны хатта ғана қалады деп, шыдамай сырын ашқан екен. Кешіріңіз, Гүлнәр апа, Сізде кінә жоқ, өмір шындығымен құнды болса керек деп, біз осындай қадамға бардық. Бектұрға да өкпе артпаймыз. Алға сырғытып айтсақ, ол жасы 82-ге келіп, күллі құсалы өмірінің өксігінен әлдеқашан қақалып, омақасып, демі тұншығып, ерте үзіліп кетпегеніне шүкіршілік етеміз! Тағдыр теперішіне қалай шыдағанына таңбыз! Әкесінің қанына тартқан да, тарланбозың! Бертінгі қажып-солған кейпін айтсақ, оның да еш сөкеттігі жоқтай. Шын бейнесін елестеттік. Бірақ дараланған дарақтың алыстан көрінетіні секілді, ол бейне сәл кедір-бұдырына қарамастан қайсымызға да қайыспайтын қара емендей боп, ыстық тартып тұра берер... Сонысымен қымбат, қимаймыз оны – асылдың тұяғы, Бектұр атаны!
Бектұр ақсақал екінші қайтара Алматыға 2006 жылы келіп, қоныстаныпты. Кемпірі кіндігі байланған жерде мәңгілік тұрағын тапқан. Сүйретпесі жоқ шалы сүйегін салдыратып еліне тартқан. Тағдыр таңдауы осы. Туған жер тартылысы осы! Келсе, баяғы бір бөлмелі пәтерін қалдырған қызы мен күйеу баласы үйді сатып, табандарын жалтыратып үлгерген. Жер сипап, далада қалды. Содан қаладағы «Ардагерлер» қарттар үйінде ғұмырының соңғы екі жылын өткізген Бектұр Жүсіпбекұлы тоқсан жасқа екі аттап, тұрмастай боп құлады...
Қайран, ғапыл дүние-ай! Қанша қимаса да жылт етіп, жалын сипатып үлгермей-ақ, жалт береді екен. Таусылмайтындай көрініп, сәтте талмауратып, аунатып кетеді екен. Бектұрдың күнін кейінгі ұрпақ көрмесінші! Асылдарымызды да, олардың ұрпақтарын да аңыратқан кер кезең енді қайтып келмесінші!
Қайсар ӘЛІМ.