Қазір облыста “Тәуелсіздік – мерейім” атты облыстық фестиваль жүріп жатыр. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған мереке әр аудан, қала бойынша облыс орталығындағы “Шәмші әлемі” гүлзарында өтеді.
Түлкібас ауданындағы Ақсу-Жабағылы қорығынан әкелінген дүниелер фестивальге келген қала жұртшылығын бейжай қалдырған жоқ. Шетелге шыққандар сол жақтың сұлу табиғатын айтуға сөз таппай аузының суы құрғап келеді. Олардың бізден айырмашылығы, табиғат байлығын күтіп ұстауға тырысатындығы ғана.
“Табиғат – талбесігің” деп айқайлап айтқанымызбен сөзіміз бен ісіміздің қабыспай жатқандығы болмаса шетелді мақтағыштар ондағы бар кереметті бір Ақсу-Жабағылы қорығының өзінен-ақ табар еді.
“Қолда барда алтынның қадірі жоқ” дегендей, табиғат байлықтарының бағасын білмейді деп күстәналайтын халқымыз соңғы жылдары жақсы жағына қарай өзгеріп келеді. Табиғат қорғау мекемелерінің өкілдері есігінің алдына тал отырғызып кетсе, “әй, анауың қуарып қалды ғой, суармайсыңдар ма?” деп делебе болғандай көзі ақиып телефонның құлағына жармасатындар мен көзінің астындағы көгерішті көрмей кететіндер бұл күндері шелекке жармасатын болды. Бұл – жақсылық. Соңғы жылдары облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей басшылығымен Шымкент қаласын жасыл аймаққа айналдыру іс-шарасы өз жалғасын тауып келе жатыр. Бүгінгі күнге қала айналасына 2564 гектар жерге 1400,0 мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылды.
Биыл облыс әкімі жасыл аймақтың көлемін арттыру мақсатында Сайрам, Ордабасы және Төлеби аудандарынан 6000 гектар, Шымкент қаласының айналасынан 1500 гектар жер телімдерін белгілеп, 7500 гектар жерге 2011-2013 жылдары көшет егуді жоспарлауда.
Осы жұмыстар іске асқан жағдайда қаланың экологиялық ахуалы жақсарып, көптеген күрмеулі мәселелер шешімін табар еді. Облыста табиғат байлықтарын қорғауда атқарылатын шаруалар көп. Біз жақында осы жұмыстарға жауапты облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Батырбек Көшербаевқа жолығып, біраз сауалдарымызға жауап алған едік.
* * *
ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҰЛҒАЙЫП КЕЛЕДІ
– Өңіріміз табиғат байлығына кенде емес. Осы құндылықтарымызды көздің қарашығындай қорғау алдымен әрбір адамзаттың парызы, –дейді Батырбек Көшербаев. – Ал, табиғаттың баға жетпес байлығы орман мен жануарлар әлемін қорғау, өсімін молайту, пайдалану саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша облыста бағдарламалар әзірлеп, оған басшылық ету басқарманың міндетіне жатады.
Өлкемізде орманды жерлер көп кездеспейтіндіктен, жұмыстарымыздың негізгі бағыты оларды сақтау мен молайтуға арналады. Біздегі орман қоры жерлері сексеуілді, тоғайлы, таулы және ормансыз аймақтар болып келеді. Оның көлемін ұлғайтып, қоршаған ортаның экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында жыл басынан бері 211 гектар орман қоры жеріне түрлі ағаш көшеттері отырғызылып, сексеуіл тұқымын себуге 3000 гектардан астам жер жыртылып, дайындалды.
Басқармамызға қарасты орман шаруашылығы мекемелерінде 120 гектар жер көлемінде 13 орман тұқымбағы ұйымдастырылған. Онда 30-дан астам ағаш түрлерінің көшеттерін өсіруді қолға алдық. Биылғы жылдың алты айының қорытындысымен орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбағында 1706,7 мың дана қарағай, арша, үйеңкі, шаған, терек, жиде, қарағаш, сексеуіл және тағы басқа да ағаш көшеттерінің түрлері өсіріліп жатқандығы есепке алынды.
Жануарлар дүниесін қорғау және молайту мақсатында Түркістан орман қорғау мекемесінде Бұқар бұғыларын көбейту жұмыстары қарқын алып, биыл бұғылардың өсімі 40 басқа жетті. Олардың табиғи көбеюіне жағдай жасау мақсатында 2169 га жер көлеміне Сырдария кешенді қаумалы құрылды.
Басқармаға қарасты 7 орман қорғау мекемесі бойынша орманшы- қорықшыларға арналған барлығы 26 қызметтік үй (кордон) болса, оның 19-ы 2010 жылы жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар, 9 кордонның құрылыс жұмыстары аяқталды.
2011 жылға мұнарасы мен су сақтайтын сыйымдылығы бар 7 кордонның құрылыс жұмыстарын жүргізуге ұсыныс берілді. Алдағы бес жылда кордондар санын 70-ке (бүгінгі күнге дейін типтік кордондар болмаған) жеткізу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде орманшы-қорықшылардың орман өрттерінің алдын алу, сұғанақтыққа қарсы күрес жұмыстарының тиімділігін арттырады.
Шымкент қаласы тұрғындарының өзекті мәселесіне айналған Қошқарата өзенінің бастауының тазалығы да өз шешімін тауып, Шымкент дендрологиялық саябағына өзеннің бастауындағы 14 га жер қосылып, жергілікті маңызы бар табиғи аумақ мәртебесі берілді.
ДЕНДРОСАЯБАҚ – ШЫМКЕНТТІҢ САФ АУАМЕН ТЫНЫСТАНДЫРАТЫН “ӨКПЕСІ”
«Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны ҚР Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің «Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының» «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынын құру туралы 2009 жылы 24 наурыздағы №83 қаулысымен құрылды.
Шымкент дендрологиялық саябағы – мемлекет тарапынан қорғауға алынған кіші аумақтардың бірі.
Шымкент дендрологиялық саябағын құрудың тарихы 1979 жылдан бастау алады. Сол жылдары қала маңындағы қоқыс тастайтын аумақта белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың басшылығымен дендросаябақ ұйымдастырылды. Дендросаябақтың жалпы жер көлемі 117,04 гектар.
Дендросаябақ экономикалық тұрақсыздық пен құлдырау кезеңдерін басынан өткізді. Қазіргі кезде 1000-нан аса отырғызылған ағаш-бұта түрлерінің 560 түрі өсуде. Кейбір түрлері жерсінбегендіктен, күтіп-баптаудың агротехникалық шараларын сақтамағандықтан және қараусыз қалғандықтан қурап қалған. Соның өзінде дендросаябақ қазіргі күнде орман ландшафтына айналды. Кейбір бөліктерінде ауа температурасы қалыпты жағдайда болып, ылғалдылығы жоғары дәрежеде және өзіне тән микроклиматтық жағдай пайда болды. Дендросаябақ қала тұрғындарына қажетті оттегіні бөлумен бірге, шаң-тозаңдарды, автомобильдердің шығынды газдарын және басқа да улы қалдықтарды өзіне жұту арқылы қаланың ауасын тазартып, оның «өкпесі» қызметін атқаруда.
Дендросаябақты құрудағы негізгі мақсат – Оңтүстік Қазақстан өңіріне отандық және дүниежүзілік дендрофлора түрлерін интродукциялау, оларды сақтау, кешенді түрде зерттеу және тиімді пайдалану жолдарын анықтау. Сондықтан жинақталған дендрофлора коллекциясы ағаш-бұта өсімдіктерінің тектік қоры, өсімдіктердің алуан түрлілігі және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін негізгі база есебінде сақталуды қажет етеді.
Оңтүстік Қазақстан өңіріне ағаш-бұта өсімдіктері интродукциялаудың тарихы өте аз, бірақ қала және ауылдардың өсуімен қатар әуесқойлық дәрежеде оның тарихы тереңге кетеді. Тұрғындар өз аулаларын көгалдандыру және табиғаттың қолайсыз жағдайларынан қорғану мақсатында әр түрлі ағаш түрлерін отырғызған. Бірақ ағаш-бұта түрлерін интродукциялау жоспарлы түрде жүргізілмеген. Ал дендрологиялық саябақ ағаш-бұта өсімдіктерін Оңтүстік Қазақстан өңіріне интродукциялауды жоспарлы түрде жүргізген алғашқы ғылыми мекеме болып есептеледі.
Дендросаябақты құру кезінде ағаш және бұталардың көшеттері, тұқымдары бұрынғы Кеңес Одағының әр түпкірінен әкелінген.
Ағаш және бұталардың жаңа түрлерін интродукциялау жұмыстары әлі де жалғасын табуда. Дендросаябақта бұрын-соңды болмаған көктерек, балқарағай, самырсын және магнолия ағаштарының көшеттері егілді. Қазіргі таңда саябақта 584 түрлі өсімдік өсірілуде. Дендросаябақтың коллекциялық дендрофлорасының сақталуын және гендік қорын жаңа интродуцент өсімдіктермен молайту үшін 24 түрлі ағаштардың 560 дана көшеттері отырғызылды. Отырғызылған көшеттерді күтіп-баптау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
2009 жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында абаттандыру, жөндеу және су жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, су және электр жүйелерімен қоса саябақ ішіндегі ішкі жолдар, атпен және велосипедпен серуендеу жолдары қалпына келтірілді, кіреберістегі арка жөндеуден өтті. Сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру аясында қосымша абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
2010 жылға абаттандыру жұмыстары әрі қарай жалғастырылып, отау құрып жатқан жастардың сүйікті жеріне айналған «Жас жұбайлар» аллеясы мен көл қалпына келтіріліп, жағалауын абаттандыру жұмыстары орындалды.
Саябақты толығымен қоршау жұмыстары, қызметтік үйлерді жөндеу, әкімшілік ғимарат пен вольер салынып, оған ұсақ аңдарды (тиін, тауыс құсы, елік, бұғы), ал көлге құстарды (аққу, қаз, үйрек, балықтардың түрлерін) жіберу ұйымдастырылды.
Осы жұмыстардың арқасында Шымкент дендрологиялық саябағы қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналды.
ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ – БӘРІМІЗДІҢ ПАРЫЗЫМЫЗ
Табиғат қорғау іс-шараларын орындау үшін облыстық бюджетке қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемдердің 70-80 пайыз мөлшерде түскен қаржы төлемінен шығуымен анықталады. Алайда, 2009 жылға 234,6 млн. теңге, 2010 жылға 172,2 млн. теңге және 2011 жылға 270,3 млн.теңге қаржы бөлінді. Бұл көрсеткіш тек 45-50 пайызды ғана құрап отыр.
Облыстық бюджеттен бөлінген қаржылар қоршаған ортаны қорғау іс-шараларына жұмсалады, атап айтсақ: Қатты тұрмыстық қалдықтардың жинақталуы салдарынан қоршаған ортаға антропогендік ауырпалықтың үдей түсуі қазіргі уақыттағы экологиялық проблемалардың бірі болып табылады. Ауыл, аудандарда бейберекет қоқыс үйінділері түзіліп, қоршаған ортаны ластауда. Сол себептен санитарлық-экологиялық нормаларға сәйкес келетін аудан орталықтарында тұрмыстық қалдықтар жинақтайтын орындар қажет.
Қатты тұрмыстық қалдықтардың үйінділері санитарлық жағдайы жағынан экологиялық қауіпті болып қана қоймай, қоқыс үймелері метан, тұншықтырғыш газ және басқа да өрт қауіпті қоспаларды бөліп шығарады. Яғни, жақын маңайда орналасқан тұрғын үйлер аудандарының санитарлық-экологиялық, микроклиматтық жағдайлары нашарлап, едәуір қашықтықта атмосфералық ауа да ластанады. Осы экологиялық апаттарды болдырмау мақсатында полигондар құрылысы мен оларды көркейту, зиянды қалдықтарды жою, полигондардың құрылысы есебінен қатты тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтардың жинақталу көлемін азайту, сондай-ақ олардың салдарларын жою жөнінде іс-шаралар қарастырылу қажет.
Осыған орай, басқарманың қоршаған ортаны қорғау іс-шарасы аясында аудан орталықтарында, атап айтсақ Ленгір, Сарыағаш, Түркістан, Арыс қалалары мен Бәйдібек, Мақтаарал, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Созақ, Шардара аудандарының орталықтарында, сонымен қатар ағымдағы жылдан бастап, ірі елді мекендерде де орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын орындарды қалпына келтіру жұмыстары орындалуда.
Қоршаған ортаны қорғау іс-шарасының тағы бір бағыты бойынша бұл – экологиялық білім беру мен насихаттау іс-шарасы. Мұнда табиғат құндылығын жан-жақты жете түсінуіне қажетті білім, көзқарас пен наным жүйесін қалыптастыру мақсатында түрлі акциялар, форумдар, семинар мен тренингтер, экофестивальдер, конкурстар өткізу арқылы өскелең ұрпақтың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын үйрету. Өскелең жас ұрпаққа экологиялық проблемаларды оқып үйрету ғана емес оны жүзеге асыру, жас бүлдіршіндердің табиғатты қорғауға ұлтжандылық деген қасиетін оятуымыз қажет. Сонда ғана табиғат байлықтарын болашақ ұрпақтарымызға сол қалпында жеткізе аламыз. Сонымен қатар халық арасында экологиялық білім мен тәрбиені насихаттау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары, яғни облыс телеарналары мен газет беттерінде қоршаған ортаны ластамаудан және табиғатты аялап баптауға мақалалар мен бейне көрсетілімдер жарияланып отырады.
Мысалы, былтырғы жылы басқарма облыстық экологиялық білім беру орталығымен бірлесіп «Экология және балалар» атты оқушылардың зерттеу жұмыстары мен жобалар конкурсын, «Саябақтар шеруі» атты екі айлық экологиялық акция аясында ұйымдастырылатын «Өмір тамшысы», «Бұлттарға айтыңдаршы, құстар» оқушылардың облыстық шығарма сайыстарын және «Экология және балалар» атты облыстық ғылыми-зерттеу жобалары мен «Қызғалдақтың отаны – Қазақстан 2010» республикалық конкурстарын өткізді. Сонымен қатар, іс-шара аясында 2011 жылы 5 маусым күні Шымкент мемлекеттік дендросаябағында 5 маусым – Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күніне арналып мерекелік шеру өткізілді. Сондай-ақ облыс көлемінде тұрғылықты жерін ластамау, күл-қоқыс шашпау және тағы сол сияқты экологиялық мәселелерге жауапкершілікпен қарайтын сенбіліктер өз жалғасын табуда.
Өкінішке орай республика бойынша жүргізілген мониторинг қорытындысына сәйкес, Шымкент қаласы экологиялық ахуалы бойынша төменгі жағынан санағанда 3-4 орында тұр. Қаладағы атмосфералық ауаның ең ірі ластаушылары автокөліктер саны болып табылады. Техникалық ахуалының нашарлығы салдарынан автокөліктен шығарындылар қорғасын мен формальдегидтің шоғырлануы рұқсат етілген шегінен асып кетуіне әкеп соғады. Жылжымалы көздерден ластаушы заттардың мөлшерін азайту мақсатында мемлекеттік мекемелердің меншігіндегі автокөліктерге катализатор қондырғыларын орнату арқылы атмосфералық ауаны ластаушы заттардың мөлшерін азайту арқылы қол жеткізуге болады.
Сонымен қатар, адам денсаулығы үшін, әсіресе бірінші кезекте жас балалар үшін елеулі қауіптілігі бар Шымкент қаласы топырағының қорғасынмен ластануы. Көп жылдар бойы қорғасын зауытының жұмыс істеу салдарынан ауа мен топырақ біршама ластанған. Қорғасын және оның қоспалары қоршаған ортада ең қауіпті қоспалар болып табылады. Осыған орай, қоршаған ортаны қорғау іс-шарасы аясында Шымкент қаласындағы қорғасынмен ластанған топырақ жамылғысын тазалау жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Әзірленген құжаттамада қорғасынмен ластанған топырақ жамылғысын тазалау шаралары қарастырылады.
Су – тіршіліктің өзегі. Облыстың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында аудан, қалаларда су шаруашылығы бойынша толымды жұмыстар жасалып жатыр. Осыны жүлгелеген облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Батырбек Көшербаев: “Облыс көлемінде шешілуге тиісті күрделенген экологиялық проблемалар өте көп, оны аз уақытта және бірден шешу мүмкін еместігі белгілі. Сондықтан басқарма облыс экологиясын сауықтыру жолындағы жұмысын алдағы уақытта да, талап дәрежесінде жүргізе береді” дейді.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.